
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жыл бойы жүзеге асырылған экологиялық бастамалардың қорытындысын шығаруға арналған «ECOFINAL 2025: 100 тазалық қадамы» атты қорытынды іс-шара өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір жыл бойы атқарылған экологиялық жұмыстардың нәтижесін саралау, қоршаған ортаны қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды насихаттау, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру және тұрғындарды табиғатты аялауға белсенді түрде тарту болды. Сонымен қатар қорытынды алаң арқылы экологиялық волонтерлікті дамыту, үздік тәжірибелерді қолдау және тұрақты экологиялық әдеттерді қалыптастыру көзделді.
Аталған бастаманың басты ерекшелігі – оның Жетісу облысының барлық аудан мен қалаларында кең көлемде жүзеге асырылуы. 3–25 желтоқсан аралығында облыс аумағында «100 тазалық қадамы» атты көпкүндік экологиялық акция өткізіліп, барлық аудан мен қалаларда 100 экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шаралар тұрғындар арасында табиғатқа деген жауапкершілікті арттырып, бірлік пен ортақ жауапкершілік рухын нығайтуға ықпал етті.
Қорытынды іс-шара барысында жыл бойы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген экологиялық сенбіліктердің, акциялар мен жобалардың нәтижелері таныстырылып, белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
«Qosyl» жобасы аясында үздік деп танылған Ескелді, Сарқан және Ақсу аудандары марапатталды. Аталған марапаттарды «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тулемисова Жанат Ерханқызы табыстады. Сонымен қатар қалған аудандық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілеріне алғыс хаттар тапсырылды. Ал жоғары оқу орындары мен колледждер, сондай-ақ белсенді волонтерлерді «Jetisu jastary» КММ-нің директоры Ванкеев Шамиль Дүйсенғазыұлы марапаттады. Бұл - жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуына берілген жоғары баға болды.
Салтанатты жиын аясында жауапты сала өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Қорытынды іс-шара экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттауға, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Аталған іс-шараға волонтерлік ұйымдардың жетекшілері мен белсенді волонтерлер, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.