
Ағымдағы жылдың 13 қаңтарда кейбір республикалық БАҚ-да Жамбыл облысы Талас ауданының Майтөбе ауылы су астында қалды деген мағынада ақпарат жарияланды.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейміз.
Ағымдағы жылдың 12-ші қаңтарында сағат 18:00 шамасында Майтөбе ауылы маңындағы Қаратауда күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның салдарынан қар еріп, жердің тоңы әлі қатты болғандықтан, су тасыған болатын. Биіктігі 3-5 см шамасында болған.
Дерек белгілі болған сәттен бастап жергілікті атқарушы органдар мен аудандық Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен әрекеті арқасында су деңгейін төмендету бойынша жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде 13 қаңтар сағат 02:00-де су нөпірі тоқтап, арнайы аршылған арнамен Билікөлге құя бастады.
Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің әкімімен елдімекендегі аулалар түгел араланып, тексерілді. Анықталғандай, еріген қар суы ауылдағы 3 ауланың қорасына ғана кірген. Тұрғын үйлерге су кірмегені белгілі болды. Апаттан жараланғандар жоқ.