Жыл басынан бері Жетісу облысында 45 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді

Жыл басынан бері Жетісу облысында 45 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді

Жетісу облысында эпидемиологиялық маусым қалыпты жағдайда өтуде. Медициналық ұйымдардың мәліметтері бойынша, республика аумағында маусымдық тұмау вирусының әдеттегі түрлері айналымда, жаңа немесе қауіпті штамдар анықталған жоқ.
Елде «Гонконг тұмауы» ретінде белгілі А типті тұмау вирусы тіркелді. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт нозология бойынша – тұмау, серозды менингит, сіреспе және желшешек – сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.
«Гонконг вирусы жаңа вирус емес. Ол алғаш рет 1968 жылы анықталып, содан бері әлемде тұрақты түрде айналымда жүр. А типті вирус тұмауға тән белгілермен: дене қызуының жоғарылауымен, бас ауруымен, әлсіздікпен және жөтелмен байқалады», – деп атап өтті мамандар.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста 45 674 ЖРВИ жағдайы тіркелді, оның 67%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Тұмауға қарсы егуді қамту жоспары толық орындалды.
Сырқаттанушылықтың артуына байланысты бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары халыққа жедел қызмет көрсету мақсатында қосымша тетіктерді іске қосты: 29 мобильді бригада, 25 сүзгі-кабинет ұйымдастырылды, азаматтарға кеңес беру үшін 48 телефон желісі жұмыс істейді. Жедел медициналық көмек көрсету үшін 69 бригада жұмылдырылды.
Облыста халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күшейтілді. 1,5 мыңнан астам адамды қамтыған оқыту семинарлары мен конференциялар өткізілді. Іс-шара барысында мамандар тұмаудың алдын алу шараларын, вакцинацияның артықшылықтарын және ауру белгілері пайда болған жағдайда әрекет ету алгоритмін түсіндірді.