Алматы облысында 1446 науқас коронавирус ауруынан кейін оңалтудан өткен

Алматы облысында 1446 науқас коронавирус ауруынан кейін оңалтудан өткен

Биыл Алматы облысында 1446 науқас коронавирус ауруынан кейін 118,9 млн.теңгеден астам сомаға оңалтудан өткен. Науқастарға 15 медициналық ұйым көмек көрсеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Өңірде COVID-19 таралуының алдын алу мақсатында бірінші жарты жылдыққа 3,2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Коронавирустық инфекция постковидті асқынулармен ауыратындар үшін қауіпті. Қор елдегі оңалтуды, оның ішінде ковидтен кейінгі оңалтуды дамытуды барынша қолдайды. Себебі бұл қауіпті созылмалы ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді.

Халықты толғандыратын мәселелердің енді дәрі-дәрмек. Биыл аймақта амбулаториялық–емханалық көмек бойынша препараттарды сатып алуға 16,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Яғни, оның ТМККК шеңберінде – 12,8 млрд. теңге және МӘМС шеңберінде – 3,4 млрд. теңге көзделген.

Айта кетерлігі бірінші жарты жылдықта 1 705 051 адам медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болып саналатынына қарамастан, Алматы және Жетісу облыстарында 462 257 адам әлі күнге дейін денсаулығын сақтандырмаған.

«Бүгінгі таңда сақтандырылмағандардың 72,4%-ы соңғы 12 айда мүлде жарна төлемегені анықталды. Азаматтардың тағы 13,3%-ы – өз қызметін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша атқаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтатқан, жалдамалы жұмысшы болғандардың үлесі 5%-ды құрайды. Дербес төлеушілердің үлесі – 1,7%, жеке кәсіпкерлер-2,4%, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілердің саны 4,0%-ға тең. Бұл негізінен 38-44 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарна төлемейді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркеле алатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет аударады», - деп атап өтті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев.

Сондай-ақ,  дербес төлеушілер бұдан былай МӘМС жүйесінде алдын ала 12 айға төлем жасау арқылы сақтандыру мәртебесіне қол жеткізе алады.