АҚПАРАТ ПАРАҒЫ
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 18 маусымында Байзақ ауданында «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Семинар кеңеске аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары және Байзақ ауданы бойынша сайлау өткізілетін сайлау округтеріндегі учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинар-кеңесті Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов ашып, 2021 жылдың 04 маусымында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға түсініктеме беріп, алда келе жатқан саяси науқанның ерекшелігі мен маңыздылығына жан-жақты тоқталды.
Оқыту семинарында Байзақ аудандық сайлау комиссиясының мүшелері кеңеске қатысушылар алдында дәріс оқып, қойылған сұрақтарына толықтай жауаптарын берді.
Комиссия мүшелерінің оқыту бағдарламасынан алған білімдерін шыңдау мақсатында олармен тестілеу ұйымдастырылды, тапсырғандары тиісті сертификаттарын алды.
Жиын соңында Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов отырысты қорытындылап, АСК төрағаларына осындай оқыту-семинарларын каскадтық әдіспен өзге аудандарда да өткізуді тапсырды.