
4 мамыр күні Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның төрт жаңа жағдайы тіркелді.
Бірінші оқиға Тараз қаласында анықталды. 1996 жылы туған науқас бұған дейін ауырғандармен байланыста болған. ПТР-тексерудің нәтижелері коронавирустық инфекцияның бар екендігін анықтады.
Сондай-ақ індет Атырау облысының Теңіз кентінде вахталық әдіспен жұмыс істеген 1964, 1966 және 1980 жылы туған үш ер адамнан да расталды. Белгіленген алгоритмге сәйкес, өңірге келгеннен кейін олар карантиндік стационарға оқшауланған.
Зертханалық талдау қорытындылары бойынша COVID-2019 диагнозы қойылды.
Науқастар инфекциялық стационарға ауыстырылды. Жақын байланыста болған адамдар карантинге оқшауланып, оларды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы ағымдағы жылдың 5 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 158 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында – 74, Байзақ ауданында – 11, Жамбыл ауданында – 5, Қордай ауданында – 37, Меркі ауданында - 3, Шу ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 1.
Сондай-ақ, Дели - Тараз рейсі жолаушыларынан 6 оқиға, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасында 19 оқиға анықталды.
Барлық дерт жұқтырғандардың 51-і сауығып, үй карантиніне шығарылды. Олар дәрігерлердің бақылауында болады.