Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Е.Е. Ақболатовтың 2025 жылғы қызметі

Үш жылдық депутаттық қызмет барысында сайлаушылардың сенімін ақтау негізгі басымдық ретінде белгіленді.

2025 жылы облыстық мәслихат депутаты Е.Ақболатов сайлаушылардың мүдделерін қорғау бағытында қызмет атқарып, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары арқылы және жеке кездесу барысында халықпен ашық әрі тұрақты диалог орнатып,  өтініштерін қарастырды. Жыл ішінде 4 қоғамдық қабылдау және Талдықорған қаласында, Сарқан, Панфилов, Көксу және Қаратал аудандарында 5 жеке қабылдау өткізілді. Қабылдауларға қатысқан 10 азаматтың барлық мәселелері оң шешімін тапты.

Атап айтқанда, 4 өтініш бойынша материалдық және азық-түлік көмегі көрсетілді, 3 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды, 2 өтініш бойынша құқықтық қолдау көрсетілді, сондай-ақ Талдықорған қаласының орталығындағы Щорса көшесін жарықтандыру мәселесі шешілді.

Халықтың өзекті мәселелерін шешудегі маңызды құрал депутаттық сауалдар болып табылады.  2025 жылы 4 депутаттық сауал жолданып, оның екеуі бойынша кемшіліктер жойылып, бақылауға алынды. Бір сауал қаралу сатысында қалса, тағы бір депутаттық сауалдың нәтижесінде Орақты батыр мен Ш.Айманов көшелерінің қиылысына қиыршық тас (асфальт) төселді.

Сонымен қатар, 2025 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде Талдықорған қаласының "Шайқорған" тұрғын алабының Атамұра, Астана, Ақберген және Қойлық көшелерін орташа жөндеуге 138,6 млн теңге бөлуге ықпал етті.

Депутаттың қызметі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды. 2025 жылы баспа басылымдарында 61 мақала, интернет-ресурстарда 35 материал, жергілікті телеарнада   61 сұхбат пен 12 телевизиялық сюжет жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 267 ақпараттық жазба жарияланды.

Партиялық тізіммен сайланған депутат ретінде Е.Ақболатов «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасының орындалуын бақылауға алды. Өзі жетекшілік еткен «Жастар бағыты» бойынша жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі жүзеге асырылды. Алайда, жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несиелер беру көрсеткіші республикалық бюджеттен қаржыландырудың болмауына байланысты толық орындалмады.

Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының жетекшісі ретінде белсенді жұмыс атқарылды. Жыл ішінде 55 мәдени-көпшілік іс-шараға қатысып, жергілікті деңгейде 9 әлеуметтік мәселенің оң шешілуіне ықпал етілді.

Қайырымдылық бағытында «Ғажайып шырша», Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Он күндік декада», «Жүрек жылуы» және «Қайырымдылық керуені» акциялары дәстүрлі түрде ұйымдастырылды.

Дата публикации
10 февраля 2026