2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.
🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментке хабарласуға болады: +7(7282)240688, +77073010071.
@elgeqyzmet.gov.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті
Жетісу облысының тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделген дайын құжаттарды үйге немесе көрсетілген мекенжайларға жеткізу қызметі танымал бола бастады.
Бүгінде дайын құжаттарды жеткізу сервисі 18 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағаттық анықтамалар және әскери билет телнұсқалары бар. Жетісу облысы бойынша жеткізу құны 1 036 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО желісі бойынша жүргізуші куәліктерін, техпаспорттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін де үйге алдыртуға болады.
Мамандандырылған ХҚКО қызметтерінің тарифі бөлек есептеледі.
«Біздің мақсатымыз — халық үшін қолайлы жағдай жасау. Маңызды құжатты алу үшін азаматтарға енді жұмыстан сұранудың немесе жолға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ – олар құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады», — деп атап өтті филиал директоры Абзал Омаров.
Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне 1414 қызметінен арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өтінімді толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін жасалса – сол күні, ал 17:00-ден кейін жасалса – келесі жұмыс күні жеткізіледі. Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында курьер дайын құжатты жеткізу кезінде алушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді және 1414 нөмірінен алынған бірегей SMS-кодты сұрайды.
Жетісу облысының Ақсу ауданында соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы 23 жаңа әлеуметтік нысан салынып, 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, аталған кезеңде облыста әлеуметтік нысандардың жаңару деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған Ақсу аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өткен аптада аурухана пайдалануға беріліп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтылды. Қазіргі уақытта медициналық мекеме жұмысын бастады.
- Келесі жылдың бюджетінде аудан тұрғындарына қажетті компьютерлік томограф пен оттегі станциясын орнатуға қаражат қарастырылған. Енді аудан тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына бармайды. Сонымен қатар былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген мәселені ескере отырып, Қарашілік ауылында блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Бұдан бөлек, Қызылағаш ауылында шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған трассалық медициналық-құтқару пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Онда тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсетіледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Б. Исабаев.
Білім беру саласында биыл Көшкентал ауылында бұрынғы бейімделген ғимараттың орнына 180 орынды мектеп пен 75 орынды шағын орталық пайдалануға берілді. Мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Сондай-ақ физика, химия, биология пәндеріне арналған кабинеттерді, екі мультимедиалық кабинетті қамтитын жаңа үлгідегі оқу кабинеттері жабдықталған. Бұған қоса, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мәдениет саласында өңірде 3 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның екеуі биыл Ақсу ауданындағы Матай, Есболатов ауылдарында ашылды. Қапал ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жылыту қазандығы ауыстырылды.
Бұған дейін жеке ғимараты болмаған аудандық кітапханаға Жансүгіров ауылындағы балалар спорт мектебінің ғимараты берілді. Бұл кітапхананың жұмысына қолайлы жағдай туғызды.
- Сонымен қатар Арасан ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта нысанның жалпы дайындық деңгейі 73%. Осыған байланысты аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырамын. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Ақсу аудандық М. Байсақұлы атындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аумағын абаттандыруға 150 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды келесі жылдың көктемінде аяқтау қажет, – деген өңір басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов және фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі де ұсынды.
Жетісу облысы Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақты» «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экопарк ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі төртінші экопарк болмақ. Ол жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы, туризм саласы – облыс экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Өңір басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 50,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 23,1 млрд теңге қарастырылды, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 17,8 млрд теңгеге 23 демалыс аймақтары салынуда. Туристердің жайлы демалысы үшін қажетті инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Алакөл жағалауын нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту қондырғыларының (КОС) құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Көл жағалауында коммуналдық жағажайлар салынуда, осындай 3 жағажай болады. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту жұмыстары атқарылады.
Ал экологиялық туризмді дамыту бағытындағы үлкен жоба – Ескелді ауданында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады.
- Ақсу ауданында да туризм саласын дамытуды қолға алу қажет. Әсіресе, таулы және экологиялық туризм бағыттарын жандандыру арқылы ауданның туристік әлеуетін арттырып, аудан экономикасын көтеруге толық мүмкіндіктер бар. Осы бағыттағы перспективалы нысандардың бірі – Қапал ауылында орналасқан «Тамшыбұлақ» табиғи нысаны. Аталған нысанға келушілерге қажетті жағдай жасау және туристік маршруттарға енгізу мәселелерін қарастыру қажет. Сметасын әзірлеңіздер. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Тамшыбұлақ» эко-паркін қолға аламыз, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бұған дейін 3 экопарк - «Қойтас», «Тасбақа» және «Серкесай» құрылған болатын. Болашақта «Тамшыбұлақ» экопаркі солардың қатарына қосылмақ.
Жалпы, облысқа жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушылар Ақсу ауданындағы әйгілі Тамшыбұлақ бұлағының маңына 35 шырша отырғызып, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған облыстық жобаны бастап берді. Ағаш отырғызу шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Қапал орман шаруашылығының қызметкерлері де қатысты.
«Jetisy jastary» директоры Арнай Байжұрыновтың айтуынша, жоба көрікті жерлердің тазалығын сақтауға, тарихи мұраны насихаттауға және облыстың көрікті орындарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Іс-шара бағдарламасы аясында келушілерге бұлақтың тарихы мен мәдени құндылығын таныстырылды.
Акцияға қатысушылардың бірі, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Диана Абуталипова әсерін бөлісті. Ол бұл іс-шараның түрлі мәдениет өкілдері мен әр буынның басын қосқанын айтады. Сондай-ақ ол туған ауылының біртіндеп көркейіп, абаттанып, туристер үшін тартымды бола түскенін атап өтті.
- Отырғызылған шыршалар уақыт өте келе табиғи ландшафтың бір бөлігіне айналады әрі біздің бірлесіп жасаған еңбегімізді еске салып тұрады. Мұндай бастамалар табиғатқа қамқорлық нақты істерден басталатынын көрсетіп берді. Ал табиғи мұраны сақтау әр адамның атсалысуын қажет етеді, - деді ол.
«Жетісудың 7 қазынасы» жобасы арқылы Жетісудың табиғи және тарихи ескерткіштерін насихаттау жұмысы жалғастырылады. Жобаның басты мақсаты - туған өлкенің байлығына қоғам назарын аударып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылатын мұраларымызға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Биылғы жылдың соңына дейін Жетісу облысында табиғи газбен қамтылған адам саны 518 мыңға жетеді. Бұл ретте Ақсу ауданының 31 ауылына газ тарту жұмыстары биыл басталады. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді газдандыру жобалары аяқталғаннан кейін өңірді газдандыру деңгейі 93,8%-ға жетеді. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, облыс құрылғанға дейін тек 5 елді мекен немесе халықтың 27%-ы ғана газ тұтынған болатын. Бүгінде Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда, Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен табиғи газға қосылған, жыл соңына дейін тағы 16 ауылда жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде бұл көрсеткіш 74%-ға жетеді.
- Өткен жылы «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Биыл осы жұмыстарды бастауға Инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы қаржы қарастырылды. Соның ішінде Ақсу ауданының 31 ауылында газ тарту жұмыстарын биыл бастаймыз, келесі жылы аяқталады - деді Бейбіт Исабаев.
Сол сияқты кездесу кезінде өңір басшысы ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Биыл облыста 11 елді мекенде жұмыстар жүргізілуде, жыл соңына дейін 8 елді мекенде аяқталады, 3 елді мекендегі жұмыстар келесі жылға өтпелі. Соның ішінде Ақсу ауданында орталық ауыз сумен қамту көрсеткіші - 99,7%. Биыл Бәйтерек, Алтынарық, Қопа, Ақтоған ауылдарындағы су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте Бейбіт Исабаев Жансүгіров ауылынның тұрғындары үшін 3 ұңғымадан су алынып отырғандықтан, мекеменің электр энергиясын тұтыну шығындарын азайту мақсатында және тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін келесі жылы облыстық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылып, күн панельдерін орнату жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Атап өтсек, қазіргі таңда облыстағы елді мекендердің 93% таза ауыз сумен қамтылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай
Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ақсу ауданында да жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай жақсарған. Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 180,2 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекендегі 49 көше жаңартылды, 5 ауылда көше жарығы орнатылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» (40 шақырым) және «Ақсу – Жаңалық» (22 шақырым) автожолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды.
- «Жансүгіров - Матай» автожолының Ақсуға дейінгі учаскесінде 30 шақырым жолға толықтай асфальт төселді. «Ақсу - Ойтоған» және «Ақсу - Қаракөз» автожолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де жыл сайын ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биыл Жансүгіров ауылында 9 көше жөнделді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, былтыр облыстық маңызы бар Егінсу, Алтынарық ауылдарына кіреберіс автожолдар, сондай-ақ «Алматы - Өскемен» тасжолынан Қапал ауылына дейінгі 26 шақырым жол учаскесі жөнделді.
Сонымен қатар өңірде республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырымды құрайтын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 103 шақырым жолда жұмыс аяқталды, қалған учаскелердегі жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш ауданда орталық саябақты жөндеу қолға алынды. Соның бірі Ақсу ауданында орналасқан, яғни Жансүгіров ауылындағы бұл нысанда қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Орталық саябақтың күрделі жөндеуі келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қаратал, Көксу және Ақсу аудандарында саябақтарды жөндеу қолға алынған.
- Жансүгіров ауылындағы қараусыз қалған, жалпы алаңы 21 гектар алқапты алып отырған саябақты екіге бөлуге шешім қабылдадық. 10 гектарын демалыс орнына қалдырып, қалғанына ауданға қажетті заман талабына сай стадион салуды жоспарлап отырмыз. Саябақты күрделі жөндеу жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен бастапқы қаржы бөлінді. Қалған қаражатты келесі жылы қарастырамыз. Саябақтың құрылысын келесі жылы аяқталуы тиіс. Стадионның жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Құжаттарын дайындап, тиісті өтінім ұсыну қажет. Аудан әкіміне аталған жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді Б. Исабаев.
Өңір басшысы ақсулықтармен кездесуінде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, балалар мен спорт алаңдарын салу және абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Ақсу ауданында биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделуде, тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Ал өткен жылы Матай, Қызылағаш Жансүгіров ауылдарындағы 16 үйдің шатыры мен қасбеті, аулалары жаңарған болатын. Сол сияқты 2025-2026 жылдары Матай, Көлтабан, Көшкентал, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарында 40 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1300-ден астам дана көше жарық шамдары орнатылды.
Жансүгіров ауылында тұрғын үйлері абаттандырылған тұрғындар пікір білдірді.
- Бұрын біз тұратын көпқабатты үйлер жүдеу тартып, сырты тозып тұрған. Қазір абаттандырудың арқасында қабырғасы жаңарып, шатыры ауыстырылды. Жаңа үйден кем емес болды. Осы шараларды атқаруға атсалысқан азаматтардың бәрен алғыс айтамыз, - деді Мұратхан Жұманов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.
- Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.
Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі - Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.
- Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, - деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.
Жетісу облысында екі қант зауытының жалпы өндірістік қуаттылығы 950 мың тоннаға дейін өседі. Соның ішінде Ақсу зауыты 450 мың тоннаға, Көксу зауыты 500 мың тоннаға жеткізбек. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жансүгіров ауылындағы М. Байсақұлы атындағы Мәдениет үйінде өткен аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, биыл қант қызылшасы мен қант қамысынан 101 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарлануда. Бұл ретте екі қант зауытын жаңғыртуға тартылатын инвестиция көлемі 54 млрд теңгеден асады. Жалпы, 2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 299 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан 2,7 млрд теңгеге 2 жоба - «Архарлы Майбүйрек» ЖШС, «Агрохолдинг Жетісу» ЖШС іске қосылды. Сондай-ақ Көксу ауданында қуаттылығы 15 мың тонна құс етін өндіретін «Белес-Агро» құс фермасының құрылысы басталады.
- Ирригациялық жүйелерді жаңғырту бойынша биыл облыста жалпы құны 47 млрд теңге болатын 9 жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіліп, 34,3 мың гектар алқап толық сумен қамтылды. Облыста бүгінгі күнге су үнемдеу технологиялары 45,5 мың гектарға енгізілген. Ақсу ауданында Ислам Даму банкі арқылы қаражат бөлініп, ауданның суару желілеріне реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін толығымен аяқталып, 11,5 мың гектар аумақта сумен қамтамасыз ету жақсартылады, - деді Б. Исабаев.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қызылағаш суару массивінің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 98% орындалды, биыл толығымен аяқталады.
Облыс әкімі өз сөзінде пайдаланылмай жатқан жерделді мемлекет меншігіне қайтару жайына да тоқталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде өнеркәсіп пен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайлы айтты. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда жол салу, сумен және газбен қамту, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар салу мәселелері де сөз болды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі:
– Соңғы 2 жылда Ақсу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар. Бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру қажет. Аудан басшылығының басты міндеті – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, – деп түйіндеді Б. Исабаев.
Айта кетейік, сол күні Бейбіт Исабаев аудан әкімдігінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жұмабай Мұсабеков түсірді және бірқатар фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.