Жетісудан қостанайлықтарға гуманитарлық көмек жөнелтілді

Жетісудан қостанайлықтарға гуманитарлық көмек жөнелтілді

Жетісуда өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр. «AMANAT» партиясының мүшелері, волонтёрлар, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар 2,5 тонна түрлі азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар, сол сияқты 10 тонна ұант пен 15 тонна ұн жинады. Бірыңғай арнайы есепшотқа 1,4 млн. теңге аударылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Гуманитарлық көмек жинау Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында, сол сондай-ақ аудандық, қалалық филиалдар базасында ұйымдастырылған. 

-Дәл осындай уақытта біз бірлігімізді көрсетуіміз керек, өйткені бұл бөтеннің қайғысы, басқаның қиындығы емес, бәріміздің басымызға түскен қиын жағдай. Осындай қиын-қыстау кездерде қостанайлықтарды қолдаймыз, – деді «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының басшысы Еркебұлан Ақболатов.

Көмек жинау пунктіне алғашқылардың бірі болып жылы киім, азыұ-түлік әкелген талдықорғандық Венера Исаева:

- Қостанай облысында болған төтенше жағдайды ести сала, бірінші кезектегі керек заттарды, азық-түлік жинастыра бастадым. Барлық туған-туыстарымды да тарттым. Отандастарымызбен қиын жағдайда бірге болуға тиіспіз, - дейді ол.

Атап өтсек, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен волонтерлар гуманитарлық көмек жинау орны мен зардап шеккендерге арналған «Қайрымдылық KZ» қоғамдық қорының бірыңғай есепшоты бар екенінен жұртшылықты хабардар ету үшін БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде #КөмекҚостанай хэштегімен хабарландырулар жарияланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.