Құрметті ардагерлер!
Халқымыз «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» деп тілек тілейді екен. Олай болса біз де Жаңа 2022 жыл жақсы жаңалықтарымен, жарқын бастамаларымен, жаңа мүмкіндіктерімен келеді деп сенеміз.
Үміт пен сенімге толы осы сәт - өткен жылды қорытындылап, алдымызға жаңа мақсат-міндеттерді белгілейтін кезең.
Үлкен істті бастарда баласы әкесінің, атасының ақ жол тілегін, ризашылығын алушы еді!
Қарттарды сыйлау, үлкенге ізет көрсету - үлкендерден бізге жеткен аманат, ата дәстүр салтымыз, перзенттік парызымыз.
Жаңа жыл қарсаңында Сіздермен кездесіп, өздеріңіздің ақ тілектеріңіз бен баталарыңызды алу біз үшін дәстүрге айналды.
Егер өткен жолымызды саралайтын болсақ, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ел игілігі жолындағы еңбегінің арқасында 2021 жылы мемлекетімізде біршама өзгерістер мен сәтті қадамдар жасалынды.
Мұның бәрі еліміздің қол жеткізген табыстары мен қоғамдық татулық пен өзара түсіністіктің нәтижесінде болып отыр.
Өтіп бара жатқан жыл Алакөл жері үшін де құтты жыл болды.
Олай дейтінім, пандемия құрсауында болса да, бүгінгі таңда ауданымызда экономиканың барлық салалары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Өнеркәсіп саласында 12 млрд. 100 млн.теңгенің өнімі өндірілді.
Аграрлық секторда барлық өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері 52 млрд. 828 млн теңгені құрады.
Аудан бойынша 34,9 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Үстіміздегі жылы Үшарал қаласында 150 орынды балабақша қолданысқа берілді.
Аудан экономикасының дамуы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының дамуына зор мүмкіндік берді.
Жергілікті маңызы бар жолдар жөнделіп, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін табуда. Қазіргі таңда ауыз сумен қамту 85,7 процентті құрап отыр. Алдағы уақытта 7 елді мекенді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.
Сондай-ақ, 2021 жылы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары бойынша 5 елді мекеннің 20,6 шақырымды құрайтын 20-дан астам көше жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда аудандағы барлық жолдардың сапасы 70 пайызға жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілді. Келер жылы 9 елді мекеннің 12 ішкі көшелеріне күрделі және орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жалпы алғанда алға қойған жоспарларымыз бен мақсаттарымыз өз кезегімен табысты орындалуда.
Бүгінгі жасалып жатқан игі істердің барлығы мемлекет басшысының батыл бастамалары мен сындарлы саясатының жемісі. Біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылдығын атап өттік.
«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» - деп Президент елдің егемендігін сақтап дамудың жаңа жолына түсу сәтін атап көрсетті.
Сондықтан да ауданда жасалынып жатқан жетістіктердің бәрі - ізденумен, аса жауапкершілікті талап етті.
Біз оған ауызбіршілік, Сіздердің бірауыздан қолдауларыңыздың арқасында жеттік.
Бұл істе, құрметті ардагерлер, сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор. Соның нақты дәлелі бүгінгі Сіздерге көрсетілген құрмет пен ілтипатымыз деп білемін.
Қай кезде болмасын, ардагерлерді ардақтап, жақсы өнегелеріңізді жалғастыру, ықылас таныту бізге міндет.
Жаңа 2022 жылға Сіздерге табыс тілей отырып, атқарылған қажырлы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін.
Алда тұрған міндеттерді де осылай лайықты орындаймыз деп сенемін.
Қадірменді қауым!
Сіздерді келе жатқан Жаңа 2022 жылмен құттықтаймын!
Сіздерге мол бақыт, отбасыларыңызға амандық, барлық істеріңізге сәттілік тілеймін. Елімізде бейбітшілік болсын! Жаңа жыл жақсылыққа толсын!
Жыл сайын табыстан-табысқа, сыйдан-сыйға жете беріңіздер. Еліміз тыныш, ісіміз берекелі болсын!