«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
Жетісу облысында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі танымал болып келеді
Жетісу облысының тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделген дайын құжаттарды үйге немесе көрсетілген мекенжайларға жеткізу қызметі танымал бола бастады.
Бүгінде дайын құжаттарды жеткізу сервисі 18 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағаттық анықтамалар және әскери билет телнұсқалары бар. Жетісу облысы бойынша жеткізу құны 1 036 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО желісі бойынша жүргізуші куәліктерін, техпаспорттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін де үйге алдыртуға болады.
Мамандандырылған ХҚКО қызметтерінің тарифі бөлек есептеледі.
«Біздің мақсатымыз — халық үшін қолайлы жағдай жасау. Маңызды құжатты алу үшін азаматтарға енді жұмыстан сұранудың немесе жолға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ – олар құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады», — деп атап өтті филиал директоры Абзал Омаров.
Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне 1414 қызметінен арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өтінімді толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін жасалса – сол күні, ал 17:00-ден кейін жасалса – келесі жұмыс күні жеткізіледі. Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында курьер дайын құжатты жеткізу кезінде алушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді және 1414 нөмірінен алынған бірегей SMS-кодты сұрайды.
Лепсі ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл аумағының тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген жауапкершілікті арттыру.
Сенбілік барысында ауыл аумағы, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
Таза ауыл – баршамызға ортақ міндет! Туған жеріміздің көркі мен тазалығы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты.
Лепсі ауылдық округінде «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпаққа тәрбие беру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы ажырасу мен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Бірлестік өкілдері ұйымның негізгі мақсаттары мен міндеттері, ата-аналар мен балаларды қолдауға бағытталған бастамалар және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.
Кездесудің басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ана жауапкершілігін арттыру және жас ұрпақтың тәрбиесіне қоғамның назарын аудару.
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.
«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.
AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.
Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.
Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.
2 қазан күні Лепсі ауылдық кітапханасында Лепсі ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қарттары бар үйдің – қазынасы бар» атты ауыл қарттарымен мерекелік кездесу өтті.
Шараның мақсаты:
Жастарға 1 қазан – Халықаралық қарттар күні туралы түсінік бере отырып, үлкендерге құрмет көрсетуге, сыйлауға үйрету. Өз ата-бабасын ұмытпай, есте сақтауға, аталы сөзден ғибрат алуға, халқымыздың ұлттық салты мен әдет-ғұрпын бойға сіңіріп, сақтай білуге тәрбиелеу.
Кездесу барысында жастарға ұлттық қадір-қасиеттер, имандылық, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетудің маңыздылығы түсіндірілді.
30 тамыз мұражай, кітапхана, Мәдениет үйі қызметкерлері және ауылдық округ әкімдігі мамандарының бірлесуімен «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шара барысында:
Нашақорлықтың алдын алу;
Салауатты өмір салтын қалыптастыру;
Жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеу;
Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелері талқыланды.
Осындай профилактикалық іс-шаралар өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Салауатты өмір салтын таңда! Есірткіге — ЖОҚ де!
Қазақстанда астық жинау 83%-ға аяқталды
Қазақстанда егістік құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюіне байланысты 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады. Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.
2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.
Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелген азаматтар құқылы.
Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.
Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.