
Өздеріңіз білетіндей, 2021-2022 оқу жылы және сәйкесінше «Білім күні» іс-шарасы дәстүрлі форматта өтетін болады.
Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 22 721 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.
Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Қолыңдағы әсем кітап "Әліппең" – аяулы ана тіліңнің мөлдір бастауы, білім шыңына жол ашар ақылшың" деген сөзі оқулықтың бірінші бетіне ойып жазылған еді.
Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұлттық тәрбиеге баса назар аударуды міндеттеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және кәсіби оқулық әзірлеуді қатаң тапсырған болатын. Бүкіл қоғам күтіп отырған жаңа "Әліппе" білім беру жүйесіне А.Байтұрсынұлының салған ізімен қайта оралады деген сенім бар.
Биылғы жылғы 1-қыркүйекте өңіріміздің бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырауға арналған салтанатты шара оларға «Әліппе» алғашқы оқулығын табыстаумен санитарлық нормаларды сақтай отырып, таза ауада, мектеп ауласында ұйымдастырылады.
А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе»/«Букварь» оқулықтарымен 22 721 оқушы толықтай қамтылады.
Ал 2-11 сынып оқушыларына 1 қыркүйекте білім күніне арналған ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында сынып сағаты өткізілетін болады. Сынып сағаты әр сынып үшін жеке кабинеттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
Жоғалып, қайта табылған "Әліппе" – бүлдіршіндердің ғана емес, барша ата-ананың қуанышы.