Мәжіліс депутаттары – Жамбыл өңірінде

Мәжіліс депутаттары – Жамбыл өңірінде

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Қожахан Жабағиев пен Бақытжан Ертаев жұмыс сапарымен Талас ауданында болды.

Алдымен атбасын Қаратау қаласындағы «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұрған Мәжіліс депутаттары жылына 300,0 мың тонна цемент шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.

2016 жылы пайдалануға берілген бұл кәсіпорында бүгінде 164 адам еңбек етеді. Серіктестіктің бас директоры Болат Батырбековтің айтуынша, кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп, зауыттың өнімдеріне деген сұраныс арту үстінде. Тіпті цемент сақтауға арналған ыдыстар толтырылмастан өнім тез өтіп кетіп жататын жағдайлар жиі кездесетін көрінеді. Мұндағы осындай толымды істерді көзімен көрген Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев ең маңыздысы жұмыс орындарын көптеп ашып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру екендігін еске салды, аудан басшыларымен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.

Келесі кезекте халық қалаулылары жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Кәсіпорын басшысы Ерлан Нұрханов депутаттарды жұмыс барысымен жан-жақты таныстырды. 2014 жылдан бері жұмыс істеп жатқан бұл кәсіпорында бүгінде 570 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Ерлан Орынбасарұлының айтуынша, қазіргі уақытта зауыттың қуатын 15 мыңнан 30 мың тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары «Қаратау Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соғып, құрылыс материалдарына қажетті өнім шығарып жатқан кәсіпорынның жұмысын көзбен көріп, атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.

Жұмыс сапарының соңында Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында бір топ тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Мәселен, еңбек ардагері Ілес Нұрұлы облыстық маңызы бар «Ақкөл-Қойгелді» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткенімен, аталған нысанға қаражат қарастыру мәселесі қолдау таппағанын айтса, қала тұрғыны Шәріпбек Оңалбаев «Кирпичный» су қоймасынан Қаратау қаласының су таратқыш жүйесін, су сорғыш стансасының ғимаратын және қазандықтың су құбырын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат қарастыру қажеттігін сөз етті. Тағы бір қала тұрғыны Насихат Каштаева 1999-2007 жылдар аралығында тұрғындарға үйде тұруға рұқсат қағазы берілгенімен, қазір осы пәтерлерде тұрып жатқан біраз адамдар құжаттарын заңдастыра алмай отырғандарын айтып, осы мәселенің шешімін табуға көмек сұраса, Қаратау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбиболла Әшірбеков қала жолдарын жөндеу жайлы, Ағабек Байділдаев Қаратау қаласындағы 7 көпірді қайта жаңғырту мәселелерін қозғап, осылардың барлығы қаржы мәселесіне келіп тірелетін болғандықтан, көмек көрсетуді сұрады. Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, олардың заң шеңберінде шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев облысымызға сапары барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандарымен кездесіп, еркін форматта пікірлесті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып отырды. Мәжіліс депутаты жиын барысында әскерилердің әлеуметтік ахуалымен танысуды, өзекті мәселелер туралы ой бөлісуді мақұл көретінін жасырмады. Басқосу барысында әскерилер көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тиісті жауаптар алды. Оларды пәтер алу мәселесі және де өзге әлеуметтік мәселелер мазалайтыны белгілі болды.

Кездесуде Тараз қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Әсембек Ахметов сөз алды. Ол өз сөзінде әскерге шақырылғандардың бірқатары несие мәселесімен кезігетінін, банктермен келісім жүргізу оңайға соқпайтынын айтып, осы проблеманы шешуге ықпал етуін сұранды. Сондай-ақ ол әскери қызметкерді жұмысқа қабылдауда туындайтын кейбір мәселелер туралы да сөз етті.

Басқосу барысында сөз алған Бақытжан Ертаев «Біз баяғы қатып қалған қағидалардан арылып, еркін диалог құруымыз керек. Сіздердің айтып отырған кейбір мәселелеріңіз көңілге қонды. Оларды Нұр-Сұлтан қаласына барғанда қаперіме аламын. Біз ең бірінші кезекте патриот болуымыз керек. Мына қызықты қараңыз. Әйгілі Баукең шыққан біздің облыста әскерге дайындайтын мектеп жоқ. Ондай оқу ордалары мына тұрған Шымкентте, Абайдың елі Семейде, ару қала Алматыда бар. Ал біз Бауыржан Момышұлы туған өңірден шықтық емес пе? Неге бізде әлгіндей мектеп жоқ? Осы мәселеге назар аударатын кез жетті деп ойлаймын», – деді ол өз ойын түйіндеп.