
Бүгін Талдықорғандағы Тіл сарайында «Amanat» партиясының Жетісу облыстық филиалының кезектен тыс ІІ конференциясы өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Жиында партияның жаңа Саяси тұғырнамасы талқыланып, партияның кезектен тыс XXIV съезіне делегаттар сайлау мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған басты міндеттерге тоқтала отырып:
- Осы мақсат-міндеттерді іске асыруда «Amanat» партиясының мүшелеріне, яғни бізге көп жауапкершілік жүктеледі. Партияның облыстық, қалалық, аудандық филиалдары жұмысын санға емес, сапаға, нақты істерге бағыттауы тиіс. Партияның диалог алаңдарында өңірлердегі өзекті мәселелерді, жүйелі сипат алған кемшіліктерді ашық талқылап, оң шешімін табуына ықпал ету керек, - деп атап өтті. Елімізде қолға алынған түбегейлі реформаларды береке-бірлікпен жемісті іске асыруға шақырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Басқосуда «Amanat» партиясы Жетісу облыстық филиалының атқарушы хатшысы Арыстанғали Арын, облыстық мәслихаттың хатшысы Гүлнар Тойлыбаева, «Құлагер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дамир Дигай, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков жаңа Саяси тұғырнаманың жобасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Атап өтсек, тұғырнама «Біздің басты байлығымыз - адам», «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі», «Мемлекет және біз» деген үш үлкен тараудан тұрады. Бұл құжаттағы партияның ұстанымдары азаматтары дәулетті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақстанды құру төңірегінде өрбіген.
Осы жиында партияның кезектен тыс ХХIV съезіне баратын 35 депутаттың тізімі дауысқа салу арқылы бірауыздан бекітілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.