GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Мәдениет
23 октября 2026
Республика күніне орай елуге жуық жетісулық мемлекеттік наградалармен марапатталды

Жетісу облысында Республика күніне орай түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елуге жуық жетісулық азамат мемлекеттік марапаттарға, сол сияқты «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театры ғимаратында өткен салтанатты жиында наградаларды облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен сахнаға салтанатты түрде Қазақстанның Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Әнұран орындалды. Мұнан соң жиналған көпшілікті өңір басшысы еліміздің басты мерекесі – Республика күнімен құттықтады:

- Республика күні – өткеннен тағылым алып, бүгінгі бағытымызды сараптайтын, келешекке сенімімізді бекемдейтін айрықша мереке. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген адалдықты, елдік мұрат пен ортақ жауапкершілікті терең сезінетін күн. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі жыл еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы болды. Мемлекет басшысының ауқымды реформасының  нақты нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан және өңірлердің дамуынан көрініс табуда. Бұл ретте айтулы нәтижелерге береке-бірлігімен, адал еңбегімен атсалысып жүрген барша жетісулық азаматтарға шынайы алғыс айтамын, - деген Б. Исабаев облыс құрылғаннан бергі өңірдің 4 жылдағы жеткен жетістіктерін атап өтті.

Мұнан кейін марапаттау рәсімі атқарылды.

Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен Сарқан ауданындағы «Абылкасымов Б» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Әбілқасымов, «Рамазан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бекиев, Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Ләйлә Төлеуханова, Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі Абылайхан Хармысов, «Алтынемел» Мемлекеттік ұлттық паркінің  бас директоры Қуат Байтұрбаев, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Қаратал ауданынан «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев, «Текелі Су құбыры» кәсіпорнының операторы, Текелі қаласы Марина Коваленко, «Басқуат» серіктестігінің  жұмысшысы Валентин Пажитных ие болды. Сол сияқты еңбегі сіңіген тағы бірқатар азаматтарға «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Марапатталғандар атынан Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі А. Хармысов сөз алып, барша жерлестерін Республика күнімен құттықтап, тілегін білдірді.

Мерекелік шара жергілікті өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.

Еліміздің басты мерекесіне орай шараға арнайы келген және марапат алған тұрғындар пікір білдірді.

- Ауыл шаруашылығы саласында 44 жыл еңбек өтілім бар. Бірнеше жыл мал шаруашылығында мал дәрігері болдым. Кейін жеке шаруашылық ашып, жылқы өсірумен айналысып отырмын. Жүзден астам жылқым бар, 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бүгінгі ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталуым істеген еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Қазір елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Ауылдық жерлерде жолдар жөнделіп, газ тартылып, емханалар, мектептер салынып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласына субсидиялар бөлінеді. Мұның бәрі халықтың игілігіне беріліп отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын қолдап-қуаттаймыз. Барша жетісулықтарға толайым табыс тілеймін, - деді «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев.

- Медицина саласында 40 жылдай еңбек еттім. Соның 30 жылдай уақытын Текелі қаласының ауруханасында жұмыс істедім, 10 жылдай Талдықорған қаласының емханасында бас дәрігер болдым. Қазір зейнеткермін. Бүгін мені үлкен марапатқа лайық деп сенім білдіріп, награда берген азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. «Құрмет» орденін алу – мен үшін үлкен мәртебе, еңбегіме берілген жоғары баға деп білемін. Барша жұртшылықты Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Республикамыз көркейіп, гүлдене берсін, - деді медицина саласының ардагері Ләйлә Төлеуханова.

- Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында тұрамын. «Алацем» зауытында бес жылдан бері дәнекерлеуші әрі токарь болып жұмыс істеймін. Бүгін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл бұдан кейін де жауапкершілігімді арттырып, жұмысымды бар ықыласыммен атқаруыма стимул болып отыр. Адал қызмет еткен адам ешқашан еленбей қалмайды. Сондықтан қатарластарымды белсенді еңбек етуге шақырамын, - деді «Алацем» зауытының жұмысшысы, жас маман Александр Постол.    

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.

