Облыс әкімдігінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және МӘМС енгізу мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және МӘМС енгізу мәселелері талқыланды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін облыс бойынша МӘМС енгізу шеңберінде 8,1 миллиард теңге түскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша өткен жылы 6,5 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар алынған. Сондай-ақ, «соll-орталықтың» көмегімен 31 пациенттің уақытылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмегендігі анықталған. Ол ғана емес, облыстық онкологиялық диспансердің және Шу қаласы ауруханасының "Фармация" СК алдында дебиторлық берешегі бар екендігі белгілі болып отыр.

Сонымен қатар басқосу барысында коронавирустың таралуының алдын алу шаралары пысықталды. Осы орайда тиісті жұмыстарды жүргізу үшін резервтік қордан облыстық денсаулық сақтау басқармасына 43 миллион теңге бөлінген.

- Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде іркіліс болмауы керек. Ол үшін тиісті қаражат жеткілікті. Барлық шарттар жасалған. Тұрғындар дәріханаларда маскалар жетіспейді деп шағымдануда. Дәріханалар дәрі-дәрмектермен, маскалармен және басқа да қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі керек. Облыстың барлық дәріханаларында медициналық маска болуы тиіс, - деді облыс әкімі "Фармация" СК өкіліне.

Жиында салық салу базасын кеңейту, салық заңнамасын бұзушыларды анықтау жөніндегі жұмыстарды күшейтудің маңыздылығы да айтылды. Бұл орайда  тұрғын үйді жалға беретін кәсіпкерлер мен заңсыз таксистерден басқа шаруа қожалық басшыларының да «таза еместігі» анықталған. Айталық, олардың өздерінің айтуынша, бес Тракторға бір ғана механизатор ғана тіркелгендігі ойландырмай қоймайды.

- Тиісті басқармалармен тығыз байланыста жұмыс істеу, бюджетті толықтырудың қосымша көздерін қарастыру, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту қажет, - деді облыс әкімі.

Жиында осы жылдың сәуір айында МӘМС бойынша жұмыстардың күшейетіндігі, жұмыспен қамту орталықтарына атаулы әлеуметтік көмек алушылардың көптеп келетіндігі айтылып, бұл бағыттағы дайындық барысын барынша күшейтудін маңыздылығына назар аударылды.

- Біз халық арасында ешқандай мәселе туындамауы үшін барлық  шараға дайын болуымыз керек, - деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.