
Жамбыл облысына арнайы келген Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозумбаев пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлер палатасы алаңында Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті.
Кездесудің алғы сөзінде аймақ басшысы облыс экономикасының жай-күйі туралы қысқаша тоқталып өтті. Ол карантин салдарынан келген шығындарға қарамастан, кәсіпкерлер өз кәсіптерін дамытуды жалғастырып жатқанын баса айтты.
- Бүгінде Жамбыл облысында 700-ге жуық кәсіпорын бар. Шағын және орта бизнесте 130 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 700 миллиардқа жуық теңгенің өнімі шығарылды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша құны 75,8 миллиард теңгені құрайтын жоба мақұлданып, 51,3 миллиард теңгесі игерілді. Сонымен қатар, «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Шекаралас аймақ болғандықтан, коронавирустық инфекция бойынша төтенше жағдай жарияланған көршілес Қырғызстанмен қиындықтар туындауы мүмкін. Дегенмен, сауда қатынастары тоқтатылған жоқ, бекеттер арқылы өткізу ПТР-тестінің оң көрстекіші болған жағдайда ғана жүзеге асырылады, - деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Өзінің жұмыс сапарының мақсаты туралы айта келе, Қ.Бозымбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін келгенін атап өтті. Биыл болмаса да, келер жылы COVID-19 ауруы басылады. Қазір көптеген адамдар шектеу режимінде тіршілік кешуде. Қалыпты өмірге оралу үшін нақты жағдайды бағамдай білу керек. Банкротқа ұшырағандар болуы мүмкін. Ол кәсіпорындардың жұмысшылары қайда барады? Кәсіпорынды қайта жандандыруға бола ма? Жүйелі түре шешуді қажет ететін қандай мәселелер бар? Президент Көмекшісі олар туралы ашық айту керек деп есептейді.
Алғашқы болып сөз алған халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов бірнеше маңызды мәселелерді көтерді.
Жамбыл облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова туризмді дамыту жайына көңіл бөлді.
Сондай-ақ, «АрайСтройМаркет-2003» құрылыс компаниясының басшысы Арман Еділбаев өз ойын ортаға салды.
- Бүгін қозғалған мәселелердің әрқайсысы зерделенетін болады, - деп атап өтті кездесу соңында Қ.Бозымбаев.
Айта кетейік, кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов та қатысты.