Өнер
23 октября 2026
«ЖЕР ЖӘННАТЫ – ЖЕТІСУ» ОБЛЫСТЫҚ ТЕЛЕВИЗИЯЛЫҚ БАЙҚАУЫ

      Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында «Жер жәннаты – Жетісу» облыстық телевизиялық байқауының қорытынды гала-концерті өтті.

      Байқаудың негізгі мақсаты – Жетісу өңіріндегі талантты өнерпаздарды анықтау, ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеу, шығармашылық ұжымдардың кәсіби шеберлігін арттыру және мәдениет саласының дамуына қолдау көрсету.

      Байқауға Жетісу облысының қалалары мен аудандарынан өнерпаздар қатысып, өздерінің шығармашылық әлеуеті мен жоғары орындаушылық шеберлігін көрсетті.

      Байқау қорытындысы бойынша Алакөл ауданының өнерпаздары Бас жүлдені иеленіп, ақшалай сертификатпен марапатталды. І орын Көксу ауданының өнерпаздарына бұйырса, ІІ орын Қаратал ауданына, ал ІІІ орын Ескелді ауданына берілді. Бірінші орын иегерлері де ақшалай сертификатпен марапатталды.

     Алакөл ауданы өнерпаздарының бұл жетістігі – мәдениет саласы мамандарының жүйелі жұмысы мен шығармашылық ұжымдардың кәсіби шеберлігінің нәтижесі.

     Байқаудағы жеңіс ауданның шығармашылық әлеуетін айқындап, ұлттық өнер мен мәдени дәстүрлерді сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын көрсетті.

Мәдени мұра, кітапханалар мен мұражайлар
23 октября 2026
Жетісу облыстық орталық кітапханасында Республика күніне арналған патриоттық сағат өтті

    23 қазанда 25 қазан – Республика күніне орай Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Егемен ел – еңселі ел» атты патриоттық сағат өтті.

    Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталып, қатысушылар мен қонақтар таныстырылды. Одан кейін көпшілік назарына «Республика күні – елдігіміздің айғағы» атты бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи белестері мен Республика күнінің маңызы кеңінен баяндалды.

    Іс-шараның құттықтау сөзін С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Қанатханқызы Шаяхметова және «Жастар рухы» жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Мүсілімұлы Сайлаубай сөйледі. Қонақтар жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне тоқталды.

    Патриоттық сағат барысында Республика күнінің тарихи маңызы, оның ел тарихындағы орны және ұлттық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 54380 әскери бөлімінің сарбазы Таңатар Қасымханұлы Бақыт сөз сөйлеп, қатысушыларға мерекелік тілегін жеткізді.

    Мерекелік шараның мазмұны музыкалық және поэзиялық өнер туындыларымен толықты. Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы Төлеутай Дәрібайұлы Серіков құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке «Үш бақытым» әнін тарту етті. Ән орындау арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтардың маңызы айшықталды.

    Кітапхана қызметкерлері қатысушыларды «Республика күні – ел тарихындағы ұлы белес» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге ұсынылған әдебиеттер арқылы оқырмандар еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері және ұлттық бірегейліктің қалыптасуы туралы мағлұмат алды.

    Сондай-ақ Д. Рақышев атындағы мектеп-интернатының оқушылары Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен өлеңдерін оқып, көпшілікке поэзиялық тарту жасады. Ал С. Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің 3-сынып оқушысы Серік Таир «Атамекен» әнін орындап, мерекелік шараның көркін аша түсті.

    Патриоттық сағатқа Талдықорған қаласындағы №4 және №22 орта мектептердің оқушылары мен сынып жетекшілері қатысты.

    Іс-шара қорытындысында Республика күнінің ел тарихындағы айрықша орны атап өтіліп, еліміздің амандығы, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі және тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында ізгі тілектер айтылды.

    «Егемен ел – еңселі ел» атты патриоттық сағат жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және туған ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталды. Осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың елжандылық рухын нығайтып, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге ықпал етеді.

Мәдени мұра, кітапханалар мен мұражайлар
23 октября 2026
Музейде Республика күніне орай танымдық іс-шара өтті

      Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Республика – елдігімнің айғағы» атты танымдық іс-шара өтті. Тағылымды шараға Талдықорған қаласындағы № 2, № 4 және № 18 мектептердің оқушылары қатысты.

      Іс-шара барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті колледжінің студенті Дильназ Аркинова Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты туындысын мәнерлеп оқыды.

     Сонымен қатар оқушыларға Республика күнінің тарихы, мерекенің еліміз үшін маңызы мен тарихи мәні туралы кеңінен баяндалып, Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезеңдері туралы құнды мәліметтер берілді.

     Өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту және тарихи білімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған интеллектуалдық ойынның жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

      Іс-шара соңында Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің студенті Бауыржан Құштар орындаған «Атамекен» әні қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлап, мерекелік шараның әсерлі аяқталуына ұйытқы болды.

 

 

 

Құрылыс
22 октября 2026
Бейбіт Исабаев: «Әлеуметтік нысандарды жаңғыртуды жалғастырамыз»

Жетісу облысында соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жаңарды. Соның ішінде биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, 7 мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Келесі жылы ашылатын объектілер қатары да арта түспек. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен болған кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз баяндамасында өңір басшысы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Мәселен, биыл білім саласында 4 мектеп қолданысқа беріліп, 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, солардың бірі – Кербұлақ ауданы Көксай ауылында орналасқан 60 орындық мектеп. Аталған білім беру нысаны 19 қазан күні пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 4 нысан іске қосылған, соның ішінде қайта жаңғыртылып, жуырда ашылған Кербұлақ аудандық ауруханасы да бар. Аурухана жаңа медициналық құралдармен толық қамтылған. Бұл ретте өңір басшысы аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.  

Атап өтсек, Талдықорған қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы және көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынуда.

- Биыл облыста 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Оның біреуі – сіздердің ауданда, Сарыөзек ауылындағы кітапхана. Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған аса маңызды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында Сарыөзектегі жаңа кітапхана 53 мыңнан астам кітап қорымен және заман талабына сай электронды кітаптармен жабдықталды. Жалпы, адамның логикалық ойлау қабілетін, парасат-пайымын, аналитикалық талдауын дамыту үшін кітап оқудың пайдасы үлкен. Сондықтан әсіресе жастар кітап оқуы керек, - деген Б. Исабаев аудан әкіміне кітапхана ғимаратын қысқа мерзімде табиғи газға қосуды тапсырды.

Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және абаттандыруға биыл «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінген. Жұмыстарды келесі жылы көктемде аяқтау жоспарланып отыр.

Облыс әкімі сонымен қатар спорт саласындағы жаңа нысандарға да тоқталды. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені ашылып, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеуші қаражаты есебінен дзюдо орталығы салынған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

- Жалпы алғанда биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді, салынып, жөнделетін нысандар қатары артады.  Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тұрақты экономикалық, әлеуметтік, рухани толысу жолына түскенін көрсетеді. Бүкіл Қазақстан бойынша өте үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігіне, жас ұрпақ игілігіне атқарылып отыр - деді Б. Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

Өнер
20 октября 2026
«ЖЕР ЖАННАТЫ - ЖЕТІСУ» облыстық телевизиялық байқауының Гала-концерті

Өтетін орны: Б.Римова атындағы академиялық драма театры

Өтетін уақыты:2026 жылғы, 20 қазан сағат 19:00

 Байланыс телефондары:

8 (7282) 24-34-07;

Электронды пошта: 7suocnt@mailru                                                                                                    

Мәдени мұра, кітапханалар мен мұражайлар
20 октября 2026
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысына арналған кеңес өтті. Жиында марафонның аралық нәтижелері мен кітап оқуды кеңінен насихаттау бойынша алдағы шаралар талқыланды.

Марафон Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында өткізіліп келеді.

Бүгінде жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар. Барлық өңірде жобалық кеңселер құрылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Сонымен қатар reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Қатысушылар платформада оқыған кітаптары туралы пікірлерін жариялайды. Жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы – 25 557, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249 және Қызылорда облысы 14 037 пікірмен алда келеді. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы платформаға пікір жазған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайды.

Әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр – елордада 3 мыңға жуық, Жамбыл облысында 1 699 жарияланым бар.

Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесін бөлісті. Ауылдық жерлерде кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптардың көпшілікке қолжетімді болуына, сондай-ақ марафонға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдері мен шығармашылық зиялы қауымды тартуға айрықша назар аударылды.

Ұсыныстардың қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар желісімен комикстер, кітаптарды таныстыратын трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар. Сондай-ақ «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды.

«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәлімет пен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр. Кітап оқуды насихаттау үшін кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс.

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, халықты марафонға кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі қадағалау жөніндегі алдағы міндеттер белгіленді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/org/mam/press/news/details/1313877?lang=kk

 

Мәдени мұра, кітапханалар мен мұражайлар
16 октября 2026
Музейде дөңгелек үстел өтті

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Жетісудағы түркі тайпаларының қалыптасуы мен тарихи рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға тарих саласының мамандары мен жалпы білім беретін мектептердің тарих пәні мұғалімдері мен білімгерлер қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Жетісу аумағындағы түркі тайпаларының тарихи мұрасы, археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштері, ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы өлкетанудың маңызы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, тарихи деректерді білім беру үдерісінде тиімді пайдалану, жас ұрпаққа туған өлке тарихын таныту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды.

Қонақтарға музей залында орналасқан Түркі дәуіріне арналған экспозиция бойынша экскурсия жүргізіліп, тарихи жәдігерлер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

 

Мәдениет
15 октября 2026
Сайын Мұратбековке – 90 жыл: Жетісуда ғылыми конференция өткізіліп, жаңа кітап таныстырылды

Жетісу облысында қазақ прозасының көрнекті өкілі, қабырғалы қаламгер Сайын Мұратбековтің 90 жылдығы аталып өтті. Талдықорған қаласында «Сайын даланың Сайыны» атты мерейтойлық конференция ұйымдастырылып, жазушы туралы кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев,  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, еліміздің әдебиет және мәдениет саласының көрнекті өкілдері, Сайын Мұратбековтің туыстары, жетісулық кітапсүйер қауым қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайындағы конференцияны ашқан Ә. Жақанбаев жиналған қауымға ҚР Вице-Президенті Ерлан Қариннің мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

 «Сайын Мұратбеков – ұлт руханиятының дамуына елеулі үлес қосып, қазақ прозасын жаңа белеске көтерген қарымды қаламгер. Жазушы шығармаларында адамгершілік құндылықтары, ауыл өмірінің боямасыз болмысы, туған жерге сағыныш сезімі асқан шеберлікпен суреттеледі... Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл ретте жұртшылық бірауыздан қолдаған Конституцияда білім мен ғылымды өркендету, мәдениетті қолдау, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындалды. Осы орайда ақын-жазушыларымыздың әдеби мұрасын зерделеудің, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттаудың маңызы зор екені анық. Сайын Мұратбековтің шығармашылығы мен өнегелі өмірін ұлықтауға арналған конференция жұмысына табыс тілеймін», - делінген Вице-Президенттің құттықтау хатында.

Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының, ТМД Жазушылар одағының және басқа да шығармашылық ұйымдардың құттықтаулары М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. 

Осы жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен жарық көрген «Суреткер Сайын Мұратбеков» кітабының тұсауы кесілді. Атап өтсек, жинаққа жазушы туралы әр кезеңде жазылған естеліктер, әдеби портреттік мақалалар, замандастары мен қаламдас достарының ой-толғамдары, сондай-ақ жазушының өзі әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарына берген әдеби сұхбаттары топтастырылған.

Конференция аясында қаламгердің шығармашылығы мен әдеби мұрасы туралы баяндамалар жасалып, Сайын Мұратбековтің қазақ әдебиетіндегі орны мен көркемдік әлемі туралы сөз болды.

- 1960 жылдары қазақ әдебиетіне үлкен шоғыр келді. Сол шоғырдың басында Сайын Мұратбеков тұрды. Олай дейтініміз - ол өз шығармаларымен қазақ әдебиетіне жаңа леп алып келді. «Менің қарындасым» деген алғашқы әңгімесінде қазақтың бұрын айтылмаған сөзі - қарындасқа деген сезімін, ал «Жусан иісі» шығармасында жусан иісінің қазақ халқының төл иісі екені жайлы бірінші болып жазған қаламгер. Сол жылдары әдебиетке қатар келген Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Дүкенбай Досжан сияқты бірқатар жазушылар жарысып жазды. Және сол арқылы қазақ әдебиетін биікке көтерді, - деді Мереке Құлкенов.

- Сайын Мұратбековтің стилі - аскеттік лиризм. Бұл стиль - асып-таспайтын, кейіпкердің ішкі сезімін төгіп-шашпайтын, барынша үнемшіл көркемдік тәсіл. Жазушыға мұндай декоративтілік жат. Жеріне жеткізіп жазу, үлгі ретінде ұсынуға болатын шығарма тудыру, ағымдардың басында тұру «классика» деп аталады. Бұл тұрғыдан алғанда Сайын ағамызды «соңғы классик» деуге толық негіз бар. Бұл бейресми және субъективті пікір. Орыс әдебиетінде Иван Бунинді, Америка әдебиетінде Джон Апдайктті «соңғы классик» деген пікірлер айтылған. Бұл олардан кейін классиктер туған жоқ деген сөз емес, бұл әдебиеттің бір дәуірі аяқталып, жаңа кезеңге өткенін меңзейтін пікір. Сайын Мұратбековті де біз сол тұрғыда «соңғы классик» деп атадық, - дейді Қазақстанның Құрметті жазушысы Жүсіпбек Қорғасбек.

Мұнан кейін де қаламгер шығармашылығына қатысты толымды пікірлер, жылы естеліктер айтылды.   

Атап өтсек, осы күні Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында  жазушы шығармасының негізінде дайындалған «Жабайы алма» қойылымының премьерасы көрермен назарына ұсынылмақ.

Бұдан бөлек, өңірде жазушының 90 жылдығына орай кітап көрмелері, әдеби байқаулар, оқырман конференциялары, дөңгелек үстелдер т.б форматтарда 50-ге жуық шара өткізілді.

Еске салсақ, Сайын Мұратбеков – Жетісу өңірінің тумасы, қазақ прозасының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Оның «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Кәмен-тоғай», «Дос іздеген қыз» секілді туындылары қазақ әдебиетінің қазынасына айналды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

Өнер
15 октября 2026
«Жабайы алма» драма

Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен Талдықорған қаласының қонақтары 15-16 қазан күндері сағат 19:00-де Б.Римова атындағы академиялықдрама театрында өтетін қазақтың көрнекті жазушысы, прозашы Сайын Мұратбековтің 90 жылдығына арналған «Жабайы алма» спектаклінің премьерасын тамашалауға шақырамыз!

Қойылымның режиссері – Еркебұлан Қабдыл, Қоюшы-суретші – ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Шалабаева.

Қойылым оқиғасы майданнан жырақта орналасқан, алайда соғыс зардабын ауыр тартқан қазақ ауылында өрбиді. Ер-азаматтар майданға аттанып, ауылдағы бар ауыртпалық әйелдер мен балалардың мойнына түседі.

Спектакльдің басты символы – ормандағы жалғыз жабайы алма ағашы. Аштық пен жоқшылық жайлаған қиын кезеңде ол балалардың жалғыз ермегіне, үміті мен қуанышына айналады.

Қойылымда балалық шағы соғыс жылдарында өткен жетім балалардың мұңы, ауыр еңбекке жегілген аналардың қайсарлығы, сондай-ақ адам бойындағы ізгілік пен қатігездіктің тартысы шынайы суреттеледі.

«Жабайы алма» көрерменді өткен тарихқа тағзым етуге, соғыс жылдарындағы халықтың ауыр тағдырын сезінуге үндейді. Тағдыр тауқыметіне қарамастан, шығарма кейіпкерлері адамдық қасиетін жоғалтпай, өмірге деген сенімін сақтап қалады.

Мұңды сағыныш пен нәзік лиризмге толы қойылым – соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, адам тағдырын және өмірдің ең қиын сәттерінде де жоғалмайтын үмітті арқау етеді.

Премьераны бірге тамашалайық, театрда кездескенше өнерсүйер қауым!

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы