«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
Жетісу облысында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі танымал болып келеді
Жетісу облысының тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделген дайын құжаттарды үйге немесе көрсетілген мекенжайларға жеткізу қызметі танымал бола бастады.
Бүгінде дайын құжаттарды жеткізу сервисі 18 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағаттық анықтамалар және әскери билет телнұсқалары бар. Жетісу облысы бойынша жеткізу құны 1 036 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО желісі бойынша жүргізуші куәліктерін, техпаспорттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін де үйге алдыртуға болады.
Мамандандырылған ХҚКО қызметтерінің тарифі бөлек есептеледі.
«Біздің мақсатымыз — халық үшін қолайлы жағдай жасау. Маңызды құжатты алу үшін азаматтарға енді жұмыстан сұранудың немесе жолға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ – олар құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады», — деп атап өтті филиал директоры Абзал Омаров.
Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне 1414 қызметінен арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өтінімді толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін жасалса – сол күні, ал 17:00-ден кейін жасалса – келесі жұмыс күні жеткізіледі. Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында курьер дайын құжатты жеткізу кезінде алушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді және 1414 нөмірінен алынған бірегей SMS-кодты сұрайды.
Жетісуда жылжымайтын мүлік мәмілелерін рәсімдеу тәртібі өзгерді
2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді нотариаттық куәландыру және атқарушылық жазбалар рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар азаматтардың мүлікке қатысты құқықтарын қорғауға, борышкерлерді хабардар етуге және нотариаттық қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және кепілге қою сияқты мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік мәмілелері сол мүлік орналасқан жердегі нотариус арқылы куәландырылады.
Жетісу облысында 2026 жылдың тоғыз айында жеке нотариустар 10 мыңнан астам сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Жаңа талаптар күшіне енгеннен бері өңірде 1254 сатып алу-сату шарты жасалған.
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс берешекті өндіріп алу тәртібіне қатысты. 8 қыркүйектен бастап мемлекеттік сатып алу және квазимем-лекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары бойынша жасалған шарттардан туындайтын талаптар нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы өндірілмейді. Мұндай даулар сот тәртібімен шешіледі.
Сонымен қатар атқарушылық жазба жасау кезінде борышкердің берешекті жазбаша мойындауы нақты талаптарға сай болуы керек. Құжаттардың болуы ғана жеткіліксіз: берешектің бар екені, оның мөлшері және өндіріп алынуға тиіс сомамен борышкердің келісетіні анық көрсетілуі қажет.
Атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге электрондық үкімет порталы немесе 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы жіберіледі. Борышкер хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келіспеу себептерін көрсетіп, нотариусқа қарсылық білдіруге құқылы. Егер атқарушылық іс жүргізу басталып кетсе, атқарушылық жазбаға дау айту сот арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа тәртіп бойынша атқарушылық жазба заңда көрсетілген жағдайларда борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атқарушылық жазба жасау туралы өтініштер Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы нотариустар арасында кездейсоқ таңдау негізінде автоматты түрде бөлінеді.
Жеке тұлғалар өтінішті жазбаша немесе электрондық түрде бере алады. Ал заңды тұлғалар өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жүйедегі жеке кабинеті арқылы жолдайды.
Жетісу облысында 2026 жылдың тоғыз айында жеке нотариустар 44708 атқарушылық жазба жасаған.
Республика күні қарсаңында Жетісу облысында айына 1 800 тоннаға дейін өсімдік майын өндіруге қауқарлы жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жобаға 61 млн теңгеден астам инвестиция тартылған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алакөл ауданының Екпінді ауылында орналасқан «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС кәсіпорны құрылтайшыларының айтуынша, өндіріс цехын дәл осы аумақта орналастыру кездейсоқ емес. Ауданның өзі және оған іргелес өңірлер кәсіпорынды сапалы шикізатпен қамтамасыз ете алады. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, жергілікті шаруалардың кәсіпорынға жеткізуге дайын күнбағыс тұқымдарының сапалық көрсеткіштері өте жоғары.
Аудан әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, Алакөл ауданында дәнді және майлы дақылдар 80 мың гектар жерге егілген. Алайда өндірілген өнім осы уақытқа дейін негізінен шикізат күйінде сатылып келген. Сондықтан өңдеу цехының іске қосылуы аудан үшін маңызды оқиға деуге болады. Сонымен қатар жаңа өндірістің ашылуы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады және елді мекен экономикасының нығаюына ықпал етеді. Атап өтсек, жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін 10 жаңа жұмыс орны қашылды. Бұл – ауылдық жер үшін елеулі көрсеткіш.
Кәсіпорынның ашылуын тұрғындардың өздері де оң бағалады.
– Әрине, біздің ауылда өндіріс орнының ашылуы біз үшін - жақсы жаңалық. Біріншіден, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, енді жергілікті шаруалар өздері өсірген күнбағыс өнімін қайда өткіземіз, өңдеуге қайда апарамыз деп алаңдамайды. Оның үстіне, біздің аудан – ауыл шаруашылығына бейімделген өңір, – дейді ауыл тұрғыны Ермек Майқынов.
Осылайша, Жетісу облысының Алакөл ауданында аграрлық сектор жаңа деңгейге көтерілді. Өңір шикізаттық бағыттан біртіндеп өз өнімін өңдеу қуатын қалыптастыруға беттеп келеді. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін береді.
Жалпы, Жетісу облысында өндірілген өнімді өңдеу көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 68%-ға жеткенін атап өтуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды.
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.
«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.
AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.
Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.
Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.
Ынталы ауылдық округінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты қарттарымызға арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Мерекелік шара барысында ауыл әкімі Д. Орынбаев қазыналы қарттарды мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі. Сонымен қатар, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қосетов Абылғазы атамыз, Аналар кеңесінің төрайымы Абдрасилова Нұрсақып апамыз, мектеп директоры С. Басқанбаева және елге еңбегі сіңген, ауылдың өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқаты мен қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан, 12 жыл басшылық қызмет атқарған ауылымыздың құрметті азаматы Р. Мамырбеков қарттарға ізгі тілектерін білдіріп, ақжарма баталарын арнады. Шара барысында қарттарға арналған әндер шырқалып, көркемөнерпаздардың өнері ұсынылып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Қазыналы қарттарымызға көрсетілген құрмет – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге сіңірген еңбектеріне деген зор алғыстың белгісі.
Нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және мектеп оқушылары арасында есірткі заттарының зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында тиісті профилактикалық іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында оқушыларға есірткі құралдарын қолданудың адам денсаулығына тигізетін кері әсері, оның зияны мен салдары, есірткі заттарын қолданғаны және таратқаны үшін заңнамада көзделген құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірілді. Сонымен қатар, нашақорлықтың алдын алу жолдары, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде ақпарат берілді. Іс-шараға мектеп оқушылары, жауапты сала мамандары және қоғам белсенділері қатысып, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Нашақорлықтың алдын алу – қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар мектеп оқушылары арасында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Қазақстанда астық жинау 83%-ға аяқталды
Қазақстанда егістік құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюіне байланысты 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады. Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Қазақстандықтар жыл басынан бері бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеді
Сәбидің дүниеге келуі - кез-келген отбасы үшін зор қуаныш. Бұл маңызды оқиға тиісті мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу сияқты жауапты міндетпен толығады. Ата-аналар бала тууына байланысты жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алады. Биылғы жылдың 8 айында бала тууына байланысты біржолғы төлемді 200 мыңнан астам отбасы рәсімдеген.
Бұл ретте қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі болғандықтан, жәрдемақы рәсімдеу үшін ХҚКО-ға арнайы бару міндетті емес. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жолданады. Жәрдемақы алуға келісімін растап, банк шотын көрсеткеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Рәсімделген төлемдердің басым бөлігі оңтүстік өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 28 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған. Екінші орында 19 мыңнан астам төлем рәсімделген Алматы қаласы тұр. Ал үздік үштікті 17 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған Астана қаласы түйіндейді.
Мемлекеттен берілетін біржолғы қаржылай көмек мөлшері нәрестенің дүниеге келген кезегіне байланысты. 2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге берілсе, одан кейін туған балаларға берілетін жәрдемақы құны 272 475 теңгені құрайды.
Ата-аналар құжаттарды бала туған күннен бастап 18 ай ішінде рәсімдеуі маңызды. Себебі аталған мерзім өткеннен кейін, жәрдемақы алу құқығы жойылады.
Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 7 жұмыс күні ішінде, ал электронды үкімет порталы мен екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы 4 жұмыс күні ішінде рәсімдеуге болады.