
Өткен демалыс күні Таразда екі мерейтой аталып өтілді – аты аңызға айналған футболшы, «Қайрат» және КСРО құрамасында ойнаған Сейілда Байшақов 70 жасқа толды және биыл «Тараз» футбол командасына 60 жыл. Мерейтой иелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, мерекелік сый-сыяпат көрсетті.
Аймақ басшысы спортшыларды құттықтай отырып, Тараздың футбол мектебі Сейілда Байшақов бастаған жарқын және талантты аяқдоп шеберлерін елімізге сыйлағанын атап өтті.
- Өзге республика жігітінің КСРО футбол құрамасында ойнауы тектен тек емес. Бірақ, ол бұл құрметке лайық екенін көрсетті. Біз сол жылдары теледидар алдына жайғасып, ұлы аяқдоп шеберлерінің ойының үзбей тамашалайтынбыз. Қазіргі Қазақстан құрамындағы футболшылардың біздің мектептен шыққаны қатты қуантады. Бұл қатарда Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет бар, олар шетелдік футбол клубтарында да ел намысын қорғап жүр, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы Сейілда Байшақовқа сәнді шапан және бөрік сыйлады, ал «Тараз» футбол командасына 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Салтанатты рәсімнен кейін әр жылдары «КСРО» және ең ірі футбол клубтарында өнер көрсеткен ардагерлер жасыл алаңға шықты. Олардың қатарында «Тараз» футбол командасының қазіргі жаттықтырушысы Владимир Никитенко, жастар құрамасының бұрынғы бас бапкері Сергей Тагиев, ардагерлер арасындағы ел және Азия чемпионы Александр Мазманян, «Қайрат» құрамасыныңn екі дүркін чемпионы Қайрат Айменов, «Тараздың» үздік бомбардирлері Анатолий Бельский, Нұрмат Мырзабаев, Ерлан Елеусінов, Асқар Күшекбаев та бар. Ваит Талгаев пен Виктор Катков жаттықтырушы миссиясын қолға алды.
Бердібек Сапарбаев пен Сейілда Байшақов ала допты ойынға қосты.Тартысты кездесудің алғашқы кезеңінде ардагерлер айын тізгінін қолға алып, бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырды. «Тараз» және «Қайрат» ардагерлер арасындағы жолдастық кездесу 5:5 есебімен аяқталды.
Жолдастық кездесуден кейін Сейілда Байшақов іс-шараны ұйымдастырған облыс әкімдігіне және «Тараз» футбол командасына алғыс білдірді.
- Осы шараның арқасында біз қайта жиналып, өткенді еске алдық, өкінішке орай, бізбен бірге ойнағандар қазір арамызда жоқ, бірақ мәңгі жадымызда. Мысалы, «Қайрат» клубының аңызы Тимур Сегізбаев. Еліміздің ұлттық құрамасының тірегін тараздық талантты футболшылар құрайтыны, мені қатты қуантады. Осылай жалғаса беретініне сенгім келеді, - деп атап өтті С.Байшақов.