Облыс әкімі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық қорлардың өкілдерімен және өңірдің еріктілерімен кездесті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында азаматтық сектор өкілдері іске асырылып жатқан жобалары, алдағы жоспарлары туралы айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде Бейбіт Исабаев үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық сектордың қалыптасуы мен нығаюына, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, серіктестікке дайын екенін білдірді.

- Үкіметтік емес ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істей отырып, қоғамдық өмірге, демократиялық қағидаттар мен құндылықтарды ілгерілетуге белсенді қатысып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесіп келеді. Сіздердің еңбектеріңіздің, бірліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында халықтың үкіметтік емес секторға деген сенімі күннен күнге артып келеді. Біз өз тарапымыздан өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында ҮЕҰ-ны қолдауға бағытталған тиісті шараларды қабылдап жатырмыз, - деп атап өтті Б.Исабаев.

«Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Роза Ақжаркенова кәсіпкерлік нысандары мен қызмет көрсету саласының қолжетімділік деңгейін арттыруға, сондай-ақ Талдықорған мен облыс аудандарында әлеуметтік дүкендер ашу қажеттілігіне назар аударды.

- Талдықорғанда бірнеше әлеуметтік дүкен бар, бірақ олар жартылай жертөлелерде орналасқан. Яғни қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қол жетімді емес, сонымен қатар олардың бағасы әдеттегіден жоғары. Біз бизнес нысандарын тексерудің барлық түрлеріне мораторий бар екенін түсінеміз, бірақ бұл мәселе назар аударуды қажет етеді, - деді ол.

Бейбіт Исабаев тиісті мекемелерге «Жетісу» ӘКК арқылы әлеуметтік дүкендер желісін құру мүмкіндігін ойластыруды тапсырды, сондай-ақ кедергісіз кеңістікті ұйымдастыру талаптары объектілерді жобалау кезінде ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Ал нысандарды бейімдеу – әрбір кәсіпкердің азаматтық борышы, инклюзивті кеңістік құруға әр кәсіпкер жеке үлес қосуы тиіс. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы мәселесі тұрақты бақылауда болуы керек.

«Мүгедектердің спорттық оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ердос Баялышбаев қуанышты жаңалығын жеткізді. Ол жақын арада екінші оңалту орталығын ашпақ.

- Ұсақ-түйек жұмыстары қалды. Шамамен 20-25 желтоқсанда нысан іске қосуға дайын болады. «Даму» желісі бойынша бірнеше кредит алдым, Жапония елшілігі арқылы 26 млн. теңге сомасына әлеуметтік грант ұтып алдым. Оңалту орталығына апаратын 450 метр жолды асфальттауға және нысанды газдандыруға көмектесуіңізді сұраймын. Магистральдық желілер бар, - деді жас кәсіпкер.

Облыс әкімі айтылған мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін, тиісті мекемелерге тапсырмалар берілетінін айтты.

Сонымен қатар жиында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және т.б. өзекті мәселелер қозғалды.

Кездесу соңында Бейбіт Исабаев:

- Ашықтық, әділдік және заңдылық – жаңа, әділ Қазақстанды қалыптастырудың негізгі қағидаттары. Осыған байланысты Сіздердің қолдауларыңыз, объективті сындарыңыз біз үшін маңызды. Соның арқасында күш-жігерімізді біріктіріп халықтың өзекті проблемаларын шеше аламыз. Сіздермен кездесуді тұрақты өткізіп тұруымыз керек. Күрделі мәселелерді бірге талқыласақ, оларды шешудің тиімді жолдарын да бірге табамыз, - деді.

Жалпы Жетісу облысында 559 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 320-сы әртүрлі бағытта өз қызметтерін белсенді атқарып келеді.  Азаматтық секторды қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 100 млн.теңге қаражат бөлінген, келесі жылға бұл сомма үш есеге ұлғаятын болады. Қазіргі уақытта 40-тан аса әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастар саясаты мен балалардың бастамаларын қолдау, діни экстремизм мен терроризмнің, радикалды сипаттағы діни ағымдардың салдарын түсіндіру, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу сияқты әлеуметтік маңызы зор бағыттарда жұмыс жүргізіліп келеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.