Жамбылдықтар жедел жәрдем мен медициналық мекемелердің жұмысының нашарлығына, ауруханалардағы төсек-орындары мен дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне қатысты жиі шағымдануда.
Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бас дәрігерлермен, дәріхана желілерінің өкілдерімен және дистрибьюторлармен кездесу өткізді. Онда қалыптасып отырған жағдайдың себебі мен қордаланған мәселелердің шешу жолдары сараланды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, провизорлық стационарлардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайды. «Дәрігерлер аз болғандықтан, науқастарды қабылдауға уақыттары жетпеуде», - дейді М.Жұманқұлов.
Бердібек Сапарбаев қабылдау бөліміндегі дәрігерлер санын көбейтуді тапсырды.
- Адамдар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отырады. Науқастарға барлық қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар одан әрі нашарлатады. Жағдайды тез арада түзету қажет, - деді Бердібек Сапарбаев.
Тұрғындар ауруханаға жатқызылғаннан кейін де қажетінше емдеу шараларын ала алмайтындықтарына, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымдануда.
«СК-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Айжан Тортаеваның айтуынша, пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты жуырда 25,3 миллион теңгеге шұғыл дәрі-дәрмектер жеткізілді. Ол медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізуді жалғастыра беретінін айтты. Бұл мәселені бақылауда ұстау Марат Жұманқұловқа тапсырылды.
Дәрігерлер науқастармен ғана емес, сонымен бірге олардың туыстарымен де байланыс орната алмайды. Туыстары дәрігерлерден науқастардың жағдайы туралы ақпарат алмайтынын айтады. Бұл тұрғыдағы шағым уақытша провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлеріне үстінен түскен. Аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов кемшіліктер бойынша жұмыстар атқарылғанын, дәрігерлермен түсіндірулер жүргізілгенін жеткізді. Қазіргі уақытта ауруханада жедел орталық жұмыс істейді.
- Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай, шығып, адамдарға қазіргі жағдайды түсіндіруі керек. Сонымен қатар, қиын жағдайлардағы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін шұғыл нақты шаралар қабылдауы тиіс, - деді аймақ басшысы.