Жетісу облысындағы тілдік ахуал мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу және мониторинг

Сауалнама сұрақтары:

  1. Сіз әдетте қай тілде теледидар көресіз, радио тыңдайсыз?
  2. Сіз әдетте отбасында, туыстарыңызбен қай тілде сөйлесесіз?
  3. Сіз әдетте жұмыста, оқу орнында қай тілде сөйлесесіз?
  4. Сіз әдетте күнделікті өмірде көршілермен, дүкенде, көлікте адамдармен қай тілде сөйлесесіз?
  5. Сіз әдетте ғаламторды қай тілде қолданасыз?
  6. Сіз балаларыңызға білімді қай тілде бергіңіз келеді?

 

2023 жылдың басындағы санақ бойынша Жетісу облысында 698 726 адам тұрады. Тіл саясаты мәселелерін әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеу мақсатында ағымдағы жылдың шілде-қазан айлары аралығында облыс көлемінде сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға респонденттерді іріктеу, жасы, ұлты бойынша облыстың ересек тұрғындарын (18 жастан асқан) бейнелейтін квоталық іріктеме негізінде жүзеге асырылды. Сауалнама барысында 4000 респонденттен сұхбат алынды. Сондай-ақ 5 адамнан тұратын 4 фокус-топ жасақталды (барлығы - 20 адам).  

Сауалнамаға қатысқандардың ұлттық құрамы: қазақтар – 79%, этнос өкілдері - 21% (орыстар - 13%, басқа ұлттар - 8%). Респонденттердің шамамен 30%-ін 46 жастың айналасындағылар құраса, олардың үштен бірінен азы «30-дан 45 жасқа дейінгі белсенді кәсіби жаста» (бұл топта 30 жасқа келіп қалған адамдарға қарағанда 40-қа жақын адамдар көп екенін атап өткен жөн).

Сауалнамаға қатысқандардың жасы неғұрлым үлкен болса, облыстағы тілдік жағдайдың даму процесіне қанағаттанғандардың үлесі соғұрлым төмен болады.

         Респонденттердің 98%-і – жергілікті тұрғындар, 2%-і – қандастар.

 

  1. Сіз әдетте қай тілде теледидар көресіз, радио тыңдайсыз?

64% - қазақ тілінде,  31% - орыс тілінде, 4% - ағылшын тілінде деп жауап берді.  

  1. Сіз әдетте отбасында, туыстарыңызбен қай тілде сөйлесесіз?

74% - қазақ тілінде, 25% - орыс тілінде, 1% - басқа тілде деп жауап берді.

  1. Сіз әдетте жұмыста, оқу орнында қай тілде сөйлесесіз?

42% - қазақ тілінде, 58% - орыс тілінде деп жауап берді.

  1. Сіз әдетте күнделікті өмірде көршілермен, дүкенде, көлікте адамдармен қай тілде сөйлесесіз?

61% - қазақ тілінде, 38% - орыс тілінде, 1% - ағылшын тілінде деп жауап берді.  

  1. Сіз әдетте ғаламторды қай тілде қолданасыз?

28% - қазақ тілінде, 63% - орыс тілінде, 4% - ағылшын тілінде деп жауап берді. Көбінесе респонденттердің 5%-і нұсқаулар мен жапсырмаларды шет тілінде оқиды, шетелдік ақпарат көздерін еркін оқиды, шетелде оқу үшін не саяхаттау үшін шет тілін білу қажет деп есептейді.

  1. Сіз балаларыңызға білімді қай тілде бергіңіз келеді?

Респонденттердің 87%-і балаларына білімді қазақ тілінде бергісі келеді, яғни ұл-қыздарының қазақ тілінде білім алғанын қалайды. Мектепке дейінгі балалық шақ – баланың қоршаған әлем, оның заңдылықтары мен оның өзара байланыстары туралы алғашқы идеялары пайда болатын кезең. Балалар осы кезеңде саналарына сіңірген, танып-білген, үйренген дүниелерін ойнау парысында, оқу тапсырмаларын орындау кезінде қолдана отырып, тәжірибелерін арттыра түседі. Дәл осындай шақта әр баланың ой-санасы ұлттық тілде, ана тілінде жетілгені маңызды.

Респонденттердің 8%-і балаларына мектепке дейінгі кезеңде орыс тілінде білім бергісі келсе, 5%-і ағылшын тілінде жетілдіргенді құп көреді.

Респонденттердің 74%-і мектепте балаларының қазақ тілінде білім алғанын қалайды. Қазіргі уақыттағы мектепке баратын балалардың әлемі, түсінігі мүлде бөлек. Біздің балаларымызға беретін білімнің көпшілігі олар өмір сүретін әлем үшін маңызды болмауы мүмкін. Соған қарамастан әр қазақ баласы қазақ тілін жетік білуге тиіс.

Респонденттердің 11%-і балаларының орыс тілінде білім алғанын дұрыс деп санасы, 15%-і ағылшын тілінде жүргізілетін мектепте оқытқысы келеді.

Респонденттердің 57%-і «баламыз арнайы кәсіптік оқыту кезеңінде қазақ тілінде білім алуға тиіс. Өйткені арнайы кәсіптік білім алу – жеке тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңі. Балаларымыз нақты мамандықтар мен кәсіпткер бойынша белгіленген білімді, іскерлікті, дағдыларды ана тілінде меңгеріп, қазақ ортасында жұмыс істеуі керек» деп есептейді.

Респонденттердің 34%-і орыс тілінде кәсіби кітаптар көп болғандықтан балаларының арнайы кәсіптік оқыту кезеңінде орыс тілін таңдағанын дұрыс көреді. Ал 9% респонденттер балаларының бұл кезеңдегі білімді ағылшын тілінде алғанын қалайды.

Респонденттердің 51%-і жоғары білім кезеңінде балаларының қазақ тілінде оқығанын қаласа, 15%-і орыс тіліндебілім алғанын дұрыс көреді. «Өйткені орыс тілінде кәсіби кітаптар көп», - дейді олар. Ал респонденттердің 34%-і жоғары білім кезеңінде балаларының ағылшын тілінде оқығанын жөн деп санайды. Бұл санаттағылар ағылшын тілін жетілдірсе, шетелдің мықты деген оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндік зор деп есептейді.

    

Сауалнама нәтижесі

Зерттеу деректеріне сүйене отырып, респонденттердің 90,5%-і мемлекеттік тілді меңгергені анықталды, оның 51%-і жоғары деңгейде, 34%-і орташа деңгей, бастапқы деңгейі - 5,5%. Қазіргі уақытта аудандарда халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі әртүрлі. Бұл тиісті аймақтың географиялық орналасуының ерекшелігіне және халықтың этникалық құрамына байланысты.  

Жетісу облысындағы тілдік ахуал мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу және мониторинг
Дата публикации
19 декабря 2023