Егінсу ауылындағы мектепте қарттар күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараға ауыл ақсақалдары, зейнеткер ардагерлер, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Концерт барысында оқушылар халық әндерін, күйлерді орындап, қарттарға арнап жылы тілектер жеткізді. Жас таланттардың өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Концерттен кейін қонақтарға арнап ақ дастарқан жайылды. Ақсақалдар мен әжелер қазақтың дәстүрлі тағамдарымен қонақ болып, жас ұрпақтың құрметіне бөленді. Қарттарға денсаулық, амандық, отбасына береке тілек/тілектер айтылды.
Мұндай іс-шаралар үлкенді сыйлау, ұлттық дәстүрді жалғастыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.
«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.
AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.
Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.
Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.
«Жеке менеджер» қызметі барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда ұсынылады. Ал жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді алу үшін азамат тіркелген жері бойынша жүгініп, келісімшарт жасайды. Осыдан кейін жеке менеджер құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде қызмет алушыға жеке қолдау көрсетіп, қызметті басымдықпен алуға мүмкіндік береді.
Қызмет құны халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 5 697 теңге, ал мамандандырылған ХҚКО-ларда – 6 306 теңге.
Сонымен қатар, түрлі себептермен ХҚКО-ға келе алмайтын азаматтар үшін жеке менеджердің көшпелі қызмет көрсету форматы қарастырылған. Бұл жағдайда маман алдын ала берілген өтінім бойынша келісілген уақыт пен мекенжайға барып қызмет көрсетеді. Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге.
Айта кетейік, көшпелі формат ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтері бойынша ғана көрсетіледі. Алайда паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтері бұл форматқа кірмейді.
Аталған сервис әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар, жұмыс кестесі тығыз азаматтар мен кәсіпкерлер арасында кең сұранысқа ие. Қызметті кез келген азамат өз қалауымен пайдалана алады.
Жеке менеджердің көшпелі қызметіне өтінім беру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөлімінен «Жеке менеджердің үйіне бару» қызметін таңдап, өтінім қалдыру қажет. Сондай-ақ 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да кеңес алып, өтінім беруге болады.
21-25 қыркүйек аралығында Жетісу облысында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Негізгі мақсат — есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ олардың алдын алу.
Полиция есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.
«АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, 1 миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.
Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамыз айында 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674-ті құрады. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды.
Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Бүгін Егінсу ауылдық округі әкімінің аппаратында мамандардың қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау және заң талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа бірге қарсы тұрайық!
#СыбайласЖемқорлыққаЖолЖоқ #АдалҚоғам #ТазаҚазақстан #Егінсу
Жетісу облысының мектептерінде Білім күні «Жас сақшы» жас сарбаздар сыныптары ашылды. «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Білім күні «Жас сақшы» сыныптары Ескелді ауданы Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектепте, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы Күреңбел қазақ орта мектебінде, Қаратал ауданы Достық ауылындағы Б. Римова атындағы мектеп-гимназияда және Көксу ауданы Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ашылды.
Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген С. Сейфуллин атындағы мектепте мамандандырылған сыныптың салтанатты ашылуына облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сарқытбай Құсайынов қатысты. Ол «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына патриоттық мазмұндағы кітаптар табыстады. Салтанатты жиын барысында «Жас сақшы» қатарына қабылданған оқушылардың ант беру рәсімі өтті. Мектеп оқушылары тәртіпті сақтауға, білімге ұмтылуға және Отанды сүюге ант берді.
Ал Елтай орта мектебінде ашылған жаңа сынып – Жетісу облысындағы тоғызыншы «Жас сақшы» сыныбы. Мұнда 8 «А» сыныбының 24 оқушысы білім алады. Сынып жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Гүлмира Қабылашева тәрбиеленушілерінің басым бөлігі оқу озаттары мен жақсы оқитын оқушылар екенін атап өтті. Ол оқушылар мектеп басшылығы мен ішкі істер органдарындағы аға тәлімгерлерінің өздеріне артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
– Біздің басты мақсатымыз – заңды құрметтеуді, Отанға деген сүйіспеншілікті және «Заң және тәртіп» қағидатын өмірлік маңызды бағдар ретінде қабылдайтын білімді, тәртіпті әрі жауапты жас азаматтарды тәрбиелеу. Бұл ретте «Жас сақшы» сыныбының маңызы зор. Сонымен қатар бұл сынып бірқатар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына жасалған алғашқы қадам деуге болады, – дейді ол.
«Жас сақшы» сыныбының оқушысы Айзере Жүсіпқан өз ойын білдірді.
– Менің әкем – полиция қызметкері. Бала кезімнен оның формасына, жинақылығына қызығып, әкем сияқты болуды армандадым. Бүгін бұл арманыма бір қадам жақындап, «Жас сақшы» сыныбының оқушысы атандым. Бізге бұл сыныпта білім алу Полиция академиясына түсу кезінде белгілі бір артықшылықтар беретінін түсіндірді. Бұған өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым – жақсы оқу, болашақта әкемнің жолын қуып, Отан игілігі үшін қызмет ету, – деді ол.
Жалпы, Білім күні Жетісу облысында осындай төрт арнайы сынып ашылды. Бүгінде жобада облыстағы 9 мектептің 210 оқушысы қамтылған. Оның 4-еуі Талдықорған қаласында орналасқан. Құқықтық тәрбие аясында полиция қызметкерлері оқушыларға қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдылықты сақтау мәселелеріне арналған тақырыптық әрі профилактикалық сабақтар өткізеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.
Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.
Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.
Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.
Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.
Мемлекеттік корпорация ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруда
2026 жылдың басынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендер тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат оқудан өтті.
Қазақстан Республикасында жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және оларды онлайн форматта өз бетінше алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлер арасында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында оқытылған азаматтар саны басым.
Оқу сабақтарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары еліміздің әр өңіріндегі ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Сабақ барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның негізгі құралдары мен мүмкіндіктерін меңгерді.
Еске сала кетейік, электрондық мемлекеттік қызметтерді және заманауи онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.