
Ағымдағы жылдың 1 мамыр күні Жамбыл облысында төрт коронавирус оқиғасы тіркелді.
Атап айтқанда, COVID-2019 диагнозы облыс орталығының 1993 жылы туған екі тұрғынында расталды. Олар бұған дейін індет жұқтырған науқаспен байланыста болған.
Сондай-ақ, Тараз қаласының 65 жастағы тұрғыны дене қызуының жоғарылауына қатысты шағымданып, медицина қызметкерлерімен ауруханаға жатқызылды. Одан алынған зертханалық талдаулар коронавирусқа оң нәтиже берді.
Тағы бір жағдай Байзақ ауданында анықталды. Науқас - 26 жастағы жігіт. Ол да бұған дейін инфекция жұқтырғандармен байланыста болған.
Жаңа жағдайлар бойынша байланыста болған 21 тұлға анықталып, карантинге оқшауланды.
Ағымдағы жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 140 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында - 64, Байзақ ауданында - 7, Жамбыл ауданында - 5, Қордай ауданында - 36, Меркі ауданында - 3, Шу ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 1.
Сондай-ақ, Дели - Тараз рейсі жолаушылары арасынан алты оқиға, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар ішінен 16 оқиға анықталды.
Барлық ауырғандардың 47-сі емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.