22-наурыз мейрамымен ауыл тұрғындарын құттықтау сөзі
Құрметті ауыл тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Ару көктемнің күні жадырап, көк шығып, жер беті жіпсіген уақытта Ұлыстың Ұлы күні төрімізге еніп отыр. Халқымыздың жаңа жылы, жыл бастауы болып саналатын Наурыз мерекесі сан жылдар бойы елдігіміздің шынары болып келеді.
Осынау атаулы да айшықты мереке-ұлттық нақышымыздың түп қазығына айналған береке мен молшылықтың қойнауы іспеттес жылылықтың, шуақты көктемнің мәңгілік бейнесі.
Ықылым заманнан бері зор мән-мағынаға толы аталмыш күннің қадір-қасиеті үлкен маңызға ие. Бұл күні арадағы реніштер сейіліп, татулық пен ырыс-береке салтанат құрады.
Күн мен түн теңеліп, табиғат оянатын мезгілде шығыс халықтарының ең бағалы да бағамды мейрамдарының бірегейі наурыз мерекесі екені анық. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз насихатталып, жыл сайын жаңғырып, жаңаша игіліктер қатарға енуде.
Татулықтың бастауы, әр шаңырақтың берекесі мен молшылық ырзық несібесінің жемісі әз Наурыз ұлтымыздың болмысының белгісі.
Ата-баба жолын жалғастырып, қымбат қазыналарымызды бойға сіңірген ұлтымыздың болашағы қашан да жарқын болмақ.
Ұлыстың Ұлы күні насихатталып, өзара бейбітшілік келісім құрылып, достық қарым-қатынас ұлғайып, ашық аспан астында бірлігіміз мықты болып, жарасымды ғұмыр кешейік, ағайын!
Құрметті Ақжар ауылдық округінің тұрғындары!
Ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін Наурыз мерекесі халықтар арасындағы достығымызды нығайтуда.
Баршаңызға осынау мерейлі күнде шаңырақтарыңызға бақ пен береке, ырыс-құт енсін! Дастархандарыңыз аққа толсын.
Құрметпен, Ақжар ауылдық округінің әкімі Е.Жапаргалиев