Бүгін Талдықорғанда Жетісу облыс әкімінің жүлдесіне өткізілген журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тілшілер қауымына марапатты облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады. Іс-шара «Қоғамда зияткерлік журналистиканың қалыптасуы» атты өңірлік медиафорумының пленарлық сессиясы аясында өтті, - деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев құттықтау сөзінде БАҚ өкілдерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, кәсіби журналистиканың қоғамдағы орны ерекше екенін тілге тиек етті. Сол сияқты тележурналистер Нұртілеу Иманғалиұлының және Бейсен Құранбектің есімін есте қалдыру бағытындағы шараларға да тоқталды.
- Журналист болу үшін кәсіби біліктілік қана емес, батылдық пен табандылық та қажет. Өзгеге жанашырлық танытып, елдік істерге жауапкершілікпен қарайтын, жұрт жұмысына жегіліп, көптің кем-кетігін түгендеуге атсалысатын, қоғамдағы түйткілдерге парасат биігінен көз салатын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті қоғам құрметтейді, сөзіне құлақ асады, пікірін қостап ой қосады. Нұртілеу ағамыз бен Бейсен бауырымыз дәл осындай көкірегі ояу, ұлттық, елдік
мақсат-мұраттарды ту етіп ұстаған асыл азаматтар еді. Олардың мәңгілік өмірі басталды деп ойлаймын. Бүгінгі байқау журналистерді ынталандырудың бір тәсілі ғана емес, сонымен қатар өзара байланыс, тәжірибе алмасу, әріптестік сабақтастықты одан әрі нығайтып, алдағы уақыттағы арман-мақсаттарыңызға тың серпін беретініне сенімім мол. Ақпарат саласындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз ұшқыр, мәртебелеріңіз биік болсын! – деді Б.Исабаев.
Мәселен, «Үздік телеарна материалы» номинациясында «Жетісу» телеарнасының журналисі Еркебұлан Жақыбай, «Үздік баспа материалы» аталымында «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Жанар Мықтыбаева озық шықты. «Үздік электрондық БАҚ материалы» номинациясы бойынша «Egemen Qazaqstan» тілшісі Мұхтар Күмісбек, «Үздік әлеуметтік желі материалы» номинациясында «Jetіsу» газетінің тілшісі Күлжиған Тұрсынова жеңімпаз атанды. Үздік оператор және кинорежиссер ретінде Ерлан Ошақпаев, ал үздік фототүсірілім жасаған «Jetіsу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков деп танылды.
Өңірлік журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Жазушылар Одағы өңірлік филиалының төрағасы, ардагер журналист Әміре Әрін марапатталды. Ал Бейсен Құранбек атындағы сыйлық – «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясы «Жетісу» телеарнасының журналисі Аяулым Мадикановаға бұйырды. Осы ретте атап өтсек, бүгін Талдықорған қаласында белгілі тележурналист Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі беріліп, естелік тақта ашылған болатын.
Әр жеңімпазға 500 мың теңге сомасына ақша сертификаты мен диплом берілді.
Журналист Данияр Сейсенбаев модераторлық еткен медиа-форумның панельдік сессиясында спикерлер заманауи журналистиканы дамытудың өзекті тақырыптары жөнінде сөйледі.
Айта кетейік, БАҚ өкілдеріне, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің қызметкерлеріне арналған тренингтер өткізілген өңірлік медиа-форум Журналистер үйі мен Жастарға қызмет көрсету орталығының алаңында екі күнге созылды. Белгілі журналистер, баспасөз қызметінің қызметкерлері, журналистика ардагерлері, депутаттар спикер ретінде сөз алды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.