«Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағы 12-3) тармақшасына сәйкес, Жетісу облысының мәслихаты ШЕШТІ:
- Қоса беріліп отырған Жетісу облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережесі бекітілсін.
- Осы шешімнің орындалуын бақылау Жетісу облысы мәслихатының аппарат басшысына жүктелсін.
- Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жетісу облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы Ережелер
- Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес әзірленген, Жетісу облысының Құрмет грамотасын (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) дайындау, наградтау, тіркеу және тапсыру тәртібін реттейді.
- Құрмет грамотасы қоғам мен облыс алдында сіңірген еңбегі үшін моральдық ынталандырудың нысаны болып табылады.
- Құрмет грамотасымен Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары қоғам мен облыс алдында қызметтік, азаматтық борышын лайықты орындағаны үшін марапатталады.
2.Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі
- Құрмет грамотасымен наградтау жөніндегі ұсынымды қарау және келісу үшін облыс әкімінің атына енгізіледі.
- Құрмет грамотасымен қызмет саласында кем дегенде 5 жыл қызмет өтілі бар азаматтар наградталады.
- Құрмет грамотасымен наградтау туралы ұсыным жасауға облыс мәслихатының депутаттары, еңбек және шығармашылық ұжымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар, заңды тұлғалар және өзге де бастамашылық топтар бастама жасай алады.
- Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынылған кандидатуралар туралы толық мәлімет (жеке куәлік бойынша тегі, аты, әкесінің аты, білімі, лауазымы) көрсетіледі. Наградтау туралы ұсынымда осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген азаматтардың сіңірген еңбегі (жетістіктері) туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Ұсынымға Құрмет грамотасы мәтінінің жобасы қоса беріледі.
- Aталған мәліметтерді уақытында немесе толық ұсынбау ұсынысты қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.
- Облыс әкімінің салалық басқармасы Құрмет грамотасымен наградтау туралы мәселені зерделеп, сол салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарымен келісе отырып, белгіленген нысан бойынша мемлекеттік тілде Құрмет грамотасының мәтінін дайындайды.
- Қайтадан марапаттау алдыңғы марапаттау күнінен бастап 5 жыл өткеннен кейін жүргізіледі.
3.Құрмет грамотасын тапсыру тәртібі
- Құрмет грамотасын табыс ету салтанатты жағдайда жүргізіледі. Құрмет грамотасын облыс әкімі немесе оның уәкілетті ресми өкілі табыс етеді.
- Құрмет грамотасына Жетісу облысының әкімі қол қояды.
- Құрмет грамотасымен наградтау мәселелері бойынша құжаттарды жүргізу және есепке алуды облыс әкімінің аппараты жүзеге асырады.
- Құрмет грамотасымен наградтау туралы облыс әкімінің өкімі шығарылады.
5. Құрмет грамотасының сипаттамасы
- Облыс әкімінің Құрмет грамотасы папкадан және жапсырмадан тұрады.
- Папка қоңыр қызыл түсті баладектен жасалады. Папканың мұқабасында көлемі 8,5х8,5 сантиметр болатын алтын түсті Жетісу облысының төлтаңбасы бейнеленеді және баспаханалық қаріппен «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ» деп жазылады.
- Грамотаның жапсырмасы ашық-көк түсті, мұқабасында Жетісу облысының төлтаңбасы, төлтаңбаның астында «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ» деп жазылып, ұлттық өрнек бейнеленген.
Жапсырманың сырты, ішкі сол және оң жақ беттері көк түсті, ішінде ұлттық оюы бар жиекпен көмкерілген.
Жапсырманың ішкі сол жақ бетінде Жетісу облысының төлтаңбасы, таңбаның үстінде және астында ұлттық өрнек бейнеленген, төменгі сол жақ бөлігінде облыс әкімінің өкімі нөмірі мен күні жазылады (12 өлшемдегі курсивпен Times New Roman қарпімен жазылады), ал оң жақ бетінде «ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ» деп жазылған, ары қарай марапаттау мәтіні, облыс әкімінің қолы мен мөріне орын қалдырылады.
- Құрмет грамотасы жоғалған жағдайда телнұсқа берілмейді.
- Құрмет грамотасына сыртқы түрі бойынша ұқсастығы бар грамоталар дайындауға тыйым салынады.