Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен №2 Оқушылар сарайында «Кітап TIME» жобасы аясында «Кітап түні» фестивалі өтті. Фестиваль барысында Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби талқылау ұйымдастырылып, музыкалық қойылымдар мен әдеби кездесулер өтті. Іс-шара соңында Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов кітап клубтарының белсенді мүшелерін марапаттады. Қаладағы тоғыз кітап клубын біріктірген жоба жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, әдеби орта қалыптастыруға үлес қосты.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында ерекше жастардың қолөнер көрмесі мен шығармашылық кеші өтті. Іс-шараның ашылуында Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов алғы сөз сөйлеп, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау мен олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жобаға белсенді қатысқан жастарды марапаттады. Көрме барысында 20 жас шебер өз қолдарымен жасаған бұйымдары мен шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Ал мерекелік кеште 15 жас өнерпаз ән мен биден шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды. Айта кетейік, 2026 жылдың сәуір айынан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы бүгінге дейін 200-ден астам ерекше жасты қамтыды. Жоба олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға, таланттарын танытуға және қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған. «Шексіз мүмкіндіктер» – әр жастың бойындағы талантты танытып, шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғамда өз орнын табуына жол ашатын жоба.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында шахмат және тоғызқұмалақтан турнир өтті.
«Шексіз мүмкіндіктер» жобасы биылғы сәуір айынан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба ерекше қажеттіліктері бар балалардың белсенділігін арттыруға, өз қабілеттерін көрсетуіне және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған.
Қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін «Ерекше азаматтар күніне» орай ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі зияткерлік дода да осы атаулы күнге орайластырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол ерекше қажеттіліктері бар балалардың зияткерлік қабілеттерін дамыту, олардың бастамаларын қолдау және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир барысында қатысушылар шахмат пен тоғызқұмалақтан өзара бақ сынап, алғырлығы мен шеберлігін көрсетті. Жарысқа 30-ға жуық ерекше қажеттіліктері бар бала қатысты.
Бүгінгі дода балалардың табандылығы мен өзіне деген сенімін арттырып, жеңіске деген жігерін шыңдауға мүмкіндік берді. Әр қатысушы жарысқа белсенді қатысып, өз мүмкіндігін ортаға салды.
Қызғалдақ сарайында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жаңа оқу жылына арналған «Тұсаукесер – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі, профессор Серікжан Сейтжанов және академия ректоры Жанна Сейтжанова қатысты. Жиын барысында бірінші курс студенттеріне білім кілті мен студенттік билеттер табысталып, болашақ медицина мамандары дәрігерлік ант қабылдады. Бұл рәсім олардың кәсіби жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды. Жастардың сапалы білім алуына қолдау көрсету мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі жыл сайын Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына білім гранттарын бөліп келеді. Мұндай қолдау талапкерлердің білім алуға деген мүмкіндігін арттырып, медицина саласына білікті мамандар даярлауға ықпал етуде. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, кеш қонақтарына «Қазына» би ансамблі, «MUZMEN» тобы, Фариза Беймаханбет және эстрада жұлдызы Дастан Оразбеков өнер көрсетті.
ШЫМКЕНТТЕ ЖАС ОТБАСЫЛАР АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ «БАҚЫТ МЕКЕНІ» СПОРТТЫҚ КВЕСТІ ӨТТІ
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында дәстүрлі «Бақыт мекені» спорттық квест өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс», – деп атап өткен. Осы ретте отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Сайысқа 30-ға жуық отбасы қатысып, төрт күндік онлайн марафонның бірнеше кезеңінен өткен үздік алты отбасы А. Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында өткен финалда бақ сынады. Финалда қатысушылар алты кезең бойынша спорттық және логикалық тапсырмаларды орындап, жинаған бөліктерінен толық кілт құрастырды. Бағалау барысында шапшаңдықпен қатар, отбасылардың ауызбіршілігі, өзара қолдауы және командалық үйлесімі ескерілді. Іс-шара барысында Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Ә. Әбдәкімов отбасыдағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызына тоқталып, ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі отбасы байланысын нығайтатынын атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегелерді арнайы марапаттады.
10 тамыз – Абай күніне орай және Игі істер марафоны аясында Абай саябағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Экологиялық акцияға 30 ерікті қатысып, саябақ аумағын қоқыстан тазартып, шамамен 700 келіге жуық тұрмыстық қалдық жинады.
Іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындардың тазалығын сақтаудың маңызын насихаттау.
Еріктілер бұл игі іс арқылы табиғатты аялау мен туған қаланың тазалығына үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін іс жүзінде көрсетті.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кітап TIME» әлеуметтік жобасы аясында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» роман-дилогиясы талқыланды.
Кездесуге Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлы Әбдәкімов қатысып, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Қатысушылар шығармадағы тарихи оқиғалар мен кейіпкерлерді талқылап, пікір алмасты. Сондай-ақ танымдық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар марапатталды.
«Кітап TIME» жобасы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған игі бастама ретінде жалғасуда.
Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі, Абай ауданы әкімдігімен және Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, Қайнарбұлақ саяжай алабында есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында көшелердегі заңсыз наркограффитилер жойылып, жергілікті базар аумағында кәсіпкерлерге есірткі жарнамасы бейнеленген өнімдерді сатуға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы ақпараттандыру, қоғамда нашақорлыққа қарсы берік көзқарас қалыптастыру және есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу.
«Tal Resort» демалыс аймағында ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған «Бақытты балалық шақ» атты психологиялық тимбилдинг ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастардың психологиялық саулығын нығайту, олардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету, қоғаммен өзара байланысын арттыру және көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Тимбилдингке «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ мен «Сенім–Ай» қоғамдық бірлестігінің жастары қатысты. Бағдарлама аясында психолог мамандардың қатысуымен түрлі танымдық және сергіту ойындары, психологиялық жаттығулар мен командалық белсенділіктер ұйымдастырылды.
Шараның ашылу салтанатында Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, ерекше қажеттілігі бар жастарды қолдауға бағытталған мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ «Mega Most Construction» мекемесінің директоры, «Оңтүстік Балық қауымдастығының» төрағасы Асет Калмаханұлы Тоқтамыс жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету – ортақ міндет екенін атап өтті.
Іс-шара барысында «Хан» өнер мектебінің бишілері өнер көрсетіп, аниматорлармен бірге көңілді флешмоб ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара соңында ұйымдастыруға қолдау көрсеткен серіктестер мен белсенді азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Ал қатысушылар үшін аква-терапия мен көбік шоуы ұйымдастырылып, оларға ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің төрағалығымен Шымкент қаласы әкімі жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға аудан әкімдіктерінің өкілдері, басқарма басшылары және Жастар кеңесінің мүшелері қатысты.
Отырыста Кеңестің ұйымдастырушылық мәселелері қаралып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Сондай-ақ Жастар кеңесінің алдағы кезеңдегі негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттері айқындалды.
Жиын барысында Сәрсен Абайұлы Жастар кеңесі мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы өзара байланысты нығайтатын тиімді диалог алаңы болуы керектігін атап өтті. Ол жастардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдаудың, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жастардың әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету бағытында бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігін жеткізді.