Әдеп кодексіне жаңа өзгерістер енгізілді, сондықтан заң техникасының талаптарына сәйкес кодекс жаңа редакцияда жазылды.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік талаптары, олардың мінез-құлқына қойылатын базалық қағидаттар қызметшілердің лауазымдық міндеттері, мемлекеттік қызметке байланысты өзге де ережелер мен шектеулер және т.б. сияқты өзге де талаптардан бөлінген.
Бұрынғы Әдеп кодексімен мемлекеттік қызметшіге жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету талабы қойылды.
Сонымен қатар, әкімшілік рәсімдер қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшінің моральдық бейнесіне қарамастан сақталуға тиіс жариялылық қағидаты болып табылады.
Сондай-ақ, Әдеп кодексінде жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкердің еңбегі мен денсаулығын қорғау бойынша шаралар қабылдауға міндетті деген ереже болған.
Жұмыс берушінің мұндай міндеті еңбек заңнамасында қарастырылған және Әдеп кодексінде ұқсас талаптардың бар-жоқтығына қарамастан орындалуы керек.
Сондықтан Кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметін моральдық-адамгершілік аспектіде реттеуге бағытталған және онда ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өздері үшін маңызы бар қағидаттар мен құндылықтар туралы ақпарат қамтылған.
Мемлекет басшысының ұстанымдары мен заң талаптарын ескере отырып, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі ашылды.
Яғни, Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту, өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметте парасаттылық атмосферасын құру мақсатын көздейді.
Сонымен қатар қызметтік әдеп стандарттары көзделген.
Яғни, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын маңызды моральдық-адамгершілік талаптар, әріптестермен және азаматтармен қарым-қатынастағы талаптар айқындалды. Олар мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағытталған.
Осы стандарттарды бұзу тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық органдары қызметтік әдепті бұзудың профилактикасы бойынша үйлестіруді жүзеге асырады.
Яғни, Әдеп жөніндегі комиссия мен кеңестер, әдеп жөніндегі уәкілдер бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі және белсенді жұмыс жүргізетін болады.
Б.СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл.