ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының активімен кездесті

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының активімен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының бірінші күні өңірдегі бірқатар кәсіпкерлермен кездесіп,  кәсіпорындарды аралаған болатын. Ал екінші күнгі жұмыс сапары Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында орналасқан «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-нің жұмысымен танысудан басталды.

Жоғары сапалы құс етін өндіретін кәсіпорын 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған. 2019 жылы жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталып, нәтижесінде жобалық қуаты жылына 5000 тоннадан 8000 тоннаға дейін артқан. Екінші кезең шеңберінде қалдықтарды қайта өңдеу цехы ашылып, қалдықсыз өндіріс жүйесіне көшіпті.

«Әулие-Ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова кәсіпорынның өнімі тек елімізге ғана емес, шет елдерге де жеткізілетінін айтты.

Серіктестіктің зертханалары, қасапхана және құрама жем цехтары, инкубатор, құстарды басқару жүйесі, союға арналған желісі, арнайы техникалары бар.

Қанат Бозымбаев «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-нің жұмыс барысы және өнім түрлерімен танысты.

Бұдан соң ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев,  Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов облыс активінің жиынына қатысты.

Кездесуді ашқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ экономикасының дамуы туралы қысқаша тоқталып өтті.

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жарты жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өсім қамтамасыз етіледі деп күтілуде, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығының қазіргі жай-күйі туралы баяндады.

Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 768,5 мың гектарға жетті. Суармалы жерлердің жалпы ауданы 179,8 мың гектарды құраған. Ішкі су ресурстарынан су толық көлемде қамтылады. Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, трансшекаралық Талас өзені бойынша суармалы сумен қамтамасыз етуде бірқатар мәселелер бар.   Бұл туралы ҚР Экология, геология, су ресурстары министрлігінің су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров толығырақ тоқталып өтті.

Малдың қалыпты қыстап шығуы үшін 1,7 миллион тонна шөп қажет десек, бүгінгі таңда жоспар 43,5 пайызға орындалған. Өңірде 29 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, олармен 1288 тонна өнім өткерілген.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев әлеуметтік саладағы ахуалды арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық медицина қызметкерінің, 44 000-нан астам мұғалімнің, 1 000-нан астам жаттықтырушының жалақысы өскен.

Ағымдағы жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 24 мыңға жуық жамбылдық қамтылған.

Статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев халық санағына дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша 268 интервьюер жұмыс істейді.

Биыл тағы бір маңызды оқиға – ауыл әкімдерін сайлау. Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов сайлауды ұйымдастыру мәселелері бойынша облыстық штаб құрылғанын, сайлау комиссияларының мүшелері оқытудан өткенін хабарлады. Бақылаушылардың тізімі құрылып, оған 194 азаматтық белсенді енген.

Жалпы, 38 ауылдық округтің әкімін сайлау шілде айында өтеді десек, үш ауылдың әкімін сайлау қыркүйек, қазан, желтоқсан айларына жоспарланған.

Қазақстан COVID-19 ауруының таралуы бойынша «қызыл» аймаққа енгенін ескере отырып, вирусқа қарсы вакцинация мәселесі күн тәртібінде екендігі айтылды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің мәліметінше, вакциналарды сақтау үшін минус 18, 20 градус температуралық режимдегі 74 мұздатқыш, 52 термоконтейнер сатып алынған. Облыс халқының жалпы санының 80,4 пайызын (582 мың адам) вакцинациялаумен қамту жоспарлануда.

Қанат Бозымбаев КВИ-ға қарсы вакцина алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана қауіпті вирусты жеңе алатынымызды атап өтті.

 Ол ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын тиімді іске асырудың арқасында Жамбыл облысында экономиканың барлық салаларында оң динамика байқалатынын тілге тиек етті.

- Мемлекеттік бағдарламалар аясында үлкен қолдаулар көрсетілуде. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 29 жоба іске асырылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша жоба сәтті жүзеге асуда.

Кездесу барысында жамбылдықтар да өзекті мәселелерді көтере білді. Солардың бірі – суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл республикалық деңгейде сараланатын болады. Облыстағы үш су қоймасын салу жұмыстарын жеделдету қажет, - деді ҚР Президентінің көмекшісі.

Қанат Бозымбаев кеңеске қатысушылармен бірге алдағы сайлаудың маңызы мен ерекшеліктерін талқылады.

- Биыл халық санағы өтеді. Мемлекет Басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды көптеген сұрақтармен шамадан тыс жүктеуге жол берілмейтіндігін және цифрлық технологияларды қолдана отырып, санақ жүргізуді оңтайлы түрде өткізуді тапсырды. Бұл пандемия жағдайындағы шектеулерді ескерсек, маңызды екенін айтпасақ та түсінікті, - деді ол.

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында биофармацевтикалық зауытты іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да қысқаша айтып берді.