«Жеке менеджер» қызметі
«Жеке менеджер» қызметі барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда ұсынылады. Ал жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді алу үшін азамат тіркелген жері бойынша жүгініп, келісімшарт жасайды. Осыдан кейін жеке менеджер құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде қызмет алушыға жеке қолдау көрсетіп, қызметті басымдықпен алуға мүмкіндік береді.
Қызмет құны халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 5 697 теңге, ал мамандандырылған ХҚКО-ларда – 6 306 теңге.
Сонымен қатар, түрлі себептермен ХҚКО-ға келе алмайтын азаматтар үшін жеке менеджердің көшпелі қызмет көрсету форматы қарастырылған. Бұл жағдайда маман алдын ала берілген өтінім бойынша келісілген уақыт пен мекенжайға барып қызмет көрсетеді. Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге.
Айта кетейік, көшпелі формат ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтері бойынша ғана көрсетіледі. Алайда паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтері бұл форматқа кірмейді.
Аталған сервис әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар, жұмыс кестесі тығыз азаматтар мен кәсіпкерлер арасында кең сұранысқа ие. Қызметті кез келген азамат өз қалауымен пайдалана алады.
Жеке менеджердің көшпелі қызметіне өтінім беру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөлімінен «Жеке менеджердің үйіне бару» қызметін таңдап, өтінім қалдыру қажет. Сондай-ақ 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да кеңес алып, өтінім беруге болады.
Азаматтардың назарына мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасудың тәртібі жайлы жадынаманы ұсынамыз!
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасу тәртібі толықтай цифрландырылған. Былтырғы жылдан бастап мемлекеттік қызметке орналасу процессі «Е-қызмет» www.eqyzmet.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылып келеді және ағымдағы жылдың сәуір айының 1-і күнінен бастап кезекті рет жетілдірілдіп, одан әрі оңтайландырылды.
Толығырақ айтсақ, «Е-қызмет» порталы арқылы сіз:
- ҚР заңнамаларын білуге және жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуді конкурстық іріктеуге дейін өтіп 1 жыл бойына бос лауазымдарға қатысу құқығын аласыз;
- Құжат қабылдау жарияланған бос лауазымдармен танысып, конкурстық іріктеуге онлайн қатыса аласыз;
- Бар болғаны 2 практикалық тапсырманы орындап - 1 ғана конкурстық кезеңді өту арқылы 5-7 күн ішінде мемлекеттік қызметке орналаса аласыз (басшылық емес лауазымдар үшін).
Егер сіз мемлекеттік қызметке орналасқыңыз келсе үйден шықпастан онлайн форматта барлық рәсімдерді өтіп, алғашқы жұмыс күніне бірақ кірісуіңізге болады.
Құрметті азамат, мемлекеттік қызметке келіңіз - ел үшін қызмет етіңіз!
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді
Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.
«АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, 1 миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.
Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамыз айында 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674-ті құрады. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды.
Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Арасан ауылдық округінің тұрғыны Ыбырай Жаңылған алты бала тәрбиелеп өсіріп, көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. 🏅
Марапатты Арасан ауылдық округінің әкімі Кабиров Рамиль Зарифұлы салтанатты түрде табыстады.
👨👩👧👦 Алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған анаға зор денсаулық, отбасына амандық, береке-бірлік және балалардың қызығын көруді тілейміз!
💐 «Алтын құрсақты ана – елдің ырысы». Ана еңбегі әрдайым құрметке лайық!
СҮЙІНШІ ХАБАР! 🇰🇿🏆
Бүгін ауылымыз үшін ерекше қуанышты әрі мерейлі күн!
Қырғызстанда өткен Халықаралық Ұлы Көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, құрама топ сапында І орынға ие болған жерлесіміз, ауылымыздың мақтанышы Қабдолдаев Берікхан Көксегенұлын зор қуанышпен қарсы алып отырмыз!
Берікхан Көксегенұлы – атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнерімізді дәріптеп, жүйрік баптап, атбегілік өнердің қыр-сырын меңгерген азамат. Осындай дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікте желбіретіп, туған ауылымыздың мерейін асқақтатқаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз!
Бұл жеңіс – бір адамның ғана емес, туған жердің, елдің жеңісі!
Берікхан Көксегенұлының әрбір жетістігі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыра берсін!
Құрметті Берікхан Көксегенұлы!
Жеңісіңіз құтты болсын! Аттарыңыз бәйгеден озып, абырой-беделіңіз асқақтай берсін! Алдағы жарыстарда да биіктерден көрініп, Қазақстанның көк байрағын талай мәрте жеңіс тұғырында желбірете беруіңізге тілектеспіз!
Отбасыңызға амандық, өзіңізге зор денсаулық, еңбегіңізге береке тілейміз!
Туған жердің төріне жеңіспен оралғаныңыз құтты болсын!
Ауылымыздың абыройын асқақтатып, ұлттық өнерімізді дәріптей беріңіз!
Жеңісті күндеріңіз көп болсын! 🇰🇿🐎🏆
Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесін меңгеруде
Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.
Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.
Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.
Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.
Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.
Есірткі – адам денсаулығына, өміріне және қоғамның қауіпсіздігіне зор қауіп төндіретін зиянды зат. Нашақорлық – адамның денсаулығын бұзып қана қоймай, отбасы мен қоғамға ауыр зардаптар әкелетін қауіпті дерт.
Есте сақтаңыз:
Есірткіні бір рет қолданудың өзі тәуелділікке әкелуі мүмкін.
Есірткі адамның жүйке жүйесіне, ішкі ағзаларына және психикалық денсаулығына кері әсер етеді.
Есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Күмәнді адамдармен араласудан және белгісіз заттарды қолданудан сақ болыңыз.
Алдын алу шаралары:
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.
Спортпен тұрақты айналысып, бос уақытыңызды тиімді ұйымдастырыңыз.
Отбасыңызбен және жақындарыңызбен ашық қарым-қатынас орнатыңыз.
Жастарды пайдалы үйірмелер мен қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандырыңыз.
Есірткінің зияны туралы сенімді ақпарат көздерінен мәлімет алып, айналаңыздағы адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз.
Құрметті тұрғындар!
Егер есірткінің заңсыз айналымына қатысты күмәнді жағдайларға куә болсаңыз немесе осындай құқық бұзушылықтар туралы ақпарат білсеңіз, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыз.
Есірткісіз өмір – жарқын болашақтың кепілі!
Өз денсаулығыңызды сақтап, заң талаптарын құрметтейік!