Таразда 1 тамыздан бастап ыстық су беруді қалпына келтіру жоспарлануда

Таразда 1 тамыздан бастап ыстық су беруді қалпына келтіру жоспарлануда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев облыс орталығының тұрғындарына ыстық су қашан берілетіндігі туралы айтты.

Оның айтуынша, 1 шілдеде ыстық су беруді тоқтатуға негіз болған қазандықтар мен жылумен жабдықтау желілеріндегі жөндеу жұмыстары екі аптада аяқталады деп жоспарлануда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласында 7 жобаны іске асыруға 1,8 млрд. теңге бөлінген десек, ағымдағы жөндеуді қажет ететін 18,6 шақырым жылу жүйелерінің 8 661 метрі жаңартылдып, 853 метр желілер қайта құрылды. Екі қазандық жаңадан орнатылады.

- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ыстық сумен қамтамасыз етуді жылдам қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдануда, арнайы техника мен жұмысшылар саны көбейтілді, жобаларды екі апта ішінде аяқтау жоспарлануда.

Осыдан кейін тұрғын үйлер ыстық суға қосылады. Барлық бағыттағы жұмыстардың барысы қатаң бақылауда, - деді Есеналиев. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергиясы бөлімінің басшысы Ханзада Туртаева барлық құрылыс нысандарында жұмыс қарқыны жеделдетіліп, кестелер белгіленген мерзімге сәйкес түзетіліп жатқанын айтты.

Осы айдың соңында РК-4 аудандық қазандығында жұмыс аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда онда дайындық жұмыстары үш ауысымдық режимде жүргізілуде.

Осылайша, ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 631 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру (77 пайыз) жоспарлануда. Қалған 190 үйде ыстық сумен жабдықтау жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.