Жәнібек ауданының Қоғамдық кеңесі (бұдан әрі – Қоғамдық кеңес) ауданның жергілікті мемлекеттік басқару органдарының коммерциялық емес ұйымдармен және азаматтармен бірлесіп құратын консультативтік-кеңесші және бақылаушы органы болып табылады.
Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
Қоғамдық кеңес орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және жергілікті атқарушы органдар жолдаған, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес аудандық мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметтерді көрсету, олардың сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша есептерін тыңдайды.