GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Басқарма туралы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Әкім аппараты
Все материалы
21 октября 2026
Жамбыл облысында үздік құтқарушылар марапатталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Құтқарушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетті.
 
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етіліп, олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынды.
 
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, ел Президентінің сала қызметкерлеріне берген жоғары бағасын атап өтті.
 
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, сіздердің еңбектеріңізге жоғары баға берді. Президентіміз құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атап, олардың төтенше жағдай кезінде көмекке бірінші болып ұмтылатынын айтты. Бұл – қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушыға көрсетілген зор құрмет, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Облыс әкімі өңірде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
 
Атап айтқанда, 2026 жылы өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техникамен жабдықтауға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған.
 
Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында заманауи құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станция «Voyager» маркалы катермен жарақтандырылды.
 
Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында «Toyota Hilux» маркалы төрт жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру автокөлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық заманауи жауынгерлік киім сатып алынды.
 
Шалғай ауылдардың тұрғындары мен аумағын өрттен қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункттерін салу жұмыстары да қолға алынған. Облыс бойынша барлығы 27 пункт салу жоспарланса, оның 24-і жаңадан бой көтеріп, үшеуі жаңғыртылады. Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жер учаскелері анықталып, 10 пунктте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
 
– Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай қызмет ету – ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген барша құтқарушыға, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
 
Салтанатты шара барысында кәсіби мерекеге орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
 
Сондай-ақ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, бірқатар маман «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
20 октября 2026
Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық кеңейеді

Астанада Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қатысты.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Ербол Қарашөкеев өңіраралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі Ленинград облысының өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және білім беру әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, оны Жамбыл облысының келешегі зор серіктестерінің бірі ретінде бағалады.

– Ресей Федерациясының жетекші индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Ленинград облысын өмір жолы мен кәсіби қызметі Жамбыл жерімен байланысты мемлекет қайраткерінің басқаруы біз үшін ерекше мәнге ие. Бұл жағдай өңіраралық қарым-қатынасымызға айрықша жылылық беріп, әріптестігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берілді.

Өңіраралық әріптестікті дамыту аясында Жамбыл облысының әкімдігі мен Ленинград облысының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді 2026-2028 жылдары іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары көзделген.

Құжатта сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және цифрландыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың 20 бағыты қамтылған.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық байланысты кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашу. Осы мақсатта Ленинград облысының кәсіпорындарына «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағының мүмкіндіктері таныстырылады.

Кездесу аясында «Zhambyl Invest» ЖШС мен Ресейдің «БАЛТОРГАНИК» ЖШҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат Жамбыл облысында шымтезектің терең қабаттарындағы калий гуматы негізінде органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға бағытталған.

Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 8 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру ресейлік компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Тараптар агроөнеркәсіп кешенінде де ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өсімдік және мал шаруашылығындағы озық технологиялар мен тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы байланысты нығайту жоспарланған.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық пен білікті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Осы бағытта Сосновобор политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арасында әріптестік орнату көзделген. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар А.С. Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы байланыстарды дамыту көзделген. Тараптар ғылыми-практикалық тәжірибе алмасып, бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізеді, сондай-ақ оқытушылардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасайды.

Ынтымақтастық денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, жастар саясаты және спорт салаларында да жалғасын табады. Жоспарға медициналық мекемелер арасында кәсіби тәжірибе алмасу, мәдени-ағартушылық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру, музей ісін дамыту, мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ күрес, бокс және футболдан бірлескен жаттығулар мен спорттық жарыстар ұйымдастыру енгізілген.

– Біз үшін бүгін қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты істермен жалғасып, ынтымақтастықтың әр бағыты мазмұнды бастамалар мен жобаларға ұласқаны маңызды. Бүгінгі кездесу Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әрі екі тарапқа да тиімді әріптестікті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.

17 октября 2026
Туризм, су және ауыл шаруашылығы: Ербол Қарашөкеев Меркі ауданындағы бірқатар нысанды аралады
Мемлекет басшысының табиғи ресурстарды сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралады.
 
Алдымен облыс әкімі Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметімен танысты. 2025 жылдың тамыз айында құрылған парктің жалпы аумағы 83 713 гектарды құрайды. Мұнда 59 адам еңбек етеді.
 
Парк директоры Нұрсұлтан Ықыластың айтуынша, мекеменің басты міндеті – табиғи кешендерді сақтау, экожүйелердің тұтастығын қорғау және туризмді жүйелі дамыту. Сонымен қатар бүлінген табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіруге басымдық беріледі.
 
Бүгінде парк аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Жайылымдық мақсатта 117 пайдаланушыға 40 955 гектар жер берілген. Ара шаруашылығын дамыту үшін үш пайдаланушыға жалпы сыйымдылығы 242 ара ұясына арналған учаскелер қарастырылған. Сондай-ақ бақ шаруашылығына 3 гектар, туристік мақсатта төрт пайдаланушыға меморандумдар негізінде 11,5 гектар жер бөлу жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттар бойынша жергілікті бюджетке 8,3 миллион теңгеден астам қаражат түскен.
 
Табиғи ортаны қалпына келтіру және орман қорын молайту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Парк аумағына 2 000 түп ағаш көшеті отырғызылып, питомникте егуге арналған 150 келі қарағаш тұқымы жиналған.
 
Ербол Қарашөкеев табиғи парктің жұмысын күшейтіп, қоршаған ортаны қорғау шараларын нақты нәтижеге бағыттауды тапсырды. Сондай-ақ туристік бағыттарды реттеу, демалыс орындарын жабдықтау, қоқыс жинау және алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерін алдын ала шешудің маңызын атап өтті.
 
– Мұндай үлкен аумақты басқару – зор жауапкершілік. Парктің жұмысы қағаздағы жоспармен емес, нақты нәтижемен бағалануы керек. Басты міндет – табиғи кешендерді сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және туристерге қауіпсіз жағдай жасау. Парк аумағын пайдаланатын әрбір азамат пен кәсіпкер белгіленген талаптарды орындауға тиіс, – деді облыс әкімі.
 
Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назарда болды. Өңір басшысы «Андас-3» су қоймасындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Су қоймасының жобалық көлемі 1,51 миллион текше метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Мердігер – «Tolagai Global» ЖШС. Жобада ұзындығы 1 840 метр арықты және 1 113 метр арнаны тазалау мен кеңейту, сондай-ақ 1 760 метр учаскеде жұмыстар жүргізу көзделген. Нысанды 2026 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
 
Облыс әкімі құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды ескертті. Оның айтуынша, су қоймасы белгіленген уақытта толық дайын болып, қауіпсіз пайдалануға берілуі қажет.
 
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Майлыбай» каналының жай-күйімен танысты. Жалпы ұзындығы 15,4 шақырым болатын каналдың су өткізу қабілеті секундына 2,2 текше метрді құрайды. Ол 2 591 гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге арналған. 2025 жылы каналдың 5,2 шақырым учаскесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
 
Жауапты тұлғаларға суармалы алқаптардың нақты тізімін жасау, әр алқаптың суға қолжетімділігі мен су беру кестесінің орындалуын тексеру, сонымен қатар су шығынын, жолай жоғалу көлемін және канал бойындағы рұқсатсыз су бұру деректерін анықтау міндеті қойылды.
 
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау бағытында «Меркі Ет комбинаты» ЖШС-ның жұмысы таныстырылды. Т. Рысқұлов ауылында орналасқан кәсіпорын 2005 жылы құрылған. Мұнда ет консервілері мен шұжық өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ ірі қара және қой еті шетелдік нарықтарға жөнелтіледі.
 
Кәсіпорын жылына 250 тонна шұжық және 262 мың банка ет консервісін шығаруға қауқарлы. Мұнда тәулігіне 300 бас ірі қара мен 700 бас ұсақ мал союға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өндіріс орнында 37 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
 
2025 жылы кәсіпорын Біріккен Араб Әмірліктеріне, Катарға, Кувейтке және Сауд Арабиясына 1 053 тонна ет экспорттаған.
 
Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға жергілікті шаруа қожалықтары мен комбинат арасында тұрақты шикізат жеткізу жөніндегі келісімдер жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Сонымен қатар өндірісті кеңейтуге және өнім түрлерін көбейтуге қатысты ұсыныстарды қарастырып, қажетті мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруді міндеттеді.
 
– Кәсіпорынның мүмкіндігі бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті нақты өндіріске, жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығына және жаңа жұмыс орындарына айналдыру. Жоспарланған көрсеткіштер қағазда қалмай, өндіріс пен экспорт көлемінен көрінуі керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
17 октября 2026
Жамбыл облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні  тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.

Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.

Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.

Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Жамбыл облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі

 

Республикалық «Republic Day» акциясы

 

№

Өңір

Сауда нысанының түрі (СОО, СО, СҮ)

Сауда нысанының атауы

Сауда нысанының мекенжайы

 
 

Тараз қаласы

 

1

Тараз қ.

СҮ

" Luxury"

Қонаев к-сі., 39

2

Тараз қ.

СҮ

"Status"

Қонаев к-сі., 29

3

Тараз қ.

СО

"Davmir"

Тәуке хан к-сі., 1в

4

Тараз қ.

СҮ

"Диана"

Мыңбұлақ ы/а., 18

5

Тараз қ.

СҮ

"Free Moda"

Жамбыл даңғ., 149

6

Тараз қ.

СО

"Дос-нар"

Төле би к-сі., 1а

7

Тараз қ.

СҮ

"Taraz Mall"

Төле би к-сі., 22а

8

Тараз қ.

СҮ

"Алатау"

Төле би к-сі., 65

9

Тараз қ.

СОО

"Аулие ата"

Қазыбек би к-сі., 105

10

Тараз қ.

СОО

"Март"

Төле би к-сі., 27

Жалпы: 10

 

 

 

 

Республикалық «Bereke Fest» акциясы

 

№

Өңір

Сауда нысанының түрі (СЖ)

Сауда нысанының атауы

Сауда нысанының мекенжайы

 
 

Тараз қаласы

 

1

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Б.Момышұлы к-сі., 27

 

2

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

 Сәтпаев к-сі., 5а

 

3

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Ниетқалиев к-сі., 70а

 

4

Тараз қ.

СЖ

"Вкусная корзинка"

Рысқұлов к-сі., 5у

 

5

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Телецентр, 2д

 

6

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Алатау ы/а., 11в

 

7

Тараз қ.

СЖ

"Фиркан"

Салтанат ы/а., 31/1

 

8

Тараз қ.

СЖ

"Нурислам"

Ташкент к-сі., 118

 

9

Тараз қ.

СЖ

"Нурислам"

Әл-Фараби к-сі., 7/5

 

10

Тараз қ.

СЖ

"Даниял даму"

Ақбұлак ы/а., 13а

 

Жалпы: 10

 

 

 

16 октября 2026
Ербол Қарашөкеев меркіліктермен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады.
 
Жиын Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта өтті. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейлеріндегі сауалдарын облыс әкіміне тікелей жолдады.
 
Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
 
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында аудандағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұған инвестициялық белсенділіктің артуы мен агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс көлемінің тұрақтылығы ықпал етіп отыр.
 
Қаңтар-тамыз айларында аудан экономикасына 24,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір аудан аумағында 43 ірі және орта инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
 
Құрылыс саласында биылғы сегіз айда 4,9 млрд теңгенің жұмысы орындалды. Тұрғын үй құрылысының көлемі 34,8 мың шаршы метрге жетті.
 
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. 2025-2026 жылдары алты елді мекеннің су құбырларын қайта жаңғыртуға 3,4 млрд теңге бөлінді. Ақтоған, Кеңес және Гранитогорск ауылдарындағы жұмыстар аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Ал Ақарал, Жамбыл және Сыпатай ауылдарында құрылыс жұмыстары жалғасуда.
 
Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Меркі бекетіндегі теміржол өткелі арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына облыстық бюджеттен 102,4 млн теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
 
Білім беру саласында Меркі ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа 960 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. Нысан пайдалануға берілді.
 
Ауыл шаруашылығы бағытында Жаңатоған ауылдық округіндегі Андас-3 су қоймасының құрылысы жалғасуда. Жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген.
 
Газдандыру мәселесі бойынша Меркі аудандық әскери бөлімінің Кеңес және Аспара шекара заставаларының қазандықтарына газ тарту жұмыстары толық аяқталды. Оған облыстық бюджеттен 527,6 млн теңге бағытталды.
 
Өткен жылы тұрғындармен кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселе де шешімін тапты. Атап айтқанда, «Алатау Су-Жылу» мекемесінің қызмет көрсету аясын кеңейту, Жауғаш батыр ауылы маңындағы республикалық жол бойында жол бойы сервистік кешенін ашу және Аспара ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылды.
 
Ал Жауғаш батыр ауылындағы электр желілеріне бағаналар орнату жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
 
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылады.
 
Халық игілігі жолында атқарылған әрбір іс – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінгі жетістіктердің барлығы тұрғындардың қажырлы еңбегі мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігерінің нәтижесі, – деді облыс әкімі.
 
Кездесу барысында тұрғындар кәріз жүйесін орталықтандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қолданыстағы мектептерді көгілдір отынмен қамту және жаңа білім ошақтарын салу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар өзге де өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
 
Ербол Қарашөкеев әрбір сауалға жан-жақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын айтты.
 
Кездесу қорытындысында аймақ басшысы аудан әкіміне жүзеге асырылып жатқан жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай әрі уақытылы жүргізілуін, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді игерілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
 
Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың профилактикасын күшейту міндеттелді.
 
Кездесуден кейін өңір басшысы Меркі ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
09 октября 2026
Жамбыл облысында Тексеру комиссиясының 15 жылдығы аталып өтті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік Тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
 
Мерейтойлық жиында өңір басшысы Тексеру комиссиясының ұжымын айтулы датамен құттықтап, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
 
Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды жүзеге асыратын тиімді әрі кәсіби орган ретінде қалыптасқанын атап өтті. 
 
– Бүгінгі таңда мемлекеттік аудиттің міндеті – тек бұзушылықтарды анықтау емес, олардың қайталануына жол бермеу және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру. Осы бағытта Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді, – деді облыс әкімі.
 
Соңғы үш жылда Тексеру комиссиясы 16 ауқымды аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасын өткізіп, оның барысында 117 мемлекеттік аудит объектісін қамтыған.
 
Комиссияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да жергілікті бюджет есебінен тиісті қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, соңғы үш жылда қызметтік автокөлік базасы екі жаңа көлікпен толықты. Сонымен қатар мемлекеттік аудиторлардың іссапар шығындарын өтеу, еңбекақы төлеу және біліктілігін арттыру бағыттарында жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
 
Өңір басшысы мемлекеттік аудит органдарының жұмысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екеніне назар аударды.
 
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер жүзеге асырылуда. Осы орайда мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың рөлі арта түсуде. Мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, қаржылық тәртіпті нығайту – аудит органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Осы айтулы мерейтой күні Сіздерге – Тексеру комиссиясының барша қызметкеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Салтанатты жиынға республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2003-2012 жылдардағы төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев, Жоғары аудиторлық палатаның департамент директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева және өзге де қонақтар қатысты.
 
Шара барысында сала дамуына елеулі үлес қосқан 20-ға жуық азаматтың еңбегі еленіп, арнайы марапаттар табысталды. Кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
07 октября 2026
«Тараз» индустриялық аймағында қуаты 45 МВт электр станциясы салынуда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында салынып жатқан қуаты 45 МВт электр станциясының құрылыс барысымен танысты.
 
Электр станциясы индустриялық аймақтың инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында салынуда. Жаңа нысанның электр қуатын жалпы инвестициялық құны 235,6 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға беру жоспарланған.
 
Жобаның мердігері – «АСПМК-519» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Қажетті электр жабдықтарының барлығы толық жеткізілді.
 
Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі жоба талаптарына сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жұмысшылар санын арттырып, құрылыс қарқынын жеделдету және нысанды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
 
Электр станциясын 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін іске қосу жоспарланған.
 
Айта кетейік, қазіргі таңда «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 303 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске қосу нәтижесінде 2 659 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
 
Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 276 гектарды құрайды. Оның 87,5 пайызы бүгінде игерілген.
07 октября 2026
Ербол Қарашөкеев «Тараз» қант зауытындағы жаңғырту жұмыстарын тексерді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» қант зауытын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық деңгейін тексерді.
 
«Тараз» қант зауыты 2003 жылдан бері қант қызылшасын өңдеу және қант өндіру жұмыстарын тоқтатқан болатын. 2025 жылдан бастап кәсіпорынның өндірістік қызметін қайта жандандыру мақсатында жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
 
«ТСЗ» ЖШС-ның директоры Федор Семеновтің айтуынша, зауытты іске қосуға дайындық жұмыстары 93-95 пайызға орындалған.
 
Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болады. Өндірістік қуаты тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді.
 
Қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қажетті іргетастардың басым бөлігі аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары атқарылуда.
 
Сонымен қатар жылу электр станциясында бу қазандықтары, сүзгілер, түтін сорғыштар мен желдеткіштер орнатылған. Өндірістік цехтар мен станциялардың технологиялық құбырларын монтаждау, электр кабельдерін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін пайдаланылған жабдықтардың бір бөлігі қайта қалпына келтіріліп, жөндеуден өткізілді.
 
Жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау мақсатында 10 мердігер ұйымның және зауыттың 1000-ға жуық қызметкері екі ауысымда еңбек етуде.
 
Кәсіпорында қант қызылшасын қабылдауға қажетті таразылар орнатылып, зертхана жөнделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
 
Мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатының көлемін арттыру бойынша қолдау көрсетілген.
 
Өңір басшысы зауыттың уақытылы іске қосылуымен қатар, биылғы өнімді толық әрі кідіріссіз қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. 
 
– Жұмыс қарқыны жаман емес. Заманауи құрал-жабдықтар жеткізілген. Биыл қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Енді бірде-бір өнім егістік алқаптарында қалмауы керек. Шаруалардың өнімін белгіленген кестеге сәйкес уақытылы қабылдау қажет. Кезек болмауы тиіс. Шаруаларға бекітілген кесте алдын ала жеткізілсін, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен кәсіпорын басшылығына зауытты іске қосу жұмыстарын жеделдетіп, қант қызылшасын қабылдау науқанын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
 
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, зауыт 20 қазаннан кейін қант қызылшасын қабылдауды бастауды жоспарлап отыр.
 
Биыл облыста қант қызылшасы 9,9 мың гектарға егілді. Оның ішінде «Тараз» қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 94 шаруашылық 5,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырған.
06 октября 2026
Жамбыл облысында үш мыңға жуық пәтер салынуда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты баспанамен қамту және жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
 
Жиында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаев биыл кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге 20 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Жыл соңына дейін 2 035 азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.
 
Бүгінде облыста бюджет қаражаты есебінен 2 941 пәтерге арналған 66 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 35-і, яғни 1 685 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тараз қаласының 15-шағынауданында қазірдің өзінде 345 пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілді.
 
Сонымен қатар Тараздағы Асқаров көшесі бойындағы жаңа тұрғын алқапта 1 176 пәтерге арналған 30 несиелік үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 1 800 пәтерге арналған тағы 36 үйдің жобасы әзірленді.
 
Әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жоспарланған 350 пәтердің 92-сі сатып алынды.
 
– Облыста бюджет қаражаты есебінен ондаған көпқабатты үй салынып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана сатып алынуда. Дегенмен, біз үшін басты көрсеткіш – пайдалануға берілген пәтерлердің саны емес, олардың сапасы. Бюджет қаражатына салынған немесе сатып алынған әрбір пәтер қауіпсіз, жайлы әрі қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Сапа бірінші орында болуы керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, биыл «Отбасы банк» арқылы 1 636 жалдамалы пәтер бөлуге жолданған. Оның 1 249-ына азаматтардан оң шешім алынған.
 
Жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімін өзектендіру және жер телімдерін резервке қою жұмыстары туралы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов баяндады.
 
Қазіргі таңда өңірде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу үшін кезекте тұрған 260 197 азаматтың тізімі жаңартылуда.
 
Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстың созбалаңға салынуына сын айтып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне кезектегі азаматтардың деректерін өзектендіруді және жер учаскелерін резервке қоюды жеделдетуді тапсырды.
 
Сондай-ақ тұрғындарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беруді жеделдету, белгіленген кезектілік тәртібін қатаң сақтау тапсырылды. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, туындаған мәселелер мен оларды шешу мерзімдері туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынып отыру міндеттелді.
 
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі салынып жатқан тұрғын үй нысандарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды, мердігерлермен жұмысты күшейтуді, жалдамалы және несиелік пәтерлерді бөлуді жеделдету міндеті қойылды.
 
Бұдан бөлек, құрылыс құнын қымбаттатып, жұмыстың мерзімін созуға әкелуі мүмкін жобаларға негізсіз өзгерістер енгізуге жол бермеу жөнінде тапсырма берілді.
05 октября 2026
Ербол Қарашөкеев бір топ жамбылдық ұстазды марапаттады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 5 қазан – Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған «Ұстаз – ұлт келбеті» атты мерекелік іс-шараға қатысып, өңірдің білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтер мен ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты кеш ұстаз мәртебесін арқау еткен театрландырылған көрініспен ашылып, өңірдің білім беру саласындағы жетістіктерді таныстыратын бейнеролик көрсетілді.

Өңір басшысы жамбылдық педагогтерге ізгі тілегін білдіріп, ұстаздықтың жауапкершілігі мол, үнемі ізденіс пен жаңашылдықты талап ететін қастерлі мамандық екенін атап өтті.

– Ұстаз – адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы. Барлық мамандық иесі ұстаздан тәлім алады. Олардың арман жолының бастауы ұстаздың шапағатынан басталады. Сондықтан ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес. Бұл – жүрек қалауы. Бұл – жанның қызметі. Бұл – рухтың талабы, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев өңірде білім беру саласын дамытуға және педагог мәртебесін арттыруға айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

«Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздар қауымын қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға басымдық берілуде. Нәтижесінде өңірде жаңа, заманауи мектептер бой көтеріп, білім беру инфрақұрылымы жаңғырып келеді.

– Алайда ең озық технологияның, ең зәулім ғимараттың өзі ұстаздың орнын алмастыра алмайды. Себебі ұстаздың жанды дауысы, жылы мейірімі мен терең білімі ерекше. Сіздер – жаңа Қазақстанның интеллектуалды элитасын қалыптастыратын басты күшсіздер, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бүгінде облыстың білім беру саласында 40 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Өңірдегі 532 орта білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл облыста 14 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 12-сін биыл, қалған екі мектепті 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Облыс әкімінің айтуынша, жамбылдық ұстаздар кәсіби шеберлігі мен жоғары жауапкершілігін білім алушылардың жетістіктері арқылы дәлелдеп келеді.

– Ұстаздарымыздың кәсіби еңбегі оқушыларымыздың жетістіктерінен көрінеді. Облыс командасы өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсында қатарынан 17-ші жыл «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды. Биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттеріміз – сіздердің еңбектеріңіздің нақты нәтижесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу», – деген болатын. Бұл сөз ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын айқындайды.

Ұстаз еңбегі – ел дамуының негізі. Ұстаз еңбегі – ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Сондықтан әрбір ата-ана ұстазға құрметпен қарап, әрбір оқушы оның еңбегін бағалауы керек. Жалпы қоғам ұстазды қолдауы қажет, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара барысында өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін 64 педагог марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі Нағима Қаймалақова «Парасат» орденімен наградталды.

Ал Тараз қаласындағы білім саласының ардагері Қансұлу Сапекова мен Шу ауданындағы №10 Шу колледжінің директоры Тоқжан Мұсаева «Құрмет» орденіне ие болды.

«Айша бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының мұғалімі Елена Белоусқа, Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Назаркүл Жампейісоваға, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының мұғалімі Гүлмира Помашеваға және Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Зухра Үсенбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Сондай-ақ Тараз қаласындағы №9 орта мектептің директоры Роза Тұрмысова Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, білім саласының ардагері Бақытжан Нұржанова Алғыс хатымен марапатталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар білім беру саласының ардагерлері мен үздіктеріне, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтеріне, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлеріне және ұстаз-аналарға қаржылай сыйақы берілді.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, жамбылдық ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы