93% тиімділік: Жетісу АИТВ-мен күресте тұрақты нәтижелер көрсетуде

93% тиімділік: Жетісу АИТВ-мен күресте тұрақты нәтижелер көрсетуде

Бүгінде АИТВ - басқаруға болатын созылмалы ауру. Қазіргі заманғы медицина өмірді сақтаумен ғана шектелмей, оның жоғары сапасын және толық эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысында АИТВ-мен өмір сүретін және терапия қабылдап жүрген адамдардың 93%-дан астамында вирустық жүктеме басылған. Бұл - мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмысының нәтижесі, ол 1 желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай қорытындыланды.
Антиретровирустық терапия диагноз қойылған сәттен бастап бірден тағайындалады және тегін ұсынылады. Пациенттердің басым бөлігі долутегравир негізіндегі заманауи емдеу сызбаларын алады – күніне бір рет қабылданатын бір таблетка вирусты тез әрі тұрақты басуға мүмкіндік береді. Алдын алу бағытында ДДСҰ ұсынған барлық 12 бағдарлама енгізілген. Соның ішінде доконтактты профилактика да бар, оны қазірдің өзінде жүздеген адам пайдаланып отыр. Болашақта ДДСҰ «вакцинаға барынша жақын» деп атаған инновациялық ленакапавирді енгізу жоспарлануда.
Соңғы жылдары елде ЖИТС-тен болатын өлім-жітім, аурушаңдық және инфекцияның негізгі берілу жолдары айтарлықтай төмендеді. Қазақстан АИТВ-ның шоғырланған сатысында тұр, таралу деңгейі - 0,3%, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе төмен.
Ауруды ерте анықтау және емге бейілділік жағдайында терапияның тиімділігі 100%-ға жуықтайды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ұзақ, белсенді және толыққанды өмір сүруде. Ем қолжетімді, тиімді және қауіпсіз.