
Биыл Алматы облысында 2500-ге жуық адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен. Оның 300-ден астамын иесі жоқ, қараусыз далада жүрген бұралқылар жарақаттаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Алматы облысында иесіз ит-мысықтармен күрес қызу. Ветеринарлық бригадалар халық шағымына сәйкес төртаяқтыларды аулайды. Мамандар бүгінгі күнге 10 мыңнан аса ит пен 10-нан аса мысықты ұстаған. Жергілікті полиция инспекторлары 281 тұлғаға 1,4 млн теңге көлемінде айппұл салдыған.
Қараусыз жүрген үй жануарлары үшін жауаптыларды анықтау қиын. Тұрғындар оларды асырап, бірақ қауіпсіздікке келгенде вакцина салдырудан бас тартады. Бейқамдық танытады. Кейін оларды босатып, бұралқылардың қатарына қосады. Сондықтан олар көше кезіп, өз күндерін өзі көре бастайды. Қоғам үшін қауіп тудырады. Бұл бүкіл елімізге қатысты өзекті мәселе. Осыған орай, елімізде жаңа заң қабылданған.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңын жүзеге асыру бойынша аудан, қала әкімдіктерінің тарапынан уақытша ұстау пункттерінің құрылысын жүргізу үшін жер телімдері белгіленіп, құжаттары рәсімделуде. Мұнан бөлек, қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер палатасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне келісу үшін жолданды. Жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша үгіт насихат жұмысы жүргізілуде. », - деді Алматы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков.
Айта кетерлігі , егер өз аумағыңызда бос жүрген ит пен мысық байқап, олардан қауіптенсеңіз жергілікті ветеринария бөліміне жүгіне аласыз. Олар төртаяқтыларды ұстап, тазартады. Заң аясында, тиісті жұмыстар атқарады. Жалпы, Алматы облысында 10 бригада жұмыс істеп тұр.