Текелінің пірәндіктерін Жетісу өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Бүгінгі таңда моноқаладағы кәсіпорында тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сан түрлі пірәндік өндіріледі. Соның ішінде шоколад жағылған «Умка» пірәндігінің қалай дайындалатыны 10 жылдан астам уақыттан бері тәтті пісірумен айналысып келе жатқан «Баделхан» ЖК-ның тәжірибелі шеберлеріне ғана таныс.
Кәсіпорын директоры Талғат Төңкерісұлының айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын шағын цех ретінде ашылған кәсіпорын бірте-бірте іргесін кеңейтіп, бүгінде айтулы өндіріс орнына айналған.
Ең алғаш 2004 жылы достарымен бірге істі қалай бастағанын еске алған директор: «Бастапқыда бұл істі нәпақа табудың бір жолы деп қана қолға алған едік. Ешқандай ғимаратымыз, арнайы құрал-жабдықтарымыз болған жоқ. Тек шағын бір орын тауып орнықтық. Бірақ бірте-бірте тәтті пісіруге бар ынтамызбен кірістік. Текелінің атын шығаратын сапалы өнім жасасақ деп талпындық. Тынымсыз еңбектенудің арқасында арманымыз орындалды. 2010 жылдан бері өнімімізді «Алақай» брендімен шығарып келеміз. Біздің пірәндіктеріміз Текелі, Талдықорған қалалары мен облыс аумағында ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында да өтімді. Он жылдан астам уақыт осы өңірлерге өнімімізді жеткізіп отырмыз», - деді Т.Төңкерісұлы.
Кәсіпорында өндіріс шебері Людмила Стебеневаның еңбек етіп жүргеніне жеті жылдан асқан. Кәсіби маман пірәндік пісірудің өндірістік жолға қойылғанын, мұндағы процестер 30% автоматтандырылғанын айтты. Мәселен, қамырды бөліктерге бөліп, пірәндікті домалақ формаға келтіру ісін арнайы құрылғылар атқарады. Тек сопақша, жұмырлау келген «Қазақстан» пірәндіктері ғана қолдан дайындалып пісіріледі.
Кәсіпорын директорының айтуынша, 2018 жылы жеке қаражатына арнайы жабдықтар сатып алған. Компьютерлік бағдарламаның көмегімен онда әр 12 минут сайын 70 кг қамыр қажетті формаларда бөліктерге бөлініп, пісіруге жіберіледі. Қолданыстағы құрылғының көмегімен пірәндіктің жаңа түрлерін де жасауға болады, яғни өндірісті автоматтандыру ауқымын ұлғайтуға болады. «Ол үшін бізге мықты, тәжірибелі технолог керек. Ең бастысы өндіріс процесін автоматтандыру деңгейін ұлғайту барысында қызметкерлер саны қысқармайды. Білікті мамандардың көпшілігі ондаған жыл бізбен бірге жұмыс істеп келеді. Сондықтан оларды кәсіпорынның ішінде басқа жұмысқа ауыстырып, жұмыс орындарын сақтап қаламыз. Автоматтандыру ісін биыл бастаймыз деп отырмыз», - дейді Т.Төңкерісұлы.
Бүгінгі күні өндірісте 58 адам еңбек етеді. Олардың жалақыларының көлемі 90 мың мен 120 мың теңгенің аралығында. Тіпті індет өршіп тұрған кезде де кәсіпорын тоқтаған жоқ. Қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін кәсіпорын басшылығы оларды фабриканың көлігімен тасымалдауды ұйымдастырған.
Текелі кондитерлік фабрикасында бір тәулікте 1-ден 1,5 тоннаға дейін пірәндік пісіріледі, өнім көлемі тапсырысқа байланысты айқындалады. Қажеттілігіне қарай сыйлық сувенирі ретіндегі пірәндіктер де пісіріледі.
Фабрикада тәтті пірәндіктің қойытылған сүтті, шоколадты, бананмен, таңқураймен, лимонмен, құлпынаймен, қойбүлдіргенмен - жалпы 13 түрі шығарылады. Тәттінің түрлерін сан қилы ету қамырдың құрамы мен жақпасына байланысты. Осының ішінде тұтынушылар арасында ең көп сұранысқа ие – «Умка» пірәндіктері. Ол ақ және қара шоколадпен, кейде жержаңғақ қосып пісіріледі. Пірәндіктің дәл осы түрін Текелінің бренді деуге болады. Цехқа бөгде адамның кіруіне рұқсат етілмейді. Мұнда ондаған жылдан бері пірәндік пісіру шеберлері ерекше рецепті көздің қарашығындай қорғап, барынша құпия сақтап келеді.
- Иә, шикізаттың қымбаттағанына байланысты өнімдеріміздің құны өскені рас. Біз отандық өнімдерді, яғни өзімізде шығатын ұн, май, қант, сүтті қолданамыз. Өткен көктемде еліміздегі көптеген кондитерлермен қатар қант тапшылығы проблемасымен біз де бетпе-бет келдік. Бірақ жергілікті әкімдіктің қолдауының арқасында Алматыдан қант жеткізілді. Биылғы жылы қантқа қатысты мұндай дүрбелең болмайды деп үміттенеміз, - деп Талғат Төңкерісұлы өз ойын білдірді.
Айта кетейік, облыстық тұрақтандыру қорына жетісулықтар үшін жалпы сомасы 920 млн. теңгеге Көксу қант зауытында өндірілген 2190 тонна қант сатып алынды. Қант тапшылығы туындаған немесе баға өскен жағдайда қант сатылымға шығарылып, қант жетіспеушілігінің алдын алуға ықпал ететін шара болмақ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.