Бүгін Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театры өзінің 47-ші маусымын Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясымен ашты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Театр қойылымының премьерасына арнайы барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев спектакльден соң мәдениет ошағының шығармашылық ұжымымен тілдесті.
- Облыс орталығында осындай академиялық аурасы бар, классикалық үлгіде салынған керемет ғимараттың болуы қуантады. Халыққа рухани қызмет жасайтын Мәдениет сарайы да бар. Енді осыған ішкі мазмұнымыз да сай болуы керек. Бүгін Мұхтар Әуезовтің классикалық туындысын әсерлі қойдыңыздар. Музыкамен көркемдеудің, техникалық мүмкіндіктердің шебер қолданылғаны байқалып тұр. Классикалық шығарма қай дәуірде де жаңғырып тұратын өлмейтін туынды. Дегенмен қазіргі заманның тынысын тап басатын, адамның ішкі қалтарыстарындағы өзгерістерді, жаңғыруларды ашатындай дүниелерді де жарыққа шығару керек. Сіздер ізденіспен жаңа сценарилер жазып, ұсынсаңыздар, мен әрдайым қолдаймын, - деді Бейбіт Исабаев.
Кездесу барысында Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Ыдырышева және басқа да әртістер театр өнерін өркендету бағытында пікір бөлісті.
Атап өтсек, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясын қойған режиссер – Фархат Молдағали, қоюшы суретшісі – Қарлығаш Шалабаева.