Текеліде қала күніне орай Жастар орталығы ашылды

Текеліде қала күніне орай Жастар орталығы ашылды

 

Бүгін Жетісу облысындағы Текеліде қала күні мерекесіне орай Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Әлеуметтік мәні зор нысан текелілік 5,5 мың жастың басын қосатын орынына айналмақ, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Алмас Әділ өз сөзінде заманауи жастар орталығын сапалы салып берген «Дәулет-Серпін-603» мердігер ұйымына ризашылығын білдіріп, жастарды қуаныштарымен құттықтады.

Жаңа ғимараттың құрылысы өткен жылдың тамызынан басталды. Жалпы сомасы – 382,2 млн. теңгеден асады. Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының типінде салынған екі қабатты ғимаратта 20 адамдық мәжіліс залы, интернет-клуб, 18 орынға арналған коворкинг орталығы, шахмат клубы, 12 адамға арналған, барлық қажеттіліктермен қамтылған тренажер залы, киім ілетін орын, душ кабиналары, психологиялық көмек орталығы, компьютерлік курстар мен робототехника сабақтарын ұйымдастыруға арналған кабинет, шағын кафетерий, тиісті оргтехника мен жиһаздар қойылған кеңсе бөлмелері бар. Құрылыс аумағы - 670,5 м2. Орталық бір мезгілде 68 адамды қабылдай алады. Мұнда 10 адам жұмыс істейді.

Атап өтсек, Текелі қаласында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны - 5452 адам. 2022 жылдың басынан жастардың қатысуымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет, шығармашылықты дамыту, діни сауаттылықты арттыру, патриоттық тәрбие сияқты түрлі бағытта 80-дей іс-шара өткізілген. Сол сияқты «Бизнестің жол картасы», «Дипломмен - ауылға» бағдарламаларын түсіндіру де назардан тыс қалмаған. Жыл басынан бері Текеліде 125 жас жұмысқа орналастырылды. Осы ретте қала мектептерінде 41 жас мұғалім еңбек етсе, соның 19-ы биыл жұмысқа қабылданған.

 Еске салсақ, биыл Текелі қаласының құрылғанына 70 жыл толып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.