Жамбыл облысындағы COVID-2019 бойынша ағымдағы жағдай туралы

Жамбыл облысындағы COVID-2019 бойынша ағымдағы жағдай туралы

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның үш жаңа жағдайы тіркелді.

Ауырғандардың бірі 1955 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны. Ол дене қызуының жоғарылауы, ентігу, құрғақ жөтелге қатысты шағымдарымен провизорлық стационарға жатқызылған болатын. Зертханалық зерттеу қорытындысы COVID-2019-ға оң нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ, аталған ауру 1963 және 1970 жылдары туған Байзақ ауданының тұрғындарынан да анықталған. Бұл отбасылық жұп инфекцияны бұған дейін ауырған туыстарымен байланыс барысында жұқтырып алған.

Барлық науқастар инфекциялық стационарға жатқызылды. Байланыста болған тұлғаларды анықтау, оларды карантинге орналастыру және зертханалық талдаулар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ошақтарда дезинфекциялық іс-шаралар атқарылды.

Ағымдағы жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 162 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында – 76, Байзақ ауданында – 13, Жамбыл ауданында – 5, Қордай ауданында – 37, Меркі ауданында – 3, Шу ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 1.

Сондай – ақ, Дели - Тараз рейсі жолаушыларынан 6, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 19 оқиға анықталды.

Барлық індетке шалдыққандардың 54-і сауығып, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.