Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 5 жаңа жағдайы анықталды

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 5 жаңа жағдайы анықталды

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 5 жаңа дерегі тіркелді, оның 2-і Қордай ауданында, 2-і Тараз қаласында және 1-і Жамбыл ауданында.

Жұма, 17 сәуір күні Қордай ауданында коронавирустың кезекті жағдайы анықталды. Науқас – Қырғыз Республикасының азаматы, жүргізуші. Алматы қаласына жүк артуға келе жатқан. Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде "Қарасу" өту пунктінде одан ПТР-ға алынған талдау оң нәтиже көрсетті. Науқас арнайы көлікпен Бішкек қаласына жіберілді.

Қалған төрт жағдай 18 сәуір күні анықталған.

Екі науқас – Қордай және Жамбыл аудандарының тұрғындары.

Оның бірі – науқаспен жақын байланыста болған тұлға ретінде Тараз қаласында карантиндік стационарда жатқан 2002 жылы туған қыз бала. Карантиндік стационарға жатқызған күнгі зертханалық талдауы – теріс нәтиже көрсеткенімен, қайталап алынған талдау қорытындысы оң нәтиже көрсетті.

Екіншісі 1991 жылы туған Жамбыл ауданының тұрғыны. Ол байланыста болған тұлға ретінде үй карантиніне оқшауланып, ПТР-ге алынған талдау оң нәтиже көрсеткен.

Бұдан бөлек екі науқас – Тараз қаласының тұрғындары.

1970 жылы туған әйел дене қызуының жоғарылауына байланысты денсаулық жағдайы бойынша демалыста болған. Алынған талдау қорытындысы коронавирустық инфекцияның бар екенін анықтаған.

Сондай-ақ, Тараз қаласынан тіркелген екінші науқас –1987 жылы туған әйел. Жүктілігінің 20-аптасын өткізіп жатқан ол жоғары дене қызуы, ентігу мен жөтелге қатысты шағымдарымен емханаға жеткізіліп, КВИ-ға тексеріс қорытындысы оң нәтиже көрсеткен.

Инфекция жұқтырған барлық төрт қазақстандық облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар корпусына жатқызылды.

Үй және жұмыс орындары бойынша ошақтарда эпидемияға қарсы өңдеу іс-шаралары жүргізілді. Эпидемиологиялық тексеріс барысында байланыста болған 35 адам анықталды.

Жалпы облыс аумағында коронавирустық инфекцияның 58 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында - 9, Байзақ ауданында – 3, Жамбыл ауданында – 4, Қордай ауданында - 32, Меркі ауданында - 2, Мойынқұм ауданында – 1, Шу ауданында – 1, сондай-ақ Дели-Тараз рейсінен 6 жағдай анықталған.

Бүгінде инфекциялық стационарда 48 науқас емделуде.