
Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап Жамбыл облысының Республикалық маңызы бар жолдарында санитарлық-карантиндік блок-бекеттер жұмыс істей бастады. Онда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ондаған медицина, полиция және прокуратура қызметкерлері жұмыс жасауда. Олар жолаушыларды коронавирустық инфекция туралы хабардар етіп, көліктер қозғалысын бақылап, тұрғындардың дене қызуын өлшеу бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Басты міндет - өңір халқының денсаулығын қорғау.
Күн сайын блок-бекеттер арқылы мыңдаған адамдар өтуде. Әрбір өтетін адамның мәліметтері сауалнама арқылы жазылып, медицина қызметкерлері тепловизорлардың көмегімен дене қызуларын анықтау шараларын жүргізуде. Алдын алу блоктары Қырғызстанмен шектесетін Қордай ауданында, Қарағанды облысымен шектесетін Мойынқұм ауданында, Түркістан облысымен шекаралас Жуалы және Сарысу аудандарында орналасқан.
Бекеттердегі медицина қызметкерлері автокөлік жүргізушілерінің және жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді, алдын алу іс-шараларын жүргізеді, деректері бойынша сауалнама толтырады.
Осындай санитарлық-карантиндік бекеттер "Айшабибі" және "Қарасу"шекара маңындағы өткізу пункттерінде де жұмыс істеуде.
24 наурыздағы жағдай бойынша алдын алу бекеттерінде 11 211 бірлік автокөлік өтіп, 33 409 жолаушы тексерілген. Оларға 25 563 жадынама мен парақшалар таратылған.
Өңір тұрғындары мен қонақтары коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға түсіністік танытуда.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы аумағында коронавирустық инфекция тіркелген жоқ.