
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Майдан даласынан қайта оралмағандарды еске алу үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлерімен қатар, жүздеген жамбылдықтар жиналды.
Сонымен бірге іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, құқық қорғау органдары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Жиналғандар Отан және ұрпақтардың жарқын болашағы үшін жанын қиған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мұнан кейін өңір басшысы Нұржан Нұржігітов соғыс ардагері Иван Макеевтің үйіне арнайы барып, қарияны Жеңіс күнімен құттықтап, ерлігі, Отанға деген адалдығы, риясыз еңбегі үшін алғысын білдіріп, соғыстың ардагерлері ерлік пен қайсарлық үлгісі болып қала беретінін атап өтті.
Иван Федорович Макеев 1927 жылы Тамбов облысының Мучкап ауданы Мучкап ауылында дүниеге келген. Ол мектепті бітіре салып әскерге шақырылған. Забайкалье майданында барлаушы ретінде қызмет атқарып, Жапониямен соғысқа, Мукден, Харбин, Чаньчунь қалаларын азат ету үшін шайқастарға қатысқан. Әскерден 1951 жылы оралған.
Иван Макеев 1967 жылы Алматы жоғары милиция мектебін тәмамдап, еңбек жолын жедел қызметкер ретінде бастап, социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген, милиция подполковнигі шені бар.
Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарімен, сонымен қатар басқа жауынгерлік және мерейтойлық марапаттармен марапатталған.
– Ерліктеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін бас иеміз. Ардагерлердің арқасында бүгін біз ашық аспан астында азат елде өмір сүреміз. Ерліктеріңіз есте мәңгі сақталады. Сіздерге және туған-туыстарыңызға зор денсаулық тілеймін, – деп облыс басшысы жылы лебіздерін білдірді.
Ардагерге гүл мен бағалы сыйлық тапсырылды.
Иван Федорович майдандағы өмірі жөнінде естеліктерімен бөлісіп, өзінің Жеңіске жету жолы туралы сыр шертті.
– Біз жеңіске бірлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында қол жеткіздік. Соғыс ешқашанда қайталанбасын, бейбітшілік пен бірлік мәңгі жасасын! – деп тілегін жеткізді ардагер.