
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының басты бағыттарын айқындап бергенін алға тартып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және инвестиция тартуға мүмкіндік мол екенін айта келе, Жамбыл облысының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қысқаша баяндады.
Былтыр өңірдің экономикалық өсімі 4,3 пайызды құрады.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы саласында 488,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 627 бірлік техника сатып алынып, жаңару деңгейі - 8,9 пайызды құрады.
506,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. 214 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1,5 мың жұмыс орны құрылды.
2 706 пәтерлі 64 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 671 пәтер сатып алынды.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 62,7 мың адам тартылды.
Бұдан соң аудан әкімі Олжас Баққараев сөз алып, атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Инвестиция — экономиканың күретамыры. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тарту бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын айтты.
– Облыста шетелдік және жергілікті инвесторлардың жобалары іске асырылуда. Біз инвестициялық жобалар арқылы кәсіпорындар құрып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік аламыз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту - басты мақсатымызға айналуы тиіс. Құр сөзден арылып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек, — деген Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы әкіміне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді міндеттеді.
Сондай-ақ халықты сапалы баспанамен қамтуды, агроөнеркәсіп кешінін дамытуды, шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруді және өзге де мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет, — деген Ербол Қарашөкеев аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Рүстем Қасымовқа балалар қауіпсіздігіне қатысты бірнеше сұрақ қойып, жауап алды.
Сонымен бірге жол-көлік оқиғалары мен қылмыс саны ұлғайғанын ескеріп, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевқа ахуалды жіті бақылауға алуды ескертті.
Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары бірқатар мәселені көтеріп, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, жол салу, жарық, байланыс, қаңғыбас иттерді аулауға және өзге де салаларға қатысты мәселе қозғады.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев халық көтерген сауалдар қараусыз қалмайтынын жеткізді. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Ербол Қарашөкеев жиын соңында І тоқсанның қорытындысы бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы сараланып, аудан әкімдері мен орынбасарларының жауапкершілігі қаралатынын еске салды.
Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, мәселелеріне құлақ асты.