Басқарма өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрықтарына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетеді.
2026 жылдың II тоқсанында басқарма келесі 11 мемлекеттік қызметті көрсетті:
2026 жылдың II тоқсанында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 4131 болды (оның ішінде заңды тұлғаларға – 813, жеке тұлғаларға – 3318).
Іс-шаралар:
Жыл басынан бері облыс әкімдігі субсидиялау нормативтерін реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
2026 жылғы маусым айында Басқармада халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын сақтау, қызметтердің уақытылы, қолжетімді әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметтік әдеп нормалары мен клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қызметкерлермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары, мүдделер қақтығысына жол бермеу, мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық, ашықтық және лауазымдық міндеттерді орындаудағы жеке жауапкершілік қағидаттары қарастырылды.
Жетілдіру жөніндегі ұсыныстар:
«Қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үшін сатып алуға жұмсаған шығындарын субсидиялау қағидаларына» сәйкес Басқарма қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын субсидиялау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Алайда соңғы уақытта кәсіпорындар тарапынан, атап айтқанда сүтті сатып алу бойынша жалған мәмілелерді рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыруға байланысты алаяқтық фактілері орын алуда.
Субсидия көлемінің сатып алынатын шикізаттың бағасы мен көлеміне тәуелді болуы өтініш берушілерді көрсеткіштерді жасанды түрде арттыруға экономикалық тұрғыдан ынталандырады. Бұл өз кезегінде есепке алу жүйелерінде көрсетілетін, бірақ нақты жүргізілген операцияларға сәйкес келмейтін жалған құжат айналымының қалыптасуына әкеледі.
Қосымша мәселе ретінде жеткізушілер ұсынатын мәліметтердің дұрыстығын тексеруге арналған бақылау құралдарының жеткіліксіздігін атап өтуге болады. Мемлекеттік қызмет көрсету процесі едәуір дәрежеде автоматтандырылған және ақпараттық жүйелердің, оның ішінде электрондық шот-фактуралардың деректеріне негізделеді. Алайда мұндай деректер шаруашылық операцияларының нақты жүзеге асырылғанын толық көлемде растамайды, бұл жалған мәмілелерді анықтау мүмкіндігін шектейді.
Сонымен қатар, субсидияларды есептеу моделі (кепілдендірілген баға, сатып алу бағасы, түзету коэффициенттері) күрделі әрі жанама сипатқа ие болғандықтан, субсидиялау тетігінің ашықтығын төмендетіп, төлемдердің негізділігін бақылауды қиындатады. Аталған факторлардың жиынтығы бюджет қаражатының тиімсіз әрі мақсатсыз пайдаланылу тәуекелдерін арттырып, адал және адал емес нарық қатысушылары үшін тең емес жағдай қалыптастырады.
Жалпы алғанда, қызмет көрсетуші тарапынан бақылау функцияларының жеткіліксіздігі және қолданыстағы субсидиялау моделінің осал тұстары мемлекеттік қолдаудың осы тетігінің ашықтығын төмендетіп, теріс пайдаланушылық тәуекелдерін күшейтеді.
Осыған байланысты анықталған тәуекелдерді азайту мақсатында субсидиялау тетігін қайта қарау ұсынылады. Атап айтқанда, кепілдендірілген және нақты сатып алу бағалары арасындағы айырманы өтеу моделінен бас тартып, қайта өңдеу кәсіпорындарының нақты әрі құжатпен расталған тікелей шығындарын (электр энергиясы, су, жылу және басқа да өндірістік шығындар) субсидиялау тетігіне көшу ұсынылады.
Сондай-ақ ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексеру бойынша бақылау функцияларын күшейту, ақпараттық жүйелердің интеграциясын кеңейту және тәуекелге бағдарланған тексерулерді енгізу орынды деп есептеледі.
Жасырын мемлекеттік қызметтер анықталған жоқ.