Құрметті құтқарушылар!
Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Қауіптер мен тәуекелдерге қарамастан, адам өмірін құтқаруға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметтеріңіз ерлік пен ісіңізге деген адалдықтың үлгісі болып табылады.
Жауапты жұмыстарыңызда сәттілік, отбасыларыңызға амандық және мықты денсаулық тілейміз!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды.
Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды.
Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі деп Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты хабарлайды.
Құрметті кәсіподақ мүшелері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Қазақстан кәсіподақтары күнімен құттықтаймыз!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолындағы табанды қызметтеріңіздің арқасында елімізде әлеуметтік тұрақтылық нығайып, экономиканың дамуына серпін беріліп, әрбір азаматтың лайықты өмір сүруі мен еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасалуда.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ертеңгі күнге деген сенім, жаңа жетістіктер және қоғам игілігі жолындағы маңызды қызметтеріңізге толағай табыс тілейміз!
Елдің болашағы туралы ойланғанда ең алдымен мемлекетіміздің келесі ұрпаққа қандай күйде табысталатыны толғандырады. Тәуелсіздігі берік, заңы әділ, азаматының еңсесі биік Қазақстанды сақтау мен дамыту бүгінгі буынның жауапкершілігіне байланысты. Конституцияның қоғамдық мәні де осы жауапкершілікті ортақ мақсатқа айналдыруынан көрінеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция ел дамуының құқықтық негізін жаңартты. Оның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы, Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқындалған. Бұл ұстанымдар мемлекеттіліктің тарихи тамыры мен бүгінгі даму бағдарын өзара байланыстырады.
Жаңа Конституция мемлекеттік биліктің құрылымына да елеулі өзгерістер енгізді. Заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде Құрылтайдың мәртебесі бекітілді. Вице-Президент лауазымы көзделді. Халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде Қазақстан Халық Кеңесі айқындалып, оған Құрылтайға заң жобаларын енгізу құқығы берілді. Олардың қызметі азаматтардың ұсыныстарын елдік шешімдерге ұластырып, өкілді билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етуі қажет. Тәуелсіздікке құрмет өз мемлекетіңнің тағдырына бейжай қарамаудан басталады.
Қазақстанның табысы да, шешуге тиіс мәселелері де бәрімізге ортақ. Сондықтан мемлекетшілдік ұстаным әр шешімнің елдің тұтастығына, қоғамның келісіміне және халықтың болашағына қалай әсер ететінін бағалауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Конституцияны терең түсіну саяси мәдениеттің маңызды белгісі деп санаймын. Ата Заңда адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген. Мемлекеттік басқарудың мәнін түсінуге осы қағида жеткілікті бағыт береді. Азаматтың құқығы қорғалған, еңбегі бағаланған, заңды талабы әділ қаралған жерде мемлекетке сенім орнығады. Әділеттілік адамның өз елінде ертеңіне сеніп өмір сүруіне мүмкіндік беруі керек. Конституцияда қазіргі заманның азамат қауіпсіздігіне қатысты талаптары да ескерілген. 21-бапта цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына кепілдік берілген. Аталмыш мәселе әрқайсымыздың жеке өмірімізге тікелей қатысты.
Мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық қатынастар цифрлық кеңістікке көшкен сайын адамның жеке мәліметінің қорғалуы ерекше мәнге ие болады. Технологиялық ілгерілеу азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін сақтау жауапкершілігімен қатар жүруге тиіс. Мен үшін патриотизмнің салмағы туған ел алдындағы міндетті адал атқарудан көрінеді. Кәсібін жауапкершілікпен жүргізген кәсіпкер, шәкіртіне сапалы білім берген ұстаз, жерін ұқыпты күткен диқан, заңды әділ қолданған қызметші елдің дамуына нақты үлес қосады. Осындай еңбектің қадірін білетін қоғамда отаншылдық күнделікті өмірдің табиғи ұстанымына айналады. Мемлекет қуаты азаматтардың жасампаз еңбегі арқылы артады. Елдік мұраттардың өңірдегі іске асуына ерекше мән береміз. Өйткені азамат мемлекеттік саясатты өзінің өміріне тигізген әсері арқылы бағалайды. Ауылдағы жағдай, білім мен медицинаның қолжетімділігі, еңбек ету мүмкіндігі, табиғаттың жай-күйі оның болашаққа сеніміне ықпал етеді. Өңірдің дамуы туралы әрбір шешім осы өмірлік қажеттіліктермен байланысын сақтауға тиіс. Конституцияның 88-бабы мәслихаттарға халықтың ерік-мүддесін білдіру, жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып қажетті шараларды айқындау және олардың жүзеге асырылуын бақылау міндетін бекітеді. Тұрғынның үнін есту, түрлі көзқарасты байыппен таразылау, ортақ мүддеге сай шешімге келу жергілікті өкілді биліктің қоғамдық беделін қалыптастырады.
Халық мүддесін білдіру үшін мәселенің себептерін түсіну қажет. Бір ауылдан көтерілген ұсыныс тұтас өңірге ортақ қажеттілікті аңғартуы мүмкін. Бір азаматтың өтініші көп адамның күнделікті өміріне әсер ететін түйткілді көрсетуі ықтимал. Сондықтан қоғамдық пікірге назар аудару, сынның негізін зерделеу және шешімнің салдарын алдын ала бағалау басқарудың сапасын арттырады. Саяси байыптылық осындай жұмыста танылады.
Жергілікті бюджетке қатысты жауапкершіліктің де мәні терең. Бюджет арқылы бүгінгі қажеттілік пен ертеңгі даму арасында таңдау жасалады. Қаражаттың қайда бағытталатыны өңірдің мүмкіндігін айқындайды. Сондықтан әрбір шығыстың қоғамдық пайдасы, негізділігі және ұзақ мерзімді нәтижесі мұқият бағалануға тиіс. Халыққа осы таңдаудың себебін түсіндіре білу билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылған. Мен бұл бағдарды елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігімен байланыстырамын. Жастардың сапалы білім алып, қабілетін өз елінде жүзеге асыруына жағдай жасау өңірлік саясаттың да маңызды өлшемі болуы қажет. Жетісудың келешегін табиғи байлығымен бірге білімді, еңбекқор, бастамашыл азаматтарының әлеуеті айқындайды. Елдің дамуына қызмет ететін саяси мәдениетте пікір алуандығына құрмет пен ортақ жауапкершілік қатар жүреді.
Азаматтың сауалына байыппен қарау, негізді сыннан қорытынды шығару, шешімді дәлелмен түсіндіру мемлекет беделін көтереді. Қоғамдық келісімді сақтау үшін адамдардың әділдікке деген сұранысын ескеріп, олардың мемлекет өміріне қатысуына мән беру керек. Заңға құрмет те осы сеніммен сабақтас. Әділ әрі бірізді қолданылған заң азаматқа өз құқығын түсінуге, міндетін орындауға және болашағын жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік өкілеттік берілген адамға қойылатын талаптың жоғары болуы заңды. Оның әр әрекеті қоғамдық мүддеге сай, шешімі негізді, сөзі жауапты болуға тиіс. Қызметтің абыройы осындай ұстанымға сүйенеді. Тәуелсіз мемлекетті нығайту, ұрпақтың мүмкіндігін кеңейту, қоғамның сенімін сақтау күнделікті жауапты әрекетті қажет етеді. Жетісудың дамуына қосқан адал үлесіміз Қазақстанның өркендеуіне қызмет етеді. Елге деген сүйіспеншіліктің ең сенімді дәлелі өзіңе жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып, кейінгі ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруға ұмтылу деп білемін.
Аманжол ЖАЗЫҚБАЕВ,
Жетісу облыстық мәслихатының аппарат басшысы
Құрметті ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңіз - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұстаз – әрбір шәкірттің жүрегіне білім нұрын сыйлап, болашаққа жол ашатын ұлы тұлға. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, ізгі ниеттеріңіз, білімге деген адалдықтарыңыз қоғамның рухани дамуына, жас ұрпақтың жарқын болашағына үлкен үлес қосып келеді.
Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, әр күндеріңізге қуаныш тілейміз!
Ұстаз – мәңгілік құрметке лайық!
Құрметті ардагерлер, аға буын өкілдері!
Сіздерді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіздер – ел дамуына өлшеусіз үлес қосып, кейінгі ұрпаққа өнеге мен тағылым қалдырған ардақты жандарсыздар. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – қоғам үшін баға жетпес құндылық.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке, әр күндеріңізге қуаныш пен шаттық тілейміз!
Ұрпақтар сабақтастығы нығая берсін!
Қарттарымыздың абыройы асқақ, мерейі үстем болсын!
Сіздерді кәсіби мерекеңіз - Қазақстан Республикасы Әділет органдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Әділет жүйесі - қоғамның тұрақтылығы мен құқықтық мемлекет құрудың маңызды тетігі. Халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолындағы адал еңбегіңіз бен жауапкершілігіңіз үшін алғыс айтамыз!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен толағай жетістіктер тілейміз!
Мұхтар Әуезов – бір дәуірдің ғана емес, тұтас ұлттың рухани келбетін айқындаған қаламгер. Ол әдебиетті көркем сөздің шеңберінде қалдырмай, халықтың тарихын, тағдырын, мінезін және арманын танытатын биік өнер деңгейіне көтерді.
Жазушының «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазақ даласының тыныс-тіршілігі, елдік болмысы мен қоғамдық өмірі әлем оқырманына жетті. Бұл шығарма – ұлттық әдебиеттің ғана жетістігі емес, қазақ халқының рухани әлемін жаһанға танытқан тарихи құбылыс.
Уақыт өзгереді, ұрпақ алмасады. Алайда ұлттың рухани жадында орныққан есімдер көмескіленбейді. Мұхтар Әуезовтің мұрасы – соның айқын дәлелі.
Ұлы қаламгердің туған күні – қазақ сөз өнерінің қуатын, ұлттық әдебиеттің биігін және руханият алдындағы жауапкершілікті еске салатын тағылымды күн.
Мұхтар Әуезовтің тағылымды ғұмыры мен өлмес мұрасы ұрпақ санасында жаңғыра берсін!
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы. Бұл жөніндеЖетісу облысы әкімінің аппараты сыртқы байланыстар және протоколдық іс-шаралар бөлімінің басшысы С. Жарманов ақпарат беріп, ұсынылған кандидатураларды таныстырды.
Екінші мәселе – Жетісу облысы Полиция департаментінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы есебі. Полиция департаменті бастығының орынбасары Қ. Оспановтың айтуынша, 2026 жылы департаментке 16 млрд 65 млн теңге бөлінген. Жылдың алғашқы алты айында бюджеттің орындалуы 6 млрд 909,5 млн теңгені немесе 47,9 пайызды құраған.
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есепті кезеңде облыста 46 жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адам қамтылған. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны 4,3 пайызға, қылмыстар саны 2 пайызға төмендеген. Ұрлық, мал ұрлығы, тонау және алаяқтық фактілері азайған.
Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 15,3 пайызға өскен. Адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, ауыр санаттағы ұялы телефондар мен автокөліктерді ұрлау, тонау, қарақшылық, бопсалау, автокөлікті айдап кету және бұзақылық қылмыстарының ашылу деңгейі 100 пайызды құраған.
Қылмыстарды ашу деңгейі 79,2 пайыз болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайыздық тармаққа артқан. Қоғамдық қауіпсіздік бағытында 35 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 64 мыңнан астам фактісі анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған 2 млрд теңгеге жуық айыппұлдың 1,6 млрд теңгесі, яғни 79,9 пайызы өндірілген.
Баяндама барысында полиция қызметін цифрландыруға және жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше назар аударылатыны айтылды. 2026 жылы бұл бағыттарға 1 млрд 118,9 млн теңге бөлініп, оның 900 млн теңгесі игерілген. Жедел басқару орталығын құруға қажетті техникалық жабдықтар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін желіаралық экран сатып алынған.
Сонымен қатар мобильді жарылыс-техникалық кешенін сатып алуға 1,3 млрд теңге бөлініп, оны жеткізу 2026 жылдың қазан айына жоспарланған.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында Лепсі ауылындағы учаскелік полиция бөлімі ғимаратының ағымдағы жөндеуі аяқталып, нысан маусым айында пайдалануға берілген. Ескелді, Қаратал, Кербұлақ және Көксу аудандарындағы 10 учаскелік полиция пунктін жөндеуге 81,3 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде облыстағы 97 учаскелік полиция пунктін Полиция департаментінің балансына беру жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар патрульдік полицияның штат саны 33 бірлікке ұлғайтылған.
Үшінші мәселе – Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында берген тапсырмаларының орындалу барысы.
Президент Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында мал шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлық әлеуетті арттыру, жайылымдарды тиімді пайдалану және саланы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөнінде тапсырмалар берген болатын.
Осы бағытта Жетісу облысында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Облыста мал басын 3,2 млн басқа, ет өндірісін 94 мың тоннаға, сүт өндірісін 85 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. 2026 жылдың 7 айында мал басы 4%-ға өсіп, 2,89 млн басқа жетті.
Саланы қолдауға биыл 7 млрд теңге субсидия бөлініп, 17 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, «Береке», «Игілік» және «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары іске қосылды.
Ветеринария саласында 2023–2026 жылдары материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінді. 83 арнайы автокөлік, 217 компьютер және 238 планшет сатып алынды. 2022–2026 жылдары 83 ветеринариялық пункт пен 5 ветеринариялық станция салынды және салынуда.
Ветеринариялық қызмет мамандармен толық қамтамасыз етіліп, олардың біліктілігін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша жоспарланған іс-шаралардың 86%-ы орындалды, эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Төртінші мәселе – Жетісу облысында «Жайылымдар туралы» Заңның орындалуы туралы.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е. Әпековтың айтуынша, елді мекендердегі халықтың мал жаю қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда 774,5 мың гектар қоғамдық жайылым бекітілген. 2026 жылға белгіленген жоспар 97,1 мың гектар болса, қазіргі уақытта 204 мың гектар жер бекітіліп, жоспар 210,1 пайызға орындалған. Халықтың жайылымға деген қажеттілігі 43,8 мың гектарды құрайды.
Жерді тиімді пайдалану бағытында 2022–2025 жылдары 1 млн 318 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталып, оның 606,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған және толықтай ауыл шаруашылығы айналымына тартылған. Оның ішінде 272 мың гектары халықтың мал жаюына арналған жайылым ретінде берілген.
Биыл 40 мың гектар жерді қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге 68,4 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 171 пайызға орындалған.
Сонымен қатар жер берудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында электрондық конкурс тетігі енгізілуде. Пилоттық жоба аясында Сарқан ауданында жалпы көлемі 7,5 мың гектар болатын 4 жер учаскесі электрондық конкурсқа дайындалған.
Келесі мәселе – Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 16 мамырдағы «Жетісу облысы елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы» №3-24 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Шешім жобасы өңірдегі жасыл екпелерді құру, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын қолданыстағы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң талаптарына және Экология министрлігінің Үлгілік қағидаларына сәйкестендіру мақсатында әзірленген.
Сонымен қатар, Жетісу облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-202 «2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланған мәселелер кезекті XLII сессияның қарауына енгізілді. Сессия барысында көтерілген мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Туризм күні құтты болсын!
Туризм – халықтарды жақындастыратын, мәдениеттерді тоғыстыратын, елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды сала.
Баршаңызға қызықты саяхаттар, жаңа әсерлер мен ұмытылмас кездесулер тілейміз!
Саяхаттаңыздар – өйткені өмір бір ғана мекенмен шектелмейді!