Бердібек Сапарбаев Германияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Бердібек Сапарбаев Германияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тилло Клиннермен кездесті.

Қос тарап сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара байланысты дамыту, өзге де бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Қазақстан мен Германия арасындағы жылы достық қарым-қатынасты атап өтіп, Мемлекет басшыларының оң саясатының арқасында екі елдің өңірлері арасындағы байланыстардың да нығайып келе жатқанын баса айтты.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында германиялық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 150 миллиард теңгеден асатын екі ауқымды жобаның жүзеге асып жатқандығын хабарлады.  Олар – бағалы металлдарды өңдейтін комбинат және қуаттылығы 4,95 МВт болатын биогаз қондырғысын салу жобалары.

Өз кезегінде Тило Клиннер өсімдік және мал шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті екендігін білдірді. Сондай-ақ, қант қызылшасын өңдеу бойынша Германияның тәжірибесімен бөлісуге шақырды.

Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы  қант өндірісін дамытуда шетелдік заманауи технологияларды қолдануға мүдделі екендігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, кездесу барысында білім беру және экономиканың түрлі салаларында білікті мамандарды даярлаудағы Германияның тәжірибесін қолдану жайы талқыланды.