Ағымдағы жылы қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеген мұғалімдер көптеген мәселелерге тап болғаны жасырын емес. Оқушыларға да жаңашылдыққа бейімделуге тура келді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың білім беру саласы қызметкерлерімен кездесуінде бұл үдерістің біздің облыста қаншалықты сәтті өткендігі туралы сараланды.
Кездесу М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің технологиялық корпусында өтті. Оған бейнеконференц-байланыс режимінде барлық аудандардағы ауыл мектептерінің мұғалімдері де қатысты. Облыс әкімі биыл білім беру саласын дамытуға 185,8 миллиард теңге бөлінгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға көп екенін баса айтты.
- Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ауқымды қолдаулардың түпкі мақсаты – білім сапасын арттыру. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануымен мұғалімдер жаңа құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді, - деді Бердібек Сапарбаев.
22 білім беру нысанының құрылысына 10 миллиардтан астам теңге қаралды. 43 білім беру нысаны күрделі жөндеуден, 56 нысан ағымдағы жөндеуден өткен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауладағы дәретханалар мәселесі толығымен шешілді. Барлық мектептерде бейнебақылау камералары орнатылған.
Ол мектептердің басым бөлігінде дәстүрлі оқыту форматына көшуге барлық мүмкіндіктер бар деп санайды. Бірақ артық жұмысты мойнына алғысы келмейтін жауаптылар оған бас ауыртпайды.
- Айталық, 600 оқушыға арналған мектепте 150 бала оқиды. Неліктен дәстүрлі оқытуды ұйымдастырмасқа? Ал директор бұл жұмысқа келгенде селсоқ. Ол балалардың қалай білім алып жатқанына, кейін олар қандай маман болатынына мән бермейді. Бұл бір ғана мысал. Балалардың мектепке барып, мұғалімдермен бетпе-бет жүздесіп, қарым-қатынас орнатуы аса маңызды. Әсіресе, бұл түлектерге қатысты, - деді облыс әкімі.
Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова эпидемиологиялық ахуал жақсы шалғайдағы ауылдарда орналасқан 234 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Облыс бойынша 221 мектепте 4493 кезекші сынып ашылған.
Облыс әкімінің сұрағына жауап берген Гүлнәр Ходжабаргенова барлық балалар компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
- Бірінші кезекте оларға аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше қажеттілігі бар балалар, жетім және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар қол жеткізді,-деді басқарма басшысы.
Гүлнәр Ходжабергенова жамбылдық оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктерімен бөлісті. Оқу жылының басынан бастап 20 педагог республикалық конкурстардың жеңімпаздары атанса, халықаралық олимпиадаларда 935 оқушы, республикалық олимпиадаларда 23 оқушы жүлделі орындарға ие болған.
- 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің талантты жастарын анықтау және қолдау бойынша "Ел Үміті" бастамасын ұсынды. Осы бастама аясында "Мың бала" олимпиадасы өтті. Оның қорытындысы бойынша, 33 бесінші сынып оқушысы Елбасы академиясында онлайн режимінде оқуда десек, 55 алтыншы сынып оқушысы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды, - деді ол.
Бердібек Сапарбаев қашықтан оқыту барысында мұғалімдер тарапынан оқушылар тәрбиесіне тиісті көңіл бөлінбейтінін тілге тиек етті.
- Жақында ғана біздің мектеп оқушыларының төбелескендері туралы тағы бір ақпарат шықты. Директорлар ата-аналарымен жұмыс істемейді, оларды бір нәрсеге ақша жинау керек болғанда ғана іздейді,-деп ашуланды облыс әкімі.
Гүлнәр Ходжабергенова мектептер ата-аналар комитеттерімен тығыз байланыста болады деп сендірді.
Кездесуге қатысушылар қашықтан оқыту және білім беру саласын дамыту туралы өз ойларын ортаға салды. М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушысы Махметғали Сарыбеков, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов, ауылдық мектептер мен колледж директорлары да сөз алды. Спикерлер шетелдік университеттермен ынтымақтастық, инновациялық технологияларды енгізу, студенттердің практикалық дайындығы туралы әңгімеледі.
- Білім беру саласының қызметкерлері әрқашан күрделі сын-тегеуріндерге дайын болуға тиіс. Оқушылар қандай да бір қиындықтарға тап болмауы керек. Еліміздің болашағы Сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар. Басты міндет – барлық деңгейдегі білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету. Бұл мектепке дейінгі тәрбие, орта білім беруде, техникалық және кәсіптік білім беру және жоғары оқу орындарына да қатысты. Бұлардың бәрі өзара байланыста болуы керек.