«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
Жетісу облысында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі танымал болып келеді
Жетісу облысының тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделген дайын құжаттарды үйге немесе көрсетілген мекенжайларға жеткізу қызметі танымал бола бастады.
Бүгінде дайын құжаттарды жеткізу сервисі 18 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағаттық анықтамалар және әскери билет телнұсқалары бар. Жетісу облысы бойынша жеткізу құны 1 036 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО желісі бойынша жүргізуші куәліктерін, техпаспорттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін де үйге алдыртуға болады.
Мамандандырылған ХҚКО қызметтерінің тарифі бөлек есептеледі.
«Біздің мақсатымыз — халық үшін қолайлы жағдай жасау. Маңызды құжатты алу үшін азаматтарға енді жұмыстан сұранудың немесе жолға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ – олар құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады», — деп атап өтті филиал директоры Абзал Омаров.
Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне 1414 қызметінен арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өтінімді толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін жасалса – сол күні, ал 17:00-ден кейін жасалса – келесі жұмыс күні жеткізіледі. Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында курьер дайын құжатты жеткізу кезінде алушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді және 1414 нөмірінен алынған бірегей SMS-кодты сұрайды.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізуде.
Платформаның негізгі мақсаты - ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыру.
«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.
Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Balazhan» Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып табылады. Балалардың дербес деректерінің қорғалуы заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Дерекөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты
«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен (ЖОМС) қамтуды кеңейту және жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Мемлекеттік аннуитеттік компания өз сайтында жұмыс берушілерге кеңсеге бармай-ақ, менеджердің көмегіне жүгінбей, ЖОМС шартын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа онлайн-сервисті іске қосты.
Енді шартты рәсімдеудің барлық кезеңін онлайн режимде жүзеге асыруға болады: тіркелу, қажетті мәліметтерді енгізу, сақтандыру құнын есептеу, шартты қалыптастыру және оған қол қою. Құжаттар мен анықтамалар белгіленген талаптарға сәйкес тікелей портал арқылы жүктеледі.
Мәліметтердің белгілі бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде алынады. Қалған ақпаратты жұмыс беруші өзі енгізеді. Шартқа қол қойылғанға дейін енгізілген мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетуге мүмкіндік қарастырылған.
Шарт жасасу үшін заңды тұлғаның жарамды электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Негізгі рәсімдердің барлығы бір сайтта жүзеге асырылады, бұл ретте басқа сервистерге өтіп қажет емес.
«Онлайн-сервистің іске қосылуы, ең алдымен, жұмыс берушілер үшін сақтандыру рәсімін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған. Рәсімді цифрлық форматта өз бетінше жүзеге асыру уақытты үнемдеуге және кеңсеге бармай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Олжас Ашкеев.
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – қызметкерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерінің бірі. Заңнамада көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдері еңбекке қабілеттіліктен айырылуға байланысты келтірілген зиянды өтеуді, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға арналған заңда белгіленген шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты қызметкерлерді сақтандыру Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен шамамен 3,5 млн қызметкер қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 млн 130 мың адамға артық.
2026 жылдың соңына дейін ЖОМС шарттарын жасасқан жұмыс берушілердің санын 130 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Цифрлық сервистің іске қосылуы жұмыс берушілерге қызметін жүзеге асыратын өңіріне қарамастан, сақтандыру шарттарын рәсімдеуге қосымша мүмкіндік береді.
Министрлік өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы жұмысты да жалғастыруда. Осы мақсатта кәсіпорындардың қызметін бақылауға арналған цифрлық құралдар қолданылып, жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесі жетілдірілуде.
Осылайша, ЖОМС рәсімдеу үдерістерін цифрландыру жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталса, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндірістік жарақат алу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет ресурсы
Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.
«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.
AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.
Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.
Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.
1 қазан – Қарттар күніне орай Ырғайты ауылдық округінде тағылымы мол мерекелік кездесу өтті.
Ырғайты ауылдық округінің әкімі Б.М. Тананов ауылдың ардақты ақсақалдары мен аяулы әжелерін мерекемен құттықтап, оларға жылы лебізін білдірді. Қарияларға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен тәттілер салынған себеттер табысталды.
Қазақ халқында «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген тағылымды сөз бар. Үлкенді сыйлау, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету – халқымыздың ежелден келе жатқан салты.
Қариялар – елдің өткенін бүгінмен жалғап, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын беретін аяулы жандар. Олардың еңбегі мен өмірлік тәжірибесі – баға жетпес мұра.
Мерекелік шара барысында ауыл қарияларына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, бақ-береке тілектері айтылды.
Қариясын ардақтаған елдің – берекесі артады.
Қазақстанда астық жинау 83%-ға аяқталды
Қазақстанда егістік құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюіне байланысты 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.
Автомобильдің өртенуі күтпеген жерден болуы мүмкін. Бұған электр сымдарының ақауы, жанармайдың ағуы немесе техникалық ақаулар себеп болуы ықтимал. Қозғалыс кезінде түтін немесе өрт байқалса, ең алдымен көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, қозғалтқышты өшіріп, автомобильден шығу қажет.
Қозғалысты жалғастыруға немесе капотты толық ашуға тырыспаңыз. Капотты ашқан кезде ауа ағыны күшейіп, өрттің таралуына себеп болуы мүмкін. Автомобильден қауіпсіз қашықтыққа алыстап, жақын маңдағы адамдарға ескертіңіз.
Өрт туралы дереу "112" нөміріне хабарласыңыз. Операторға оқиға болған нақты орынды айтып, мүмкіндігінше автомобильдің маркасы мен моделін хабарлаңыз. Егер көлікте өрт сөндіргіш болса және оны қауіпсіз қолдануға мүмкіндік болса, өрт сөндіргішті жалынның негізіне бағыттаңыз.
Құжаттар, телефон немесе басқа заттарды алу үшін жанып жатқан көлікке қайта бармаңыз. Шұғыл қызметтерді шақырғаннан кейін қауіпсіз жерге алыстап, өрт сөндірушілердің келгенін күтіңіз.
Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты
60 секундтық қауіпсіздік: көлік өртенген кездегі алғашқы әрекеттер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады. Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.
2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.
Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелген азаматтар құқылы.
Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.
Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.