Жамбыл облысында коронавирустың үш жаңа оқиғасы анықталды

Жамбыл облысында коронавирустың үш жаңа оқиғасы анықталды

Бейсенбі, 16 сәуір күні өңірде үш жаңа COVID-2019 оқиғасы тіркелді.

Ауырғандардың бірі 1988 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны болып табылады. Ол бұған дейін жөтел мен дене қызуының жоғарылауына қатысты шағыммен карантиндік стационарға жатқызылған болатын.

Сондай-ақ, инфекция Байзақ ауданының 1980 және 1996 жылы туған екі тұрғынынан да анықталды. Олар да жөтел мен дене қызуының жоғарылауына қатысты жүгінген.

Олардан алынған зертханалық талдаулар COVID-2019 диагнозын растады.

Үш жағдай бойынша барлығы 20 байланыста болған тұлға анықталып, карантинге орналастырылды. Ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді.

Облыс аумағында коронавирустық инфекцияның 53 жағдайы тіркелген десек, оның ішінде Тараз қаласында - 7, Байзақ ауданында – 3, Жамбыл ауданында – 3, Қордай ауданында – 30, Меркі ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 1, Шу ауданында – 1, сондай - ақ Дели – Тараз рейсінің жолаушылары арасынан 6 жағдай тіркелді